№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚАЙЫРСЫЗ ЖАСТЫҚ ШАҚ

ҚАЙЫРСЫЗ ЖАСТЫҚ ШАҚ


Адам жасы өскен сайын ойлану қабілеті де күшейіп отыру керек. Бірақ ойды тасытып отыратын ақыл деген затқа мән беріп, оны дамытпаса ақыл шау тартып, ой шабанданады. Еріншек ақыл алжуға бейім болады.
Кез-келген адам жас кезінде ең қызықты кезеңін бастан өткереді. Ақылмен іс қылып, ертеңіне назар салған жігерлі адам ойын-сауықтан тезірек тыйылуға тырысады. Өйтпесе, ол адам «инфантилизм» дертіне шалдығады. Яғни, 30 дан асқан азаматтың мінезі 14-15 жасар бозбаланың қылығында қалып қояды.
Қазір кезде Ресейдің зиялы тобы жастардың тым ұсақталып бара жатқаны жайлы үздіксіз дабыл қағып келеді. 30-40 жыл бұрын өнер біліммен әлемді таң қалдырған орыс жұрты есалаң балаға ұқсап бара жатыр деп қынжыла жазады.
— Бір қарағанда, — дейді олар, — мемлекет жастарға көп мән беріп, бар жағдайын жасап жатқан сияқты. Жастарға арналған теле-радио хабарлар тәулік бойы саңқылдап тұр. Қала берді фестивалдер, түнгі клубтар, музыка, мода, дискотека деген секілді нығметтер жетіп артылады. Жастарға бар жағдай жасалған сайын олардың өмір сүруі мен денсаулығы не үшін күрт нашарлап бара жатыр? Оларға өмір эталоны ретінде ұсынылып жатқан барлық нәрселер оларды 30 жасқа жетбей ауру қылып бітті. Не болмаса қыршын кетіреді. Көрінген жерде арзан бағамен сатылып жатқан сыра, темекі, есірткі, жатырдағы бөпені улап өлтіретін неше түрлі дәрілер (контрацептив), түнгі клубтар, интернет кафелер, автомат ойындары, спорттың қауіпті түрлері, рок музыка оларға ешқандай да жарқын болашақ бермейді. Секске тыйым жоқ. Некесіз «ойнап-күлуге» барынша жағдай жасап бағуда. Презерватив сататын жәшіктