№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » "Қызылдар қырғыны"

"Қызылдар қырғыны"


Уақыт жаңарған сайын тарихтың тұманды тұсы ашылып, күмәнді сырлар белгілі бола бастайды екен. Қаламгер Дүкенбай Досжанның «Қызылдар қырғыны» кітабынан соң, қазақ әдебиеті жаңа сарынның ізімен тоталитарлық жүйенің шынайы бет-бейнесін бейнелейтін әңгімелерді жариялай бастады. Біз де жазушының ізімен өз өлкеміздегі қызылдардың қасақана жасаған жауыздық әрекеттерін, жерлестердің ашаршылық жылдарындағы тіршілігін баяндайтын естеліктермен бөліскенді құп көрдік.


ИСАТАЙДЫҢ ИГІ ІСІ
Көз алдында туған бауырлас, ағайын­дас, ауылдас тағдыры қыл үстінде тұрғанда сынаптай сырғып, өзінің күйін күйттеп кеткендер қамшама. Бай болғандар да халық үшін соқыр тиынын шығармайтын заманда Исатай Топышев шыңыраудан халықты шығарудың әрекетін ойлап, жасырын жұмыс жасауына тура келген.
Өзі басқарған Кеңес ауылындағы ағайын­дардың аш қалмай, қиын-қыстау уақытта аман қалуы үшін тәуекелге бел байлап, «жасырын қамба» ұстаған. Мұны Қалаш Басқожаевтың естеліктерінен де, Асан Дүйсебаевтың жазбаларынан да кездестіруге болады. Тың жерді игерудің тиімді тәсілін игеріп, мол егін өнімін жинаған басшы қосымша қамба ұстап, соның есебінен бір ауылдың аман қалуына күш салған. Отбасы мүшелерінің санына, жағдайына қарай мөлшерлеп, бидай беріп, ауыр жағдайдан аман қалуға септігі тиген.
Халыққа қамқорлықты аямай, қиын кезеңде жол таба білген жанашыр аға туралы Асан Дүйсебаев:
– Бізде бидай түсімі жоғары болғанымен, басқаларда межеге жете алмай, аз өнім алып жатты. Исатай Топышевтің ерекше батылдығы мен сенімділігі табысты өнім алуға елдің құштары зор болды. Осы себепті, басқарма мүшелері мен тексеру комиссиясының төрағалары өзара ымыраға келіп, егінші елге астық үлестірілді. Сондықтан аштық пен ашөзектілік басқа ауылға қарағанда аз болды», – депті естеліктерде.

ҚАМБА ТОЛЫ, БІРАҚ ЖҰРТ АШ
Зұлмат жылдардың зобалаңын жазған «Қызылдар қырғыны» кітабындағы оқиғаларға өте ұқсас өмір кешкен жерлестер көп-ақ. Соның бірі «Кеңес» колхозында басқарма төрағасы, парттог, қоймашы секілді қызмет атқарған Асан Дүйсебаев көзі тірісінде жазған естелігінде Бесарық төңірегінде болған оқиғалар жайында айтылады. Оның естелігінде қамба толы астық бола тұра, халыққа берілмеген. Жоғарыдан келген үкім қатал болғандықтан адам баласын маңына жолатпаған. Тіпті осы қамбада
астық барын айтқызбаған.
Бірде қамбада астық барын білген әйел ебін тауып, астыққа ұрлыққа түсіп, ұсталып қалады. Ақыры үкім шығып, «халық жауы» деп атылып, отбасымен бірге қырып салады. Бірақ бұл көпшілікке сабақ болмады. Аш халық арды да ұятты да ойлаған жоқ. Ұрлыққа түсем деп, «халық жауының» тізімі арта берді. Қамбада астық барын білген жұрт алыс-жақын елді мекеннен жаяулатып жетіп те, ұсталып, атылып жатты.
Халық одан да қорыққан жоқ. Бірде таң ата төраға қамбаға келсе, отызға жуық адам аш қарынға бидай асаймын деп, қарындары қақ жарылып, сілейіпті. Қамба маңы аш өлекселерге толып, иісі өзекті қабады.
Аш халыққа жанашырлық танытып, бір уыс бидай берсең, ізіңнен қалмай, соңында өзіңді мерт етуге дейін барған. Осындай оқиға бір бейбақ әйелдің басынан кешкен деседі. Конторда істейтін Мағирипаш деген әйелдің 4 баласы бар еді. Мағирипашқа қайыр сұрап, күнде бір кейуана келіп жүріпті.
– Қазір сізге, бір уыс бидай әкеп берем, балаларға бас-көз болыңыз, – деп үйіне қалдырып кете барады.
– Жарайды, тезірек кел, – дейді.
Сөмкесінің түбіне бір уыс бидай салып әкелген әйел өз үйіне жеткенде сұмдық жағдайды көріп, сілейіп тұрып қалады. Көз алдында балаларының сүйек, қаңқалары жайрап жатады. Осындай ауыр көріністен соң ана жүйкесі шыдамай, естен адасып кетеді.
Міне, Асан Дүйсебаев күнделігінен осындай оқиғаларды кезіктіруге болады.

