№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Өмір жолы...


Ажар ұйқыдан әлдеқашан оянса да, төсегiнен тұра қоймады. Енесiнiң аяқ киімімен сырпылдап әрі-бері жүргенін, ас үйдегі ыдыс-аяқтың сылдырын бәрін естіп жатыр. Есiгiнiң сыртынан тықылдатып «қарағым-ау, ауырып қалмадың ба, тұрсаңшы енді» деген дауыстан соң, есіктің жабылған дыбысы естілді. Сыртқа шығып кеткен-ау шамасы. Бұл уақытта қорада тұрған бір-екі малдың қамымен шығатын кезi болатын. Тұруға асыға қоймаған Ажар бұл жатысына себеп болған өткен жағдайларды есiне алды.
Бiр-екi күн шамасында Ажар шаштаразға кірген еді. Кішкентайдан бірге өскен құрбысы Құралай шашын түзеп тұрып:
- Я, Ажарка, Жаңа Жылға дайындық қалай? - деп сұрады да, мұның жауабын күтпестен - Менің күйеуім сенікіндей табыс тапса, мынадай фигурам болса, ой, онда сықиып жүрер едім-ау! деп құрбысына қомсынғандай қарап өтті. Келесі орындықта шашын бұйралатып отырған келiншек те оны iлiп әкетті.
«Былтыр евроремонт жасадым үйге, мебелдердi жаңаладым, өзiме қарай алмадым. Күйеуімнiң миын жеп жүріп тон алып едім, осы жолы бөрік алсам деп жүрмiн» деп сықылықтай жөнелді. Құрбысы есi-дерті соның аузында, әр сөзіне басын шұлғып, Ажардың бар-жоғын да ұмытқан секілді. Ажар ақшаны столдың үстіне қойды да, тезiрек кетумен болды. Бейтаныс келiншекпен әңгімеге берілген құрбысы мұның кеткенін де байқамаған тәрізді. Үйге келген соң қараптан-қарап Ажарды ашу қысты. Бөлмесіндегi шар айнаның алдында ұзақ қарап тұрды да, өзіне жыны келді. Үстіндегi қызыл кофтасы өзіне жарасып-ақ тұр. Талғат та осы кофтаны өте ұнататын. Аяғы ауыр кезде де, одан кейін де бiразға дейін кимеген сүйікті киiмiн бүгін киiп шыққаны еді,енді көзіне түкке тұрғысыз болып көрінді. Сөйтіп тұрғанда бөпесi оянып, ойы бөлінді, кейіннен кешкі тамақтың қамымен жүріп ол оқиға естен шығып та кеткен болатын. Кешке күйеуімен қайынсiңлici келді. Бiр ауылда тұрса да, көптен көрмеген соң сағынып көрісіп, мәре-сәре болып калды. Ажар дастарханға барын қойып жүгірiп жүр. Ас үйге көмектесуге ере келген қайынсiңлici: «Жеңеше, қарашы Ерланның маған не әкелгенiн!» деп үстіндегi құйып қойғандай сәнді көйлегiне мақтанып шыр айналды. Соңғы үлгідегi қымбат дүние екендігі көрінiп тұр. Қуаныштан жүзi бал-бұл жанған қайынсiңлiciнiң бақытты жүзіне сүйсіне қарағанмен, есiне шаштараздағы жағдай түсiп кетті де, Ажардың қуанышты жүзi өзгеріп сала берді. Iшiнен шыдап, сыртқа сездірмеуге тырысты. Жатарда күйеуіне: «Жаңа Жылға жұрттар адам құсап дайындалып жатыр, ал біз болсақ...» деп айтар сөзiнiң соңын жұтып қойды. Ойында ешнәрсе жоқ Талғат аңтарылып, «Жаным, бiрдеңе алу керек пе еді?» дегенде, ашудан зорға тұрған Ажар, «немене мен бiрдеңе алсам үстімнен түсiп қала ма? Өзгелер алып жатыр ғой!» деп ойындағысын iрiкпей төге салды. Үйленгелi анда-санда еркелеп бұртиып қалатыны болмаса өзге оғаш мінезін көрмеген жарына таңдана қараған Талғат: Жаным, келiсiп едік қой, қазір қымбат киiм алуға жағдай жоқ. Менің осы жолы iнiмнiң оқу ақысын төлейтiнiмдi өзің де бiлесiң ғой!» -деп ақтала сөйлеген күйеуінің сөзiн құлақ аспастан терic қарап жатып қалған-ды.
