№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЗЕКЕТІН АРАҚ ІШЕТІН ҚАЙЫРШЫҒА БЕРГЕН ЖІГІТ

ЗЕКЕТІН АРАҚ ІШЕТІН ҚАЙЫРШЫҒА БЕРГЕН ЖІГІТ


Тақуа кісілердің бірі Әбу Аббас Нихауандиға саудамен айналысатын бір шәкірті келіп, зекетін кімге берсе дұрыс болатынын сұрады. Әбу Аббас оған: «Көңілің кімге тартса, соған берерсің» – деді.
Керекті жауабын алып, ұстазына рақмет айтқан шәкіртке жол-жөнекей қайыр сұрап тұрған бір соқыр кісі жолықты. Көңілі сол кісіге тартқанын байқап, зекетін ойланбастан әлгінің қолына ұстатты. Кесе толы алтынды алған қайыршы қуана-қуана үйіне қайтты.
Ертесі күні шәкірт әлгі жерден өтіп бара жатып, кешегі қайыршының басқа бір қайыршымен сөйлесіп тұрғанын көрді. Тіпті «Кеше маған біреу бір кесе алтын берді. Араққа сылқия тойып жүргенім содан» дегені де еріксіз құлағына шалынды.
Бұны естіп көңілі жабырқаған шәкірт бұның мәнісін ұстазынан білмек болды. Оқиғаны енді айтпақшы болып оқталғаны сол екен, ұстазы оған мүмкіндік бермеді. Сатқан тақиясының азын-аулақ ақшасын шәкіртіне ұстатып: – Мынаны ал да, бірінші болып кездескен кісіге бер, – деді.
Шәкірті ләм-мим деместен, орнынан тұрды. Сөйтті де ұстазының тапсырғанындай өзіне жолшыбай алғаш кездескен кісіге қолындағы ақшаны ұстатты. Бірақ бұл ақшаны қайтер екен деген жеңсік оймен әлгі қайыршыны аңдып көргісі келді.
Қайыршы қаланың шетіне шығып, қараусыз қалған бір тамға барды. Іле жиіркенген кейіппен қойнынан өлген кекілікті шығарып тастай салды. Енді кете бергенінде, шәкірт алдынан шығып: – Әй, жігітім, Құдай үшін айтшы, бұл ісіңнің мәнісі не? Мынау неғылған өлген кекілік? – деп сұрады.
Қайыршы байғұс өзіне әлгінде ғана ақша ұстатқан кісіні қарсы алдынан көргенде, әуелгіде сасып қалды. Іле байсалды кейіппен былай деді:
«Шынымды айтсам, бала-шағама тіске басар ештеңе таппағаныма міне бір апта болды. Әйелім екеуміз қанша сабыр етсек те, балаларымызды аштық қуырып бара жатқаны жанымызға қатты батты. Сонда да елге алақан жайып, көшеге шығуға дәтім жібермеді. Қатты қиналған бір кезімде жаңа өзің көрген кекіліктің өлексесі кезікті. Мәжбүр болғандықтан, соны апарып, бала-шағама жегізбек едім. Бірақ іштей: «Уа, Жаратқан ием! Өзің көмектесші?» - деп жалбарынып тұрғанымда, сен келіп қолыма ақша ұстаттың. Мен қуанғанымнан Раббыма шүкір етіп, мына қатты иістенген өлексені аулаққа апарып тастағым келді. Енді базарға барып, сен берген ақшаға тіске басар азық алмақшымын».
Бұны естіп таңғалған шәкірт дереу тағы ұстазына барды. Мән-жайды енді айтпақ еді, ұстазы өзі-ақ сөз бастап, бұл істің мәнісін былай деп түсіндірді:
«Балам, демек сен табысыңа харам нәрсенің араласып-араласпағанына мән бермегенсің. Осы себепті қанша қадағаласаң да, берген зекетің шарапқа жұмсалды. Өйткені, табысты қандай жолмен, қалай тапсаң, солай жұмсалады. Ал сенің бір кесе алтыныңа қарағанда, менің азын-аулақ тиын-тебенімнің дұрыс адамның қажетіне жұмсалуы ол ақшаны таза жолмен тапқандығымда, яғни халалдығында».
Гаухар.
17 қаңтар 2018 ж. 3 498 0