№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ары таза азамат еді

Ары таза азамат еді

«Асты бойға сіңгеннен кейін, әйелді жастығы өткен соң, батырды шайқастан оралған соң, астықты жинап алғаннан кейін мақта» деген бабалар даналығы бар ғой. Сол айтылғандай, Батырбек Есхожаұлының өмір өнегесі, еткен еңбегі мен жүріп өткен жолы өсиет етіп, мақтан етуге тұрарлық азамат еді. Өзінің турашылдығы мен азаматтық қасиеті, болмыс-бітімі бөлектеу болды. Осындай тұлғаларды танып, тектілігін көрсетуді парыз санайтын халық емес пе едік?


Батырбек Искаков 1950 жылы өмірге келген, қазақтың Қызыл ту орденді ауылшаруашылығы институтын бітіріп, ғалым-зоотехник мамандығын алған. Еңбек жолын Талап кеңшарында ферма зоотехнигі болып бастайды. Одан кейін Түркістан кеңшарында бас зоотехник, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас зоотехник, халық депутаттары аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, көп салалы коммуналдық шаруашылығы кәсіпорын директоры болды. Аудан әкімі аппаратының бас маманы, ұйымдастыру-бақылау және кадр бөлімінің меңгерушісі, аудан әкімі аппаратында төтенше жағдайлар жөніндегі бас инспектор, аудан әкімінің орынбасары, ауылшаруашылығы басқармасының басшысы қызметін абыройлы атқарды.
Шаруашылығы тұралаған Келінтөбе мен Төменарық кеңшарында совхоз директоры болып, оларды озат шаруашылықтар қатарына қосу үшін тер төкті. Батекең қай қызметте болмасын аудан тіршілігімен біте қайнасып, халықтың қамын жеп, уақыт жүгін мойымай көтере білді. Ол нағыз істің адамы, қызметте ысылған, арына дақ түсірмеген азамат болды.
1994 жылы аудан әкімінің ауылшаруашылығы жөніндегі орынбасары, аудандық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы қызметінде болды. Сол жылы ауданға әкім болып М.Исмайлов келді. Кеңес үкіметі тараудың сәл-ақ алдында 15 кеңшардың тұрмыс-тіршілігі төмендеп, жанар-жағар май, тыңайтқыш тракторлары мен комбайндардың қосалқы бөлшектері тапшы кезең еді. Табылған жағдайда орнына мал басын айырбасқа қойды. Егін шаруасы ширағанымен, маңдай термен егілген астықты жинап алу тіпті қиындай түсті.
Сол кезде Талап совхозының директоры Қ.Басқожаев Шымкент мұнай-өңдеу зауытымен келісім-шартқа отырып, 1 вагон дизель отынын алмақшы болды. Алайда қағаз толтырушы қыз жаңылысып, 10 вагон деп жазып жібереді. Көп өтпей Бесарық бекетіне он вагон дизель келді. Көктен сұраған жерден табылып, егінші қауыммен қоса Батекең де балаша қуанды. «Қай кезде болсын жерге еткен еңбек жерде қалмайды, елдің ырзық-несібесі болады. Аудан бойынша 1000 гектарға жуық күздік бидай уақытылы жиналды» деп ризашылығын білдіріп, тығырықтан осылай жол тауып кеткен кез болды.
Сол жылы аудан мал шаруашылығы жөнінен облыс көлемінде 1 орынға шығып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Әр аналықтан 120 қозы алынып, республиканың ауыспалы туына ие болды.
Батекең жұмыста қарапайымдылығы басым, бірақ қарамағындағыларға қатаң талап қоя білетін. Кемшілігіңді айтып, ұрысқанда артында зілі болмайтын. Тіл байлығы мол, баяндамаларды өз жазатын, іс-қағаздарға мұқият қарап, жоғары органдарға жауап беруді қадағалап отырады. Көбіне қызмет барысында тұрмысы төмен отбасыларға жәрдемші болып, үнемі олардың мұң-мұқтажын тыңдап отырады.
Заманында бір хан уәзіріне: «Адамның бағасы немен өлшенеді?» – деп сұраса, уәзірі: «Адамның бағасы қадыр-қасиетімен өлшенеді» – деп қысқа қайырыпты. Ол нендей қасиет деген сауалға: «Тірісінде келте тонының жағасы болмаса да, сөзінің бағасы болып, өлгенде іздейтіні табылса – онда сол жанның қадірі болғаны. Ал жоқтығына жасымай, тоқтығына тасымай, күні түскенге қол үшін беріп, құрметтеп шақырғанда келсе – ол адамның бойындағы қасиеті» – деген екен. Осы қадір-қасиет біздің Батекеңнің бір бойынан табылады.
Осындай арда азаматтан мәңгілікке айырылып, қабырғамыз қайысты. Еңбегі еленіп, құрмет биігінен де көрінді, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісі мен алғыстары аз емес. Құдай қосқан қосағы Қаныгүл Биманқызы екеуі 5 ұл-қыз тәрбиеледі. Қазір олар елге қызмет етіп, бір-бір саланың жүгін көтеріп жүр.
Міне, Батырбек Есжанұлының еңбек жолы, өнегелі істері, қысқаша осылай түйінделді. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, адам еңбегінің жемісін халқы бағалайды.

Бағдат СӘРСЕНБАЕВ
08 наурыз 2021 ж. 490 0