№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қожакенттегі қуаныш

Қожакенттегі қуаныш

Айналаңа қуаныш сыйлау үлкен бақыт. Имандылыққа бет бұрып, жақсылықтың жаршысы болуға ниетті жандардың қарасы көбейіп жатқаны жаныңды жадыратады. Сауықшыл салттан арылып, сауапты іске ұмтылған жастардың қарекеті көпті сүйсіндірдірген еді.
Құт қонған Қожакент ауылында ағайындар арасында ауызбіршілік пен ынтымақ ежелден ұя салғандай. Мұны ауылдас-ағайындардың жарасымды тіршілігінен аңғару қиын емес. Даңғазалықтан арылып, дәстүрлі бастамаларымен ерекшеленгенін байқайсыз. Ауылдың абыройы мен ағайыншылдығын байқатқан №168 орта мектептің 2001 жылғы түлектері, яғни 1984 жылғы жастар сауапты іске ұйытқы болды. Олар соңғы қоңырау мерекесі қарсаңында ауылындағы баспана тауқыметін тартып жүрген бір отбасын қуантуды ниет етіп, ауыл имамы Кенжебек Асановпен ақылдасып, көптің мақұлдауымен Бақтыгүл Бакироваға тұрғын үй табыстауды жөн көрді.
Үш баланың анасы үшін күтпеген тосын қуанышқа көпшілік ризашылығын білдірді.
– Ауылдан алыс кетсе де, атамекенін аңсап, ауылдастарының жағдайына қарайласып жүрген ақ жүрек азаматтар бары қуантады. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, сыныптастарын сауапты іске үгіттеп жүрген жастарға халық атынан алғысымды айтамын, – деді ауыл әкімі Әсілбек Айтжанов тебірене сөз бастап.
Игі шараға ауданның бас имамы Әбдіхалық қажы Махмұтұлы қатысып, қожакенттік қамқор жандардың сауапты ісін дәріптеп, жақсылық жасаудың сауабын насихаттады. Ауыл ақсақалдары Нақышпанов Өтеген пен Әсенов Тұрғанбек ауыл жастарына ақ батасын берді.
Пандемия уағында улатып-шулатып той-тойламай қарапайым, баспанаға шын мұқтаж отбасының шаңырағына шаттық сыйлаған 20 жылдық түлектердің белсендісі Дархан Мұстафаев:
– “Көп түкірсе – көл” деген тәмсілдің терең мәнін ұқтық. Кіндік қанымыз тамған қасиетті қарашаңырағымызға кішкене болса да жақсылық жасауды сынып болып қолдадық. Бір сөзде тұрып, қолдағы барын аямаған құрдастарыма ризамын, – деді.
Ізгі бастамаға ұлы да, тұрмысқа шыққан қызы да белсенді атсалысқаны қуантты. Бүгінде бәрі бір-бір саланың тізгінін ұстап, ел игілігі жолында қызмет етіп жүр. Үй таңдау, қаржы жинау секілді маңызды жұмыстардың басы-қасында жүрген Бағдат Райханов, Талғат Жүнісов және Бұрхан Әбсаттаров ойға алған істің орамы табылғанына дән риза.
ТҮЙІН. Шағын ауылдың атын алты алашқа әйгілі еткен оқиғадан алар өнеге көп-ақ. Бастысы осы үрдіс аяқсыз қалмай, дәстүрлі шараға айналса игі. “Жастарыңды көрсет, болашағыңды айтайын” демекші, жастардың бойынан осындай имандылықтың ізгі жолын көргенімізге, халықтың рухани құндылығы арта бастағанына шүкіршілік етеміз.

Мақпал ПАТЕНОВА
08 маусым 2021 ж. 592 0