№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қанға сіңген қасиет

Қанға сіңген қасиет


Жуырда қолөнершілердің көрмесінен таңқаларлық дүниені көзім шалды. Көздері жанған, қауырсыны үрпиген, тырнақтары сояудай сары-тарғыл үкі айбат шегіп, маған тік қарап тұрғандай болды. Бір өзі бір құлаш жерді алып тұрған құс шабуылдар болса жемтігіне айналармын-ау деген ой келгені де рас. Сұстиған түрімді көрген құсбегі Ердәулет Қайым «Бұл мумияланған үкі, еш қорықпасаңыз болады» деді. Шынайы бейнесін сақтаған мүсінге ұзақ зер салып, ұстамен сұхбаттасқан едім.
– Мумиялауды қалай үйрендіңіз?
– Бұл өнерді бала кезімнен бойға сіңіргенмін. Әкем қолы алтын ұста еді. Оның шағын ұстаханасы күні-түні тынымсыз жұмыс істеп тұратын. Қол бос уақытта көмектесіп жүріп, әрнәрсенің жасалу жолын үйрендім. Осылайша қызығушылығым артып, әке жолын қудым.
– «Жақсы әке баласына қырық жыл азық» деген. Сіз әкеңіздің үмітін ақтадыңыз ба?
– Әкем Исабектің ризашылығына бөленіп, тәрбиесін алған жанмын. Мені нағыз ұл етіп өсірді. Темір иемін, қақпа (дарбаза) мен арбалар жасаймын. Ағаштан үй жиһаздары мен егар, ат әбзелдерін қашау қолдан келеді. Осы өнердің арқасында күнімді көріп отырған жайым бар. Осының бәрі әкемнің берген өнегесі деп білемін!
– Үкіден өзге құстарды қатыра аласыз ба?
– Құстың барлық түрін қатырамын. Оның ішінде қырғауыл, бүркіт, павлиндерді жиі жасап жүрмін. Құстардан өзге аңдарды да қатыруға көп сұраныс бар. Қасқыр, түлкі және таутеке т.б секілді аңдардың мүсінін 100 пайыз «тірі кейіпін» сақтаймын.
– Мүсініңіз ойдағыдай болмай, көңіліңіздегідей шықпай қалған кезі болған шығар?
– Иә, дұрыс айтасың. Бірден тәжіребием толысып, осы дәрежеге жете қоймадым. Әкемнен алған әдісті жаңғыртып, жаңашыл бағытта жасап жүрмін. Жалпы, 22 жылдық тәжірибенің арқасында түрлі қиындықтың күрмеуін шештім. Алғашқы жасаған дүниенің көбі сәтті шықпайтын еді. Бірде терісі тесіліп, бірде жиырылып, қалпын келтіре алмадым.
– Жасау технологиясын құпия сақтайтын көрінесіз?
– Шынын айтсам, түк те құпиясы жоқ. Қазір мен сізге жасалу жолын айтқаныммен дәл мен секілді жасай алмайсыз. Демек, бұл іске ептілік пен ынта керек. Бірінші аңның терісін сыпырып аласыз. Екінші терісін тазалап алып, дәрілейсіз. Үшінші мақтамен толтырып, мүсінді мұқият қатырасыз. Айтқанға оңай болғанымен, жасау өте қиын! Кез-келген жан игеріп кете алмайды.
– Сұраныспен жасаймын дедіңіз. Көбіне сізге қандай адамдар келеді?
– Қазір маған көбіне фотосалондар мен тойхана иелерінен ұсыныс түседі. Суретшілер суретке түсетін сувенир бұйымы ретінде пайдаланса, тойхана иелері қабырғаға бекітілетіндей етіп тұғырға орнатуымды ескертеді. Сондай-ақ, қалталы азаматтар мен бизнесмендер саяжайлары мен жеке үйлеріне сән ретінде қоюға ұсыныс беріп жатады.
– Сіздің жасаған бұйымыңызға кепілдік бар ма? Жалпы, қалай күту керек?
– Мен тек жасап беріп, құтылуға асықпаймын! Оны қалай күтіп баптау керектігі жөнінде кеңес беремін. Терінің қасиетіне байланысты өз күту ережесі болады. Алайда, бұл кеңесімді көбі құлақ аспауы салдарынан бұйымның күйе жеп, бұзылуына алып келетін жағдайлар да бар.
– Бұзылған бұйымды қайта жөндеу мүмкін бе?
– Қайта қалпына келтіруге болады. Бұйым 30 пайыз қалпын жоғалтса жөндеп беремін. Одан көп мөлшер болса жасау тиімсіз!
