№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ӘКЕСІ БӨЛЕК БАЛАЛАР

ӘКЕСІ БӨЛЕК БАЛАЛАР

Ақмәуе – әдемі келіншек.
Қазіргі түрінің өзі кез-келген еркекті есінен тандыра жаздайды. Ал, енді қыз кезін көргендерің бар ма, а? Көрмеген боларсыздар. Мен көргенмін. Сол бір жылдарда Ақмәуеге қызықпаған еркек кіндік болды ма екен біздің ауылда! Әй, болмаған шығар.
“Осы сұлу қыз кімнің бағына бұйырып тұр? Кім болса да, жұлдызы жанған аса бақытты еркек” деп ойлағандардың ішінде мен де бар едім.
Міне, содан бері де талай уақыт сырғып өте шықты.
***
Таяуда сол Ақмәуені үлкен қалада ойда-жоқта жолықтырдым. Бір көргеннен таныдым, әрине! Бірақ жетіп барып амандасуға сақтық жасап (мүмкін жанында күйеуі бар шығар), алыстан көз қиығын тастап тұрғанымда, өзі маған қарай жүрді. Сосын мен де ыңғайлана бастап ем:
– Тіпті танымаған кісі болып неменеге бедірейіп тұрсың сен! – деп күле сөйлеп жақындай келіп те қалды.
– Таныдым. Тек...
– Жарайды, енді ақталма! Білем. Түсінем.
– Қайдан келесің?
– Ауруханадан.
– Е, не боп қалды?
– Ортаншы ұлдың басы жарылып...
Көңілі босап, жылап жіберуге шақ қалды.
– Ойбай-ау, не болды? Авария ма? Жоқ әлде төбелес пе? – деп елпектеп жатырмын мен. – Әй, осы күні қалада бұзық балалар да көбейіп барады. Тіпті жеті атасынан бері тәрбие көрмегендей...
Менің сөзімді Ақмәуе өзі бөлді.
– Бұған қаланың тәртіпсіз балаларының еш қатысы жоқ.
– Сонда кім?
– Өз балаларым. Өзді-өзі төбелесіп...
– Ұлың нешеу?
– Үш ұлым бар.
– Олар неге төбелеседі? Әкесі бас-көз болмай ма?
– Әкелері жоқ.
– Ол қайда? – дедім де, дереу:
– Иә, түсінем! Болады ғой өмірде. Қамықпа, Ақмәуе, - деп жұбатқан болдым.
Көп уақыттан бері көрмеген ауылдас келіншек емес пе, көшеде көріп, көшеде қоштаса салу – ұят! Еркек деген атым бар.
– Мына жерде кішкене кафе болушы еді, сонда бас сұғып, бір-бір кесе шәй ішейік, – дедім.
Ақмәуе қарсы болмады.
Екеуміз кафеге қарай беттедік.
***
– Сен қандай сұлу қыз едің, – деймін оған жас күнін еске түсіріп. – Саған құмартпаған жігіт болмаған шығар-ау, ә!
– Ол күндер өтті ғой, – деді Ақмәуе. – Сұлу болу да – бақытсыздық!..
Денем дір-р ете қалды.
“Әлгі бір ақын... қалай дөп басып жазды екен осыны! Оқып едім ғой ана жолы...”
Ойымды Ақмәуе бөлді.
– Тұрмысқа шыққан жылы өте бақытты едім, – деді. – Алғашқы күйеуімнен бір ұл таптым. Ол – Әке, мен – Ана болдым. Одан өткен отбасылық қуаныш бар ма!
– О-о, күйеуің саған риза болмағанда кімге риза болмақ, – дедім мен. – Шекесі торсықтай ұл тауып берсең...
– Бірақ, – деді Ақмәуе. – Бала бізге қорған бола алмады. Күйеуім қызғаншақтау жігіт екен, көңілді отырыстардан кейін, үйге келген соң, міндетті түрде ұрыс-керіс шығарады.
– Сонда не дейді?
– Сен ана бір жігітке көз салдың деп...
– Ол жігіттің өзі келіп сүйкенсе ше?
– Соны дәлелдей алмай басым қатты. Ақыры ажырасуға тура келді. Ол өз бетімен кете барды. Мен ұлымды құшақтап қалып қойдым.
Осы жерге келгенде Ақмәуе күрсініп алып, үндемей отырып қалды.
Содан кейін барып, даусы дірілдеп қайта сөз жалғады.
– Арада екі жыл өткенде тағы бір жігіт жаныма үйірсектеді. “Сені сүйемін” деді. “Ұлым бар” десем, “ол өзіңе деген ынтық сезімімді суыта алмайды” деп үзіліп тұр. Сөзіне сеніп қалдым. Сөйтіп екінші рет тұрмысқа шықтым.
– Енді бақытты боларсыңдар, ә!
– Қайдан, – деді Ақмәуе. – Обалы не, бұл жігіттен де бір ұл таптым. Әуелде үпелектеп, әкелік мейірімі оянып, үйден шықпаушы еді, артынан мінез шығарды.
– Не дейді сонда?
– Бәрі де қызғаныштан. Қандай тойға барсақ та, маған еркек атаулы үйіріле кетеді. Осы жағдай жаңа күйеуіме аса ұнамады. Тіпті бір жолы маған себепсіз-ақ қол жұмсады. Сосын ашуға булығып “үйден кет” дедім. Ол үн-түнсіз шабаданын алды да, тайып тұрды.
– Енді сол екі ұлды өсіріп жатырсың ба?
– Екеуі де өсіп келеді. Үлкені он екіде, кішісі – тоғызда.
– Мейлі. Бәрібір бақытты анасың. Ұлдарың ертең-ақ...
Сөзімді Ақмәуе қайтадан бөліп, әңгімесін жалғастырды.
– Осылай өзіммен-өзім өмір сүре бергенім-ақ жақсы еді. Бір жолы кезекті бас қосу кешінде лыпылдаған Бұйрабас жігіт маған қайта-қайта қырындап қоймады.
– Екі балам бар, – деп әуелден-ақ үркітіп байқадым. Сонда да соңымнан қалар емес.
– Ашығын айтар болсам, осы күнге дейін ешбір әйел затына дәл бүгінгідей шын ғашық бола алмаппын, – деді ол. – Сені көрген сәттен ақыл-естен айрылдым. Өз еркім өзіме бағынбай барады.
– Ол өткінші сезім болар. Ертең-ақ суиды, – дедім.
– Жоқ! Бұл – жалын! Тіпті – өрт! Оны сөндіру енді еш мүмкін емес.
Өйтіп-бүйтіп, сөзіне ерік бермей, қоштасып кетіп қалып ем.
Бірақ Бұйрабас жігіт бәрібір мені аңдумен болды.
– Егер қарсы болмасаң, мен саған үйленуге әзірмін, – деді бір күні.
– Ойлануым керек.
– Көп ойланатын дәнеңе жоқ. Бүгін некеге тұралық.
Солайша, Бұйрабас жігіт менің әйелдік сезімімді оп-оңай билеп әкетті. Дегеніне көндірді. Ақыры некелестік.
– Қазір сол Бұйрабаспен тұрып жатырсың ба?
– Оның да әңгімесі бар, – деді Ақмәуе күрсініп алып. – Бұйрабастан бір ұл тапқам. Екеуміз екі жыл отастық. Алайда, мұның да аяғы ұрыс-керіспен аяқталды. Ол кетіп қалды.
Әңгімесін аяқтамастан аһ ұра, ауыр дем алды. Көкірегінен ащы өксік демі сезіліп тұрды.
***
Мен сол күні Ақмәуе туралы молынан біліп, сыртымнан сездірмесем де, ішімнен оны қатты аядым. Үш күйеуге шығып, үш ұл тауып, ақыр аяғында соқа басы сопайып, жалғыз қалыпты. Жо-жоқ, балалары өз жанында. Тек әкелері жоқ...
Ең үлкен сұмдық сосын басталыпты. Үш еркектен тапқан үш ұлдың мінезі, о, тоба, үш түрлі.
Екі күннің бірінде төбелесіп, шекісіп қала береді екен.
Қазақта “қаны бөлек” деген сөз болушы еді, сонда бұл балалар қанына тартқан соң сөйте ме, жоқ әлде...
Ұзақ ойға қалдым.
“Ау, әкелері бөлек болса да, Анасы ортақ. Бәрі де сол Ананың құрсағында тоғыз ай тербелді. Олай болса, неге мінездері әртүрлі? Неге бір-бірімен шекісуге бейім?... Неге жаттыққа жақындау?...»
***  
Бүгін Ақмәуені көшеде тағы да көріп қалдым. Ауруханаға асығып бара жатыр екен. Ортаншы ұлдың бас жарасы жазылыпты. Төбелесті бастаған – сол ортаншы ұл. Ақыры ағасынан таяқ жепті.
– Енді, – дейді Ақмәуе. – Ана екеуі күш біріктіріп алыпты, ортаншы ұлды тәртіпке шақырамыз деп білек сыбанып отыр.
– Тағы да төбелесіп қалмай ма екен?
– Соны түсіндіре алмай әлекпін. Аға-інісіңдер деймін. Бауырсыңдар деймін. Сөйтсем, ондай сөзге көнер емес...
***
Жұмысыма ақырын аяңдап кетіп бара жатырмын. Ойымнан Ақмәуенің әлгіндегі мұңая айтқан сөздері шығар емес.
“Ол қандай сұлу еді, ә! Ауылдың бар бозбалалары Ақмәуеге өлердей ғашық болмап па, еді! Ой, заман-ай! Ой, жастық-ай!..”
Адымдай түсіп, тағы да ой жетегіне ердім.
“Ал, мен ше! Ақмәуені теріс көрдім бе? Рас, іштей ғашық болғам! Бірақ мені менсіне қоя ма деген күдік сезімі басым еді. Егер сол кезде “саған шын ғашықпын” деп ұмтылғанымда...”
Ойымды кілт үздім.
Арғы жағын ойлағым да келмеді.
Кенет... есіме ана жолы оқыған қазақ ақынының өлең шумағы орала кеткені. Қалай еді? Ә, былай:
– Ол кезде іштей булығып,
Себебін, сірә, жүре ұқтық!
Әйелдің соры – сұлулық,
Биенің соры – жүйріктік!..
Іштей тебірене оқыдым. Ішімнен ғана айттым. Тіпті ішкі үнімді біреу естіп қала ма дегендей, жан-жағыма қарағыштай беріппін...
P.S. Бәрі де түсінікті емес пе! Не айтатыны бар!..
Жолтай ӘЛМАШҰЛЫ,
 ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы.
28 шілде 2018 ж. 1 279 0