№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Хирургтың хикаясы

Хирургтың хикаясы


Қоғамдық көлікте келемін. Көлікте жұмысқа асыққан адам қарасы көп. Ішінде қызу әңгіме өрбуде. Алдымда отырған екі азамат жаңа жыл қарсаңында «Жыл дәрігері» атанған Ғалым Есетовтың кәсіби маман екенін әңгімеге арқау етіп келеді. Иә, дәрігердің адами болмысы туралы әңгіме назарымды бұрды.


Жасұлан Бекайдарұлы әлқиссаны әріден бастады. Яғни осыдан 20 жыл бұрынғы оқиғаны есіне алып:
– Үлкендердің айтуынша, мен үш айлық нәресте кезімде бір өліп-тірілгенмін. Менің тынысымды ашқан Ғалым Есетов екен, – деді.
Журналист болғандықтан біз үшін кез-келген тақырып қызық қой. Қос азаматтың әңгімесіне еніп, болған оқиғаларды өзімше елестетіп келемін.
Әңгімесінен ұққаным, елде іш ауруы өршіп тұрған шақта жасына толмаған нәрестелер ауруханаға көптеп түседі. Солардың арасында ауруы асқынған емізулі бүлдіршіннің жағдайы тым ауырлап, жансақтау бөлімінен бір-ақ шығады. Терісі қуарып, өңі бозарған баланың жүзінен сескенген дәрігерлер үміттің аз екенін айтыпты. Тіпті, ине саларға тамыры қашып, уақытылы дәрі егу мүмкін болмай, сағат сайын жағдайы төмендей беріпті. Осы сәтте ауруханаға енді орналасқан Ғалым Есетов жасөспірімнің ауыр жағдайына қанығады. Көз алдында кіп-кішкентай балақанның шарасыздығына жаны ашып, «Жаратқан шипа бере гөр» деп тілеп, талдырмаш нәрестенің тамырын іздеп, екпесін салады. Құдіреті күшті иеміз дұғасын қабыл етіп, арада үш күннің ішінде реңі оңалып, беті бері қарайды. Дәрігерлерді тік тұрғызған сол бөбек бүгінде атпалдай азамат болып: «Әуелі Алла, сонан соң Ғалым Байзақұлының арқасында аяқ басып жүрмін!», – деп дәрігердің еңбегін дәріптеп жүреді.
Әңгіменің іліп әкеткен Берік Отарбек: «Хирургты көбіміз салқынқанды деп ойлаймыз, біздің Ғалым әр шешімді шығарарда жан-жақты зерделейді, мың рет өлшеп, бір рет шешімге келетін маман, – деп хирургтың қиын сәтте дұрыс шешім шығарғанына өмір бойы риза екенін жеткізді.
Аң ізіне түскен жанның қызығы басылар ма? Қыр басынан көрінген түлкіні нысанаға алған аңшы оқпанынан оқ боратамын деп, иықтан төмен ауыр жарақат алып, қаны тоқтамай шұғыл отаға түседі. Қолы әбден жансызданған жанның қолын кесуге кеңес берген дәрігерлермен келіспей, қолын аман қалдыруды құп көреді. Ұзақ емнен кейін әлгі мергеннің жағдайы жақсарып, қолы қозғала бастайды.
«Сол кезде басшымыздың нұсқауы деп қолымды кесе салса бүгінде күнім не болар еді-ау?!», – дейді Берік сұрмерген.
Ер азаматардың әңгімесіне тұз­дық қосқан көп балалы Ақжамал Құдайбергенова да хирург жайында хикаясын айтты. Жас келін болып түскен жылдары бала сүйе алмай көп емделеді. Бір күні дәрігерлер «миома» диагнозын қойып, ота жасатуға жолдама беріп, Ғалым Есетовке келеді. Сонда хирург: «Өзіңіз әлі бала сүймеген жас екенсіз. Отадан соң бала көтермеу қаупі жоғарылауы мүмкін. Миомадан отасыз құтылудың бір ғана жолы бала көтеру, – деп кеңес айтып қайтарыпты.
Сөйткен Ақжамал бала көтеріп, босанған соң миомасы да жазылып, індеттен құлан таза айығып, ұрпақ өрбітіп, көп балалы ана атаныпты.
Хош. Хирургтың ел аузында айтылып жүрген хикаясын тізе берсек, бір кітапқа арқау боларлық дүние шығады. Оның өмірдерегіне көз жүгіртсек, Ақтөбе мемлекеттік университетінің «емдеу ісі» мамандығын бітірген соң, Қызылорда облыстық ауруханасында хирург болып еңбекке араласады. Сонан соң Қапшағайдағы ауруханада мол тәжірибе жинап, Жаңақорған аудандық ауруханаға хирург-дәрігер болып қызметке келеді. Елге елеулі шипагер Сұлтанбек Әлқожаевтан, Зұлқарнай Ысқақовтан, Зұлпықар Оразбековтен тәжірибе алмасып, тәлім алады. Ауданның денсаулық сақтау саласына 35 жыл ерен еңбегін арнады. Жары Балжан Есетовамен жарасымды отбасын құрып, екі ұл мен бір қызды тәрбиелеген өнегелі отбасы.
Табиғи таза көңілі, жұмысына деген жауапкершілігі мен ізденімпаздығы оның халық алдында беделін асқақталып, абыройын асырды. Жаңақорған аудандық ауруханасы хирургия саласында 35 жыл еңбек өтілі бар арлы азаматтың тәлім-тәжірибесін көріп, ағалық қамқорлығын көрген жас маман Құрманбек Шәкенов, Сардар Қайнайбеков, Нұрхан Асханов, Асылбек Мырзаханов, Бауыржан Әбдусаметовтің есімдері де халыққа таныс.
– Хирургиялық емдеу ісінде біліктілік, салмақтылық, жүректілік, ақылдылық керек-ақ. Жас маман болып келген сәтімде әр ісімді қолдап, ақыл-кеңесін аямай, рухани қолдау берген Ғалым Байзақұлының өнегесіне алғыс айтамыз. Жас маман ретінде емес, серіктес ретінде пікір алмасатын қасиетін құрметтеймін. Әрі маман ретінде қалыптасуыма көп қолдауын көрдім, – деді хирург Құрманбек Шәкенов.
Түрлі аурумен шағымданып, кеңес сұрай келген тұрғындардың бәрін жылы жүзбен қарсы алып, маман ретінде кеңесін айтып, жол көрсетуден жаңылмаған жанның болмысы көпке үлгі.
– Күрделі аурумен ауырған науқастарға көбіне психологиялық көмек қажет. «Әлі-ақ, шауып кетесіз», «Бұл күндеріңіз де артта қалады» деп демеудің өзі үміт сыйлайды. Ертеңгі күнінен үміт үзбеген жанның қандай ауыртпалықты болсын жеңері даусыз –дейді ел ардақтаған дәрігер.
Міне, «Жыл дәрігері» өз адамын тапқанын білдік. Жұрттың ілтипатынан қымбат ешнәрсе жоқ.

Мақпал МАРҚАБАЙ
13 қаңтар 2021 ж. 565 0