№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Үміт ана


Құс екеш құс та ұясын қорғап қалу үшін аузын ашқан аждаһа ажалға қарсы ұмтылып қанатынан қан сорғаласа да қайрат қылып бағатынын күргенде қасиетті Отан ұғымының құдыретіне көз жетеді.
Кеше, осыдан 75 жыл бұрын ел басына күн туған аласапыран шақта алты ұлын бірдей соғысқа аттандырып, жолын күткен Үміт ананың амал – әрекеті осы шырылдаған құсты көз алдыңызға әкеледі.
Отан деген қандай ыстық, қазақтың даласы қандай кең еді. Ал енді осы даланы мекен етіп, бір-бірінен мейірім-шапағатын аямаған ауыл адамдарының ықылас-пейілі одан да кең, одан да дархан болатын.
Ауызбіршілігі айрандай ұйыған осы ағайынның алдында өзі де, сөзі де өтімді, айтқан өсиеті, қадір-қасиеті, басқан ізі, атқарған ісі анық, айбарлы, айрықша тұлғалар болады. Олар бүтін елге күнделікті бәкүн-шүкін тіршілікте арқа сүйер аға ғана емес «ат үстінен су ішкен, терілігі суға малынған» тар кезеңде тал қармар таянышы, талықсығанда қуаты, шөлдегенде суаты, жұмыр басқа не әулекі күн туса да ақылмен амал жасап әулетінің шырағын сөндірмейтін бір аты бола білген.
Біздің бүгін әңгімелегелі отырған ел анасы Үміт Мұратбайқызы осындай тау тұлға еді.
Ол 1885 жылы туылған екен. Жасынан зерек, еті тірі, алғырлығымен өздігінше сауаттанып білім алған. Сонымен қоса тәуіптік емшілігімен талайға қолұшын созғанына сол кез адамдары куә. Бұл жағына жазбамыздың өнбойында көз жеткізесіз, қадірлі оқырман.
Құдай артық қасиет дарытқан қазақтың қызының өмірлік қосағы Тоқтар ағамыз да сом тұлғалы, қай¬рат¬ты, темірден түйін түйген ұста, еңбекқор, сонымен қоса кембағалдан қамқорын, жақсылығын аямаған жаны жайдары азамат болыпты.
Көп қашанда жәрдеміне жарағанды қастер тұтып құрметтей білген. Анадайдан Үміт ана келе жатса қақ жарылып жол беріп, ауыл – ел ардақ тұтыпты. Елде бала дәрігері ретінде де аты шығып, талай ананы аман-есен босандырып алған оның жолын бір де – бірі кесіп өтпей алыста келе жатса күтіп тұрады екен.
Бұл екі жақсыдан 17 перзент дүниеге келсе жеті ұл, үш қызы ғана есен-аман ер жетіп, қол ұзартқан екен. Бойында күш-қуаты мен қайраты тасыған, жаратылысынан келбетті, сұңғақ бойлы анадан туған ұрпақтың алыптығының дәлелі, сол жылдары Жаңақорғанға өнер көрсетпекке әлемге әйгілі Қажымұқан Мұңайтпасов келгенде палуанның кір тасын, басқа да керекті асай-мүсейін арқалап жүретін адам қажет болғанда сол істі осы Бектасұлы Тоқтар атамыздың балалары – Жұмабек пен Маткәрім атқарыпты. Ал Марсәлі балажандығы сондай екі қолына он-оннан сәбилерді отырғызып тербетіп ойнататын еді дейді көргендер.
Осы балаларының алды енді бас құрап немере сүйгіэе бастаған тұста қарғыс атқыр соғыс басталып, майданға аттанған атпал азаматтар қатарында Тоқтар мен Үміт ананың ұлдары – Марсәлі, Құрманбек, Маткәрім, Жұмабек, Мәметсия қолына қару алып қанды қырғынға кіреді. Ал солдатқа жасы толмаған ұлдары Әнуарбекті он сегіз жасқа толған күні аудандық комиссариатқа өзі ертіп апарып соғысқа аттандырған ананың тәуекелі таң қалдырардай еді. Бірақ ел басына күн туғанда көпке жөн сілтеп, еңсе түсірмей, барынша қайратты болайын десе де өзекті жарып шыққан перзент қайғысына келгенде әйел жүрегі әлсіз де, қорғансыз екен.
Осы алты бірдей азаматтың бесеуі майдан даласынан оралмады. Ата-ананың бір жүоегі беске бөлінді ғой. Біреуінен қалған көзі бар, өзі жоқ, біреуінен қалған ізі бар, өзі жоқ, тәңір-ай, біреуінен ол да жоқ, сағынған жүрек тағат таппай , тауаны шағылғанда қарашықтары ұстап тұтқан, алақанының табы қалған көзі – күректі бір, кетпенді бір кеудесіне қысып, сағынышын соған ақтармады ма, ал кішісі Әнуарбектің бала күнгі ойнаған сақалары да жиылмапты, талай түн таңды ұйқысыз атырар ана шіркін әр асықты алақанына қысып, баласымен қауышқандай өз-өзін алдамады ма.
Ал опасыз жалған өз дегенін орындайды екен. Бір үйден аттанған бес бірдей бозым майдан даласында мерт болды. Соғысқа бастан аяқ қатысып Европадан Қиыр Шығысқа дейінгі аралықта қан кешулерден аман қалған Марсәлі ағамызға туған жердің дәмі бұйырып, есен-сау елге оралды.
Ал 1946 жылдың 4 қазандағы СССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Бұйрығымен осындай перзенттер туып тәрбиелеген Үміт анаға елімізде тұңғыш рет «Батыр Ана» құрметті атағы берілді.