– Аң-құспен жұмысыңыз байланысты екені даусыз. Саятшылық жасайтын шығарсыз?
– Біздің ауыл табиғаты ерекше ғой! Төменарықтың төменгі жағы тоғай болғандықтан торғай, қаз бен қоян аулауға жас кезімде жиі шығушы едім. Қазір саятшылықтан қол үзсем де, табиғат аясына жиі шығып тұрамын. Жалпы, табиғатпен тыныстағанды жаным қалайды.
– Қазір қасқыр атып жүрген жоқсыз ба?
– Жоқ. Оған күш-қуат керек қой! Берен мылтық пен мығым дене және күйлі ат болса саятшылықтың сәні емес пе?!
– Шығырмашылық жандардың махаббаты тұрақты бола бермейді. Сіз жарыңызға адалсыз ба?
– Сұлулыққа әркім құмар-ақ! Құдай қосқан жарым Күлайханмен бір шаңырақ астында бес баланы тәрбиелеп өсірдік. Аллаға тәубе, қара мысық алдымызды кесе алмады.
– Әке жолын қудым дедіңіз! Ата ізін жалғар ұлдарыңыз бар ма?
– Жалпы төрт ұлым, бір қызым бар. Ұлдарымның ішінде Жасұланның икемі бар. Қолынан менің істеген жұмысым келеді. Осы балам түбі ата жолын ұстайды деп сенемін.
– Туған ұлыңыздан өзге осы кәсіпке қызығушылық танытатын жастар бар ма?
– Иә, баршылық. Жалғас Қасым деген жас жігіт менен біраз үйреніп, қазір өзі жеке тапсырыспен жұмыс жасап жүр. Ол қырағы құсшы. Құстардың түрлі қасиетін жітік біледі. Сонысымен де шоқтығы биік деуге болады. Соңғы уақытта ағайынды Бекзат пен Рүстем Мелденовтер де шәкіртім болып қыр-сырын меңгеруге тырысуда. Олар да көп ұзамай жеке жұмыс жасайды деп ойлаймын.
– Сізді жолдастарыңыз «Біздің Ердәулет – әзілкеш. Әңгіменің майын тамызып айтады» дейді. Әзіл әлемінде шекара бола ма?
– Бір көрген жұрт мені момын әрі томаға тұйық деп ойлайды. Алайда достарымның арасында көңіл көтерерлік қалжын айтып, күлдіріп жүремін. Шекарадан әрі асып та кететін кез болады. Көбіне өзім саятшылыққа жақын болған соң аң-құсқа байланыстырып, әзіл-оспақты ойдан құрайтыным да бар. (миығымен күліп қойды)
– Есіңізден әлі күнге дейін кетпейтіндей сәтті шыққан бұйымыз болды ма?
– Алты жасар бүркітті қатырған кезім есімде. Мұзбалақ саятшылық кезінде мертігіп қалып, иесі маған алып келген еді. Қыран құс кезінде бір ауылды қоян етімен асырады. Ауыл үлкендері оның қырағылығына тәнті болатын. Мен де оны жақсы көруші едім. Оның бейнесін мәңгіге сақтау үшін бар ынтамды сарп еттім. Бәлкім, құсқа деген құрметім болар жасаған дүние мен ойлағаннан да сәтті шықты. Бұл менің ең керемет жасаған ісім екені даусыз.
– Сіздің жасаған бұйымдарыңызды халық көбіне кәде сый ретінде алып жатады. Өзіңіз де сый сияпатқа бұйымдарыңызды беріп тұрасыз ба?
– Ағайындарым үйге келгенде өздері қалап алып кетіп жатады. Қолым ашықтығы болар, сұраған жұртқа мәрттігім ұстап кетеді.
– Осындай іскер бола тұра қарапайым қызметші болып жүргеніңіз қалай?
– Бұйырған істің еш сөгеттігі жоқ. №255 орта мектептің қызметшісі болып істеп жүргенім рас. Жалпы осы білім ордасында 7 жыл бейнелеу өнерінен ұстаздық еткенмін. Қазір 22 жылдық еңбек өтілім бар. Қрапайым қызметші болып қалдым деп еш өкінбеймін.
– Алға қойған межеңіз бар ма?
– Әкемнің шағын ұстаханасының орнына іргетасын қалап, шеберхана ашқым келеді. Үкіметтен жәрдем болса, керек станоктар алсам жастарға кәсіптің жолын сілтеуге мол мүмкіндік болар еді.
– Ниетіңізге жете беріңіз!

Мақпал МАРҚАБАЙҚЫЗЫ.

17 қаңтар 2018 ж. 1 611 0