ӘЙЕЛДЕРДІҢ ЗАРЫ

Ауылда аштықпен қатар репрессияның күші халықты тырп еткізбей,еңсе тіктеуге мұрша бермеген. «Бай-кулак» деп жала жауып, беделді де бақуатты отбасын ойран етіп, елде ашқұрсақ ана мен балалар қалған. Балалық шақта осы нәубетті басынан кешіп, елдің ахуалын әңгімелеп берген соғыс ардагері Ысқақ Әбдірамашұлы 2006 жылы жазған жазбасында халық жауының әйелдерінің өмірін сөз еткен.
Соғыс ардагерінің жазбасында ауылдың өзінде 30-дан аса келіншектер «халық жауының әйелдерінің тізіміне еніп» ізіне аттылы солдаттар түскен. Отыз әйелдің етегінен ерген 50-60 бала тағдыры қыл үстінде тұрғанда ауыл үлкендері оларды жасырудың жолын іздеген. Алдымен ауыл шетіндегі бір үйге қамап ұстағанымен, біреулер жоғарыға хабарлап, олардың ізіне түскен. Бір түнде әйелдерді тауға көшіріп, сол жақта аман қалуға мүмкіндік болған. Қаратаудағы қазіргі «Қатынқамал» осы оқиғаға пана болды десе-ді білетіндер.
Ол кезде Ысқақ атамыз ойын баласы екен. Анасы ауылдағы шайханада ыдыс жуып, күн көрген. Баласының қойнына бір таба нан салып, әлгі үңгірдің тесігінен нан тастап жүреді. Осылай күн көрген әйел аналар ұзақ уақыт сонда бас сауғалап, пана еткен. Кейін оны да біліп көп аналар сол маңда жан тапсырыпты.
Осы оқиғаны тебіреніспен жазып отырып «Сарыала атқа мінген солдат келіп, бір сөздерді айтып, алдымен анамды қамшымен сабап, кейін мені жон арқадан қамшы басты. Кейін білдім, сөйтсек өзіміздің жақын ағамыз Тәжібай екен. Оны да түсінуге болады, жоғарыдан берілген тапсырма, орындалу керек» деп, жанкештілікті жылы жауып қояды.

АШТЫҚТАН БАТА ҚҰТҚАРДЫ

«Баталы ерге бақ қонар», «Ақ бата адастырмайды», «Алысқа шықсаң, ақсақалдан бата ал» дейтін халық ұрпағы емеспіз бе? Көбіміз үлкендердің неге бата қайыратынын ұғына бермейтініміз шындық. Дәстүрімізде бата мың пәледен сақтайтынын, мол сауап жазатынын білеміз. Біз сөзбен айтсақ, бата – кие. Мұны Ұзақ атаның басынан кешкен мына оқиғасынан аңғару қиын емес.
Аштық жайлаған заманда қайда нан, бидай не азық бар болса, халық соған қарай бет түзеді. Сондай ауыр уақытта Ұзақ Өтебеков пен Алиакпар Бердібайұлы екеуі алыстағы құда-жегжаттан астық әкелуге шығады. Өздері аш, құр сүлдері ғана. Кеудеде жан ғана бар демесеңіз, шарасыздықтан жол жүріп келеді. Өзенді бойлап, Бүркіттіден аса бере жас нәрестелі әйелдің өлексесін көріп, оны бір шұңқырға көміп, тас қойып, құран бағыштайды. Осы тұста жасы үлкені Алиакбар «бауырым, қайсысымыз бірінші кетсек те, көмусіз қалмайық. Мен кетсем, сен көм. Сен кетсең мен көмейін» деп уағдаласады.
Мешіт тұсына жетер-жетпес екеуіде болдырып, қатты шаршап жантая кетеді. Мешіт жанындағы қорымдағы ата-бабаның бейіті көзге ілінеді. Дауысы шыққанша күбірлеп, ата-бабасына тағзым етіп, Құран бағыштайды.
Бұрылыстағы өзен суынан су ішейін деп етпеттеп барған еді. Жаратушының пендесіне берген ризығы болар, өзеннің алды мұз болып буылып, балықтар жиналып қалыпты.
Тойғанынша балық асап, жүрек жалғап, әлденіп, дорбаға балық салып алып, жолға шығады. «Өлмейтінге өлі балық кезігеді» деген сөз осыдан қалса керек.
Егізғараға аман-есен жетіп, 1,5 пұт азықты әр жеріне бөліп байлап, Ұзақ Өтебеков өзі ғана шығады. Ал Алиакпар жүруге жарамай, сонда қалып қояды. Жолда тасалап, ақырын жан-жақты бақылап, әр қадамды аңдып баспаса, аш адамдар талап тастайды. Осы жүріспен келе жатып, талай аш адамдардан қашып, құтылған. Ауыл маңына жете бере жусан арасынан етпеттеп, жылжып келе жатқан адамды көреді. Сөйтсе, әйгілі дерижер Төлепбергеннің әкесі Әбдірәш екен. Қайын жұртқа бет алған. Беті домбығып, әбден ашыққаны байқалады. Бір жеңді сөгіп, тойғанынша ас асатады. Аш адам тойғанын білсін бе, тақиясымен су ішкізіп, тоқбасар етеді. Осы оқиғаны Ұзақ Өтебеков «Төлепбергенді теледидардан көрген сайын, Әбдірәшті еске алып, осындай тұлғаның көрер жарығы үшін Жаратушыға нығмет еткенін сеземін», – депті.

ТҮЙІН. Келешек ұрпақ тарихқа зер саларын сезді ме, әлде ақиқатты өзімен арқалап кетуді ар санады ма, 1989 жылы өмірден кетер шағында ел басқарып, елдің талай мұң-мұқтажын көзбен көріп, оны ой елегінен өткізген Асан Дүйсебаев тағылымды ойлар, тарихи оқиғалар төңірегінде өшпес мұра қадырыпты. Оны көрген замандастары Асан Дүйсебаев тілге жүйрік, отауызды, шешен болған деседі. Талай аудандық партия комитетінің бюросында сөгіс берілейін деп тұрған сәтте, ұтымды жауап беріп, жол тауып беруінен-ақ ел оны «Алты айлалы Асан» деп атап кеткен. «Асекең басынан бір сипады дегенше, іс бітті дей бер» деген қалжың содан қалыпты.

Мақпал МАРҚАБАЙ


31 мамыр 2020 ж. 1 423 0