МҮСІНГЕ АЙНАЛҒАН АНА

Бүгінгі буын Үміт ананы білмеуі мүмкін. Бірақ өмірде ұрпақ сабақтастығы табиғатынан танбай тамырын тереңге жая бермек.
Бейбіт күнде берекелі ғұмыр кешкен Тоқтарұлы Марсәлінің ұсталық өнеріне осы өңір түгел тәнті. Соғыстан кейінгі екпінді кезеңде еңсе түзеген, жаңадан соғылғен құрылыстарда оның өз қолтаңбасы бар.
Үміт ананың үш қызы – Мархыма, Әмина, Рахимадан туған жиендер де қадір-қасиеттен құралақан емес. Солардың ішінде айрықша Асылбек пен Сәпияға аталарының ұсталық өнері дарыпты. Ержанов Рахмет ауданда бірнеше кәсіпорынды басқарған азамат ретінде ел есінде.
Үміт ананың жиырма сегізінші жылы дүниеге келген кенжесі – Мейірбегі елде бала оқытып, елгезек те, білімдарлығымен ерте аты шыққан. Бірақ қатыгез тағдыр қос мұңлықтың жанына жалау болған көз қуанышын да көп көріпті, беймезгіл ажал бетіне қарап отырған бұл перзенттерін бейбіт күнде алып кете барды. Жиырма бес жастағы бозымның соңында қалған жас келіншегі Жәмила кейін осы үйдің үлкен қызы – Мархыманың ұлы Темірбекпен бас құрап,олардан Сатыбалдиевтер ұрпағы өсіп-өнді.
Халықта «Бір ұлың бір қауым ел болар» деген шынайы сенім бар. Үміт ананың майданнан аман оралған ұлы – Марсәлі мен келіні Шәдігүлден тараған перзенттері – Кеңесбек республикаға еңбегі сіңген дәрігер, Түркістан қаласының Құрметті азаматы. Өмірбек белгілі композитор, ұзақ жыл аудандағы Әлшекей атындағы өнер мектебін басқарған, Қазақ ССР оқу ісінің озық қызметкері, Айдарбек аудандық атқару комитетінде, одан әрі қоныстық Кеңес төрағасының орынбасары, зейнетке шыққанға дейін аудандық архивтің бастығы болып қызмет атқарған азамат. Марсәлиева Шәрбан – «Батыр ана».
Үміт ананың майданда қаза болған ұлы – Құрманбектен қалған жалғыз көз – Әмірше ағамыздан тараған ұрпақ та бір қауым ел. Қазірде бұл қарашаңырақтың шырағын ұлы Нұрлан мен келіні Сәуле маздатып отыр.
Үміт ананың үшінші ұлы – Маткәрімнен қалған жалғыз жәдігер – Әуелбектен Мұхтар, Әлиасқар, Алтай атты перзенттері Жаңауылда бір-бір түтіннің егелері.
Тарихқа көз жіберсек,тұтас Кеңес халқы екінші дүниежүзілік соғыста өзінен он есе күші басым жауды рухының мықтылығымен тізе бүктіріпті. Өйткені әрбір жауынгер отанын туған анасына теңеді. Олардың әрбірі осы жолда жоғарыда айтқан аждаһаның аузына ұмтылған құс тәрізді мерт болуға әзір еді. Перзенттерін осындай ерлікке, өрлікке, ақиқат пен теңдікке тәрбиелеп, жүрегінің бір-бір бөлшегін болашақ бақыты жолына садақа еткен әзиз ананың барлығын да Батырға теңесек артық емес.

***
Үміт ананың бір бұтағы – Бектасов Әмірше ағамен үйме-үй көрші тұрамыз. Бұл кісі аудандық партия комитетеінде қырық жыл бірінші хатшының жүргізушісі болған, зейнетке шыққаннан есікалды бақшалығын баптап, тыным табуды білмейтін еңбекқор жан еді. Келіні, аудандық перзентхана меңгерушісі Бектұрғанова Сәуле екеуміз кенжелерімізді бір жылда дүниеге әкеліппіз. Бала күтімінен соң жұмысқа дайындалып жүргенмін. Ал құрбым Сәуле мазасы болмай жүргендіктен жұмысқа әзір шықпаймын деді. «Дәрігерлік тексеруде бәрі дұрыс, бірақ неге екенін басым зіл тартып, еңсемді көтере алмаймын» деген ол тағы бір ғажабы, түнемелікте төбесіне бір кейуана келгендей болғанын, «Үміт анамын» дегенін айтты. Өмірі естімеген есімді үйдегілерге айтқан екен олар «ол біздің үлкен мамамыз ғой» депті таң-тамаша қалып.
«Онда ол кісі тегін болмағаны» деген ой келді маған да. Әжелерің сені жағалап жүр екен, онда намазға жығылуың керек, – деген кеңес айттым көршіме. Мына қиындықтың бәрінен сонда құтыласың.
Ол бірден келісті. Менің дәптерге жазып берген сүрелер мен намаз шарттарына жарты сағатта ой қанықтырып,әзір қағазға қарап оқитын болып уағдаласты. «Ұстаздан шәкірт озар» деген емес пе, терезеден байқап қалам, біздердей емес, Сәуленікі жүдә уақтылы. Содан екі-үш апта өтті ме, өтпеді ме, көктемнің жадыраған алғашқы күнінде тық-тық басып Сәулем жұмысқа кетіп бара жатқанын көріп қуанып қалдым. Бұл 2007 жылдың наурызы болатын. Нақ осы күндері Жаңақорғанда тұратын Марсәлиев Айдарбек ағамыздың үйіне Сұлтан Сартаев ағамыз телефон соғады.
– Шырағым, – дейді Сұлтан аға амандық-саулықтан соң, – Менің хабарласып отырған себебім былай, шақалақ кезімде қатты ауырып, амалы таусылған анам мені Үміт анаға табыстап, күдер үзгенін айтып қалдырып кеткен екен. Ол кісі мені алып қалып, емдеп жазып адам қатарына қосыпты. Бүгінге дейін қандай жетістікке жетсем де сол Үміт ананың шарапатының арқасы деп білемін. Мен ол кісіге қарыздармын. Сондықтан Үміт ананың есімін жаңғыртып, ұлықтау мақсатында елге барып ескерткіш орнатуды көптен ойлап жүр едім. Мүсінін жасауға тапсырыс бермек едім, енді ол кісінің маған фотосуреті керек болып тұр. Сен осы шаруаны тындыр, – деп тапсырма жүктеді.
Ол заманда адамдар суретке түспеген ғой. Бірақ Үміт ананың бір суреті сақталыпты. Оны келіні Жәмила бойтұмарлай көріп, кейін қыздарына табыстаған екен. Сонымен осы бейнені мүсінші Болат Досжанов қаз-қалпында тасқа ойып, әзиз ананың тұлғасын мүсіндеді. Сөйтіп ескерткіш 2007 жылдың 9 мамыр – Жеңіс күнгі салтанатты мерекеде Жаңақорған орталық алаңындағы саябаққа мәңгілік тұғырына келіп қондырылды. Жиында ақын Адырбек Сопыбеков “Үміт ана туралы” монологын оқыды. Ары қарай сөз алған Кеңесбек Марсалиев ағамыз Академик Сұлтан Сартаевқа, аудан басшылығына Үміт ана ұрпақтары атынан зор ризашылықтарын жеткізді.
Әз-ананың символикалық бейнесі оның өз ұрпағына ғана емес, Отан мен ана ажырағысыз ұғым екенін ұлықтар ұрпақ тәрбиесінде барлығымызға қымбат.

Баян Үсейінова

12 мамыр 2020 ж. 952 0