Ажар күнделікті ерте тұратын әдетiмен Талғаттың шайын берген соң бөпесiн енесiнiң төсегiне апарып салатын. Бүгін ол әдетiнен жаңылған келiннiң жайынан хабары жоқ енесi баланы қай уақытта әкеткенiн кiм бiлсiн, Ажар баланың төсегiнде жоқ екенін көрген соң, әлденеден қуыстанғандай орнынан тұрса, бала күнделікті әжесінің төсегiнде қаннен-қаперсіз пысылдап ұйықтап жатыр. Жуынып-шайынған Ажар ас үйге кiрместен бөлмесіне оралған Ажар ұзақ ойға шомды.
Мұнай-газ колледжiнiң соңғы курсында Ажар тұрмысқа шықты. Той дүркіреп өтті. Ата-енесi елге сыйлы, қарапайым қарт кiciлер болатын. Ажарды келген күннен бастап қызындай етіп мейiрiмiн аямады. Ажар да қайынсiңлici мен қайнысына сыйластықпен қарады. Үйiнiң қуанышына айналып, жанұясының сәнiн кiргiзген жарына Талғат та риза. Дипломын алып, мамандығы бойынша жұмысқа тұрды. Тапқанын енесiнiң қолына салды. Дүниеге сәби келiп, үйдің іші одан сайын шаттыққа кенелдi. Әсіресе, енесi немересін туған күннен бастап иемденгенi соншалық, Ажарға тек емiзуге зорға береді. Ажар да пысықтығымен үй шаруасын тез арада дөңгелетіп әкетті. Қолынан келмейтінi жоқ. Шал-кемпір риза, күйеуінің көңілі тоқ. Өткен күндердің шуақты сәттерін ойға алғанмен, ойына көлеңке түсiрген кешегі оқиғалар кезектесе көз алдынан кетпей қойды. 7-8 ай үйде отырғанда қатардан қалып қойғандай күй кешті. Орнынан созылыңқырап тұрып, енесiнiң бөлмесіндегi баланы көрпеге орап алды да келесі көшеде тұратын төркінінiң үйіне тартып отырды.
Келсе үйде анасы жалғыз екен. Үй арасы жақын болған соң келiп-кетiп жүретін қызының жүрісiне анасы көп мән бермедi. Кішкентай жиенін иicкеп, сүйiп мәз болып жатыр. Түске қонақ келетінін айтып, асығыс болмаса, қолғабыс етуін өтiндi. Өзi көңіл-күйі болмай келген Ажар мұны естiгенде одан әрі ұнжырғасы түсiп, ас үйге қарай беттедi.
Анасы мол етіп ас мәзірін дайындап қойыпты. Қызыл күрең борсиған бауырсақтар тәбетін ашқаны сондай Ажар таңертеңнен аузына нәр татпағанын енді сезді. Қысқы соғымға сойған жылқының сүр иici бұрқырап, қазанды бүлкiлдеп қайнап жатыр. Анасы ұзақ жыл аспаз болғандықтан, үйде қарап отырмай күндегісiн балаларының алдына түрлі етіп ас әзірлеп қоюды жаны сүйеді. Ас үйдің билiгi өз қолында болса да Ажар кейде анасының дәмді асына сағы ауып соғып тұрады. Туған шаңырақтың жылуы, ананың ыстық ықыласынан артық не бар екен бұл дүниеде?!
Есіктің қоңырауы қайта-қайта соғылды. Анасының қозғала қоймағанын сезген Ажар барып есiктi ашты. Алпысты алқымдаған мол денелі бәйбіше жайраңдай кiрiп, «Айналып кетейін, Ажаржан!» деп құшақтап маңдайынан сүйді. Қасында сегіз-тоғыз жастар шамасында немересі бар. Әкесіне немере туыс болып келетін ағайындар сағынысып көрісіп, бiрiнiң сөзiн-бiрi бастырмалата дабырласып сөйлеп жатыр. Әсіресе анасының даусы, күлгенi көбірек естіледi. Соңғы кезде мамасы «Ел жаққа бармағалы көп болды-ау!» дегенді жиі айтатын. Күткен қонақтары осылар болды-ау деп Ажар дайын тағамдарды дастарханға қоя бастады. Ауылдан келген Әмина шешей:«Қызым, амансың ба, енең күйлi- қуатты ма?» деп амандық сұрасып жатыр. Ас үйге ере келген шешесі :«Қызым, құдағайға барып шақырып қайтсаңшы, абысынмен бірге болсын» деп еді. Ажар: «Мам, келген қонақ әуелі шай ішіп алсын да» деген соң қайта сөз қозғамай қонағына кетті.
Анасының жанында ұйықтап қалған баласын төсекке жатқызып қайта оралғанда әңгіме қызып жатыр екен. Дастарханға келген Ажарға бұрылып:« Қызым, жағдайың қалай, куйеу бала жұмысында ма?» деп қайыра сұраған Әминаға Ажар «Шүкір» деп күбір етті.
«Сенiң ата-енең тендесi жок жандар еді ғой, шіркін! Бұрыннан білем ғой оларды. Жаңа келiн боп түскен кезiм. Шаруашылықпен қырдамыз, мал жагдайымен көшіп - қонып жүреміз. Жұпынылау тұрдық, күнделікті пайдаланатын заттан басқа артық - ауыс еш ештеңе жоқ. Ол кезде қай жерде де жайнаған дүние жоқ. Барымызды күтiп киюге тырысамыз. Бір күні екі салт атты сау етіп келе қалды. Ата-енем бірдей шығып қарсы алып жатыр. Мал сойылып, казан асылып абыр-сабыр болып қалдық. Мен жер ошақ қа қуырдақ куырдым. Шай үстінде келген қонақтың ересектеуi шоқша сақалды кiсi " Аға - жеңеше келін алыпсындар құтты болсын! Әдейілеп амандасып кетейік деп бұрылдык" дей келіп өздерінің қала жақтан келе жатқандарын сөз қылды. Ол кезде Форт-Шевченконы дала қазақтары солай деп атайды. Шай iшiлiп бата жасалған соң, әлгі кісі қасындағы қосшысын сырқы жұмсап, аттардың жанындағы қоржынын алдырды. «Қонақ аз отырып көп сынайды деп, біздің жұпыны күйімiздi аңғарды ма, әлде жомарттығы ма, қайдам, екі сәтен көйлекті қоржыннан суырып алғанда, үйдің ішіне қызылды-жасылды гүл төгілгендей жайнап кетті. «Жеңге, келiнге көрімдігiм» деп оған мата берді де, «мынау көйлектердi келiн ауыстырып киер» деп екі көйлекті тағы тастады. Жүрегім жарылардай қуандым. Әлi ұмытқаным жоқ, қызыл гүлді, жалтыраған сәтен көйлек! Сол көйлек есiме түссе қазіргі қай асыл матадан да артық есiмде сақталыпты. Бой жетiп отырған қайынсiңлiме біреуін бердім. Енем: «Келiн-ау, екеуін де өзің кие бер» деп едi, онсыз да дүниенің бар асылын бойыма жинап алғандай болып тұрмын ғой. Қайынсiңлiме де жарасып, ажары жайнап кетті. Екеуміз жаңа көйлекке қуанып, үйдің іші бізді қызықтап, үй iшiмiз мәре-сәре болғанымыз әлі күнге көз алдымда. «Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпес!» деген ғой қарағым! Шаруашылықтың басқармасы екен, өте қарапайым, қайырымды адам болатын. Ата-енем қайтыс болған кездерде де көмегі аз болған жоқ. Ол кісіге сырттай риза болып, әрқашан құрметпен еске алушы едім. Кейін шүкір Аллаға, заман түзелді. Байыдық десе де болады. Матаның да, киiмнiң де, дүниенің де не бір асылы шығып жатыр ғой! Тек, Алла тыныштығын берсін, бала-шағаның нәсібесi таусылмасын! Бір күні мына Дариға келiн хабар жіберіпті. «Жеңешем қалайда келсін, Ажарға құда келмекшi» деп. Ой-бу, кешегі құрттақандай Ажаржан бойжетiп қалғаны ма деп өкпемдi қолыма алып жетсем, құдамыз баяғы өзіме сәтен койлек сыйлаған кici болып шықты. Қуанғаннан iшiмнен: «Айналайын, Ажаржанның ақылы бар екен, жақсыны тани бiлген»деп саған бар алғысымды төктім ғой, қалқам! Я, алтыным сенiң атаң сондай кici едi!» деп Әмина шешей әңгімесін аяқтады.
«Айтары жоқ, жеңеше сөзiнiң бәрі рас. Алғашқы балалар шетiней берді. Алланың берген көзімнiң ағы мен қарасындай Амантайым мен Ажарым теңін тапты, жақсы жерлермен құда болдық. Құдағайым туған шешем сияқты, Талғатжанды да Амантайымнан кем көрмеймiн. «Апалап» iшi-баурыңа кiрiп тұрады. Қызыма келген сайын құлағына құям да отырамын. Ата-енеңдi бақ, Талғатжанды сыйла, қолдарындағы қайны-қайынсiңлiлердiң көңілін тап» деп босап, көзіне жас алды.
Әмина шешейдiң әңгімесі қатты әсер еткені соншалықты, зорға шыдап отырған Ажар көрші бөлмеден бөпесiнiң оянған даусын естiп балаға тұра жүгірді.
Өзiнiң бүгінгі қылықтарын елiне алып, ұяттан жерге кiрердей болып қысылды. Есiктен басын сұққан мамасы: «Ажаржан, бөпеңдi асықпай емiзе бер, қонақтар жантайып дем алсын»деді. Сол кезде Ажар:«Жоқ, мама үйге барып емiзермiн» деп үйіне қарай құстай ұшты.
23 қаңтар 2020 ж. 684 0