Тұрекеңнің сауапты ісі
Жақында Алматы қаласында бір сауапты істің куәсі болдым. Жерлесіміз Тұрсынхан Әбдіғаппарұлының ұйытқы болуымен мегаполистің Райымбек аулында бой көтерген «Айкен Ана» мешітінің ашылды.
Салтанат барысында Алматы облысының өкіл-имамы Қуаныш қажы Наржанов, Райымбек ауылдық округі әкімі Елжан Төленбаев, Райымбек ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Леміс Әбдікерімов және жаңадан ашылған мешіттің имамы Құндызбек қажы Медетбеков жамағатты құттықтады.
– Халқымыз жабыққанға демеу, тарыққанға тіреу болған, ізгілік пен мейірімділікті азаматтық парызы санаған. Әсіресе қайырымдылық істерге маңыз беріп, сауапты істерге асыққан. Көпір салу, ағаш егу сауабы мол қайырлы істер. Ал, мешіт салу сынды сауапты іске Сыр өңірінен Алматыға қоныс аударған Тұрсынхан Әбдіғаппарұлы ұйытқы болды. Алла разы болсын! Бұл мешіт жастарымызды имандылыққа тәрбиелейтін құтты орын болады деп сенемін, – деп сөзін қорытты.
– Осыдан екі жыл бұрын біртоп ауылдастарым ауылда осы уақытқа дейін имандылық үйі жоқтығына байланысты Алматы-Тараз күрежолы бойындағы екіүйлік жер телімімде мешіт салуға рұхсат беруімді өтінді. Қазіргі таңда отырған үйім бар. Көпшілік тілегін жерге қалдырмайын деп шештім. Өйткені осы жерге өзім де мешіт салсам деп жүруші едім, тек қаражатымды жинастырып бітіре алмай жүргенмін. Сонымен мешіт құрылысын 2019 жылдың ерте көктемінде бастадық. Ауыл халқына рахмет, мешіт құрылысының тоқтап қалмауы үшін қайырылымдылық жасап қаржылай қолдау көрсетті, – деді елді мекен әкімі Елжан Төленбаев.
Игілікті істі көпшілік қолдағанда өнімді тірлікке айналады. Алла үйінің бой көтеруіне Раушан Боранқұлова, Марат Нұрпейісов, Талғат Оңлас, Бұхарбай Дәулетияров, Ерғани Өзденбаев, Есенкелді Әбуов, Әбілбашар Ильяс сынды қайырымды азаматтар қолұшын берді.
Салтанатты жиын барысында аталған азаматтар «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігінің «Ел ардақтысы», «Ұлт мақтанышы» төсбелгісімен және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Ерубай ҚАЛДЫБЕК