№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қасқырды жалаң қолмен қолқасына қол салып, тұншықтырып өлтірген Қазақ!

Қасқырды жалаң қолмен қолқасына қол салып, тұншықтырып өлтірген Қазақ!


Ата-баба шаруалар өмірінше аса сергек болады. Жұрт қалың ұйқыда жатса да олардың құлағы түрік болады. Себебі халқымызда «Диқан – жауында, балықшы – дауылда, шаруа — өлгенде тынады» деген қағидаға бергісіз сөз бар. Мал – көздің жауы. Оған қандықол қарақшылар да, түз тағылары да, тіпті ауыл-үйді торуылдап иесіз қаңғып жүретін бұралқы иттер де өш. Бәріне де тегін тамақ, оңай олжа керек. Сондай шаруалардың бірі – Қуан Жәкешов. Ол — Жаңаөзеннен 90 шақырым қашықтықтағы «Жабай ұшқанда» отбасымен мал бағып отырған шаруа. 


Қуан алпыс жастың асқарына арқа сүйеген шақта арланмен айқасып, құтырған қасқырдың қолқасына қол салып, қылғындырып өлтіріп, өзі де жарадар боламын деген үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Бәрі де қаңтардың қытымыр қысының аязды түнінде, ел тыныш ұйқыда жатқан кезде, аяқ астынан ойламаған жерден болған. Айналасында көмек сұрайтын тірі пенде жоқ. Үй-іші, бала-шағасы да қалың ұйқы құшағында. Көзге түртсе көргісіз қараңғылықта өзіне тап берген қасқырға, бұл да қарусыз дымсыз, жалаңаш, жалаң қолмен шап береді. Тап берген жабайы тағыға шап бермесе өзінің тірі қалуы да екіталай. 

— 21 қаңтардың түні еді. Түн ортасында ит тынымсыз үре берді, — деп әңгімесін бастады Қуан Жәкешов. – Есік алдындағы қалың киімді желбегей жамылып, етікті қоңылтаяқ киіп, қолшамды (фонарик) ұстап, сыртқа шықтым. Үйден 100-150 метрдей жердегі қораларды айнала бергенде бірдеңе қараң-құраң еткендей болды. Қандай мақұлық екенін ажырату мүмкін емес. Жалма-жан шамның жарығын солай қарай түсірдім. Дәл сол сәтте әлгі арлан маған қарай оқша атылды. Қолымдағы шам анадай жерге ұшып түсті. Оған қарайлауға мұрша жоқ. Арлан екеуміз алыстық та кеттік. Бір құдайдан басқа сенерім де, сиынарым да, медет тілерім де жоқ. Себебі өлім мен өмірдің айқасы басталды. Қайсысымыз жеңілсек те, өлімсіз бітпейтіні ақиқат. Атаңа нәлет, желкесі майдан күжірейген нағыз көкжал екен. Жүні де қалың. Бұлтылдап қолға ұстатпайды. Ұстатқанмен уысыңа сыймайды. Азу тістері ақсыйып, аузын арандай ашып ұмтылды. Дәл сол сәтте қолқасын суырып алуды ойлап, көмейіне сол қолымды салып жібердім. Әккі қу қолқасына қолымды жолатпай, шайнап тастады. Екі саусағымды сындырып, быт-шытын шығарды. Жаным мұрнымның ұшына келді. Сонда да сыр бермедім. Сәл әлсіздік танытсам, жанымды жаһаннамға жіберетіні белгілі. Сол үшін өліспей беріспедім. Әйтеуір, жандәрмен күйі оң қолым көкжалдың өңешіне ілікті. Ол екі алдыңғы аяғымен қарманып, мойным мен құлағымның сау тамтығын қалдырмады. Тұла бойым қып-қызыл қан жоса болды. Оған да қарамадым. Оң қолыммен барынша өңешті қыса түстім. Оңайлықпен беріле қоймады. Бір кезде басымдылығым байқалды. Қасқырдың үстіне шықтым. Сонда да тыпырлап, қара жер мен аяқтарымды тырналап, азу тістерін ақсыйтып, айбат шегіп жатыр. Түрі сондай қорқынышты. Сосын өңешін бұрынғыдан да қаттырақ қысып, қос тіземмен кезекпе қос өкпесін езгілей бердім. Азу тістері ақсиғанмен қыңсылауға да шамасы келмей, буындары босап сала берді. Сөйтіп қасқырды буындырып өлтіріп, шыбын жаным аман қалды. Бірақ көкжалдың өңешін сығымдаған оң қолымның саусақтары қарысып қалыпты. Өзімде де әл-дәрмен қалмады. Әбден титықтадым. Сонда да уақыт өлтірмейін деп, үйде ұйықтап жатқан баланы ояттым. Мәшинені қыздыртып, дайындаттырдым. Жаңаөзен қалалық орталық ауруханасына таң алдында жеттік. 

Иә, Қуан Жәкешов аурахананың травмотология бөліміне жатқызылып, ем қабылдай бастады. Бүгінде беті бері қараған. Шайхы, Марат деген дәрігерлердің арқасында күннен-күнге сауғып келемін дейді. Өлген қасқардың басы Қарағия аудандық ветеринариялық стансасы арқылы Астананың ба, Алматының ба әлде Ақтаудың ба ветеринарлық зертханасына жіберілген дейді ол. Әрине, қасқырдың ақ-қарасы, ауру-сырқауы, құтырған-құтырмағаны солардың зерттеу қортындысына қарай ажыратылатынға ұқсайды. Ол үшін 20-30 күн уақыт керек. Соған қарамастан Қуекең емделіп жатыр. Ең бастысы, айығып отбасына, бала-шағасының арасына аман-есен қауышқай! 

Біз әңгімелеп отырған Қуан Жәкешов — бүгінгі бейбіт күннің батыры. Сондықтан оны қалай мақтап, мадақтап, дәріптеп, марапаттасаң да ылайықты. Бүгінгі жастар мен жасөспірімдерге қалай үлгі етіп, өнегелі өмірін, еңбекқорлығын, ерлік ісін өрнектеуге де жарасады. Кешегі Таутайлақты, Жезтырнақты өлтірген ата-бабаларымыздың қолында найза, ең берісі кездік болғаны тарихтан белгілі. Ал Қуекең көзге түртсе көргісіз жеті қараңғы түнде жалаң қолмен жалғыз өзі жаудай жағаласып, арланмен алысып, көкжалды қарусыз қылғындырып өлтіріп, бүкіл отбасы мен мал-жанын аман сақтап қалды. Мұны ерлік емес деп қалай айтасың ?!

Мұратпай Ұлықпан
28 тамыз 2019 ж. 774 0