№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «Бір күш отырған орындығынан жұлып алады» - ажалсыз ұшқыштың басынан өткен оқиға

«Бір күш отырған орындығынан жұлып алады» - ажалсыз ұшқыштың басынан өткен оқиға


25 минуттан кейін алдыңғы терезесінде салаңдаған шалажансар адамы бар ұшақ аман-есен Саутгемптон әуе-жайына кеп қонады. Капитан тірі екен, бірақ қатты үсіп қалған және денесі көкала торғайдай.
1990 жылдың 10 маусымы күні British Airways әуе компаниясының ВАС 1-11 ұшағы Бирмингемнен Малагуге таңғы сағат 7:20-да бет түзеп ұшады. Бортта 81 жолаушы мен экипаждың 6 мүшесі.
Бәрі жап-жақсы басталғандай еді. Ұшудың 13-ші минутында, әуе кемесі жерден 5273 метр биіктікке көтерілгенде ұшқыштың кабинасынан сарт еткен дыбыс шығады да.., ұшақ капитаны Тимоти Ланкастерді бір күш отырған орындығынан жұлып алады.
Сөйтсе, ұшақтың қасабеттегі сол жақ әйнегі ауа қысымына шыдамай, жұлынып кетіпті де, капитанды сыртқы ауа өзіне сорып алыпты. Құдай қолдағанда, Ланкастер бірден ұшып кетпей, жанбасы жалпиып барып, терезенің жақтауына кептеліп қалған. Оның үстіне бортсерік Найджел Огден де қарап тұрмай, капитанның аяғынан тас қып ұстап үлгерген.
Егер капитанды ұстап үлгермесе, ол барып ұшақтың моторына сүңгіп кетер еді де, міндетті түрде мотор істен шығып, апатқа ұшырайды екен. Шынымен де, Құдай қарасқанда капитанның терезеге кептеліп қалғаны үлкен көмек болған. Әйтпегенде, толықтай ашық терезеден кірген ауа ұшақ панелін күл-талқан етіп, ұшқыштар кабинасы мен жолаушылар салонының екі арасындағы есікті быт-шыт етер еді.
Бортсеріктер жолаушыларды тыныштандырып жүрген кезде, екінші пилот Аластар Атчинсон автопилотты өшіріп, ұшақты қолмен қондыруға әрекет ете бастайды. Бұл кезде Огден әбден шаршап, әлсірей бастаған. Капитан Ланкастердің де бүкіл денесі далаға қарай лықсып, оның бет-жүзі ұшақтың қаптал терезесінің сыртынан боп-боз боп көрініп тұрды.
Бір кезде Огденге тағы да екі бортсерік көмекке кеп, капитанның аяғына жармасады. Олар аяғының тастай боп қатып қалғанына қарап, капитан өліп қалған екен деп ойлайды. Гулеген жел мен ызы-қиқу айғайдың арасынан Атчинсон жердегі диспетчердің қонуға рұқсат берген үнін естіп үлгереді.
25 минуттан кейін алдыңғы терезесінде салаңдаған шалажансар адамы бар ұшақ аман-есен Саутгемптон әуе-жайына кеп қонады. Капитан тірі екен, бірақ қатты үсіп қалған және денесі көкала торғайдай. Огденнің болса иығы шығып кеткен, беті үсіп қалған. Ал, жолаушылар дін аман!

Көп ұзамай, бұл оқиғаның себепкері де табылады. British Airways компаниясының шебері алдыңғы әйнегін жаңалаған кезде, 90 бұранданың 84-і қысқа әрі жұқа болған. Нақты талапқа сай бұрандаларды түгендеуге ерінген механик қолда барын бекіте салған екен. Әрине, әр зат өз орнында тұрмағаннан кейін, ауа қысымына шыдамай, ұшақтың алдыңғы әйнегі жұлынып кеткен...
Араға 5 ай салып капитан Ланкастер қайтадан ұшақ штурвалына отырыпты. British Airways компаниясында зейнет жасына дейін жұмыс істеп, кейіннен EasyJet компаниясында ұшқыштығын жалғастырған көрінеді...

Қанат ЕСКЕНДІР
Facebook парақшасынан
10 қаңтар 2020 ж. 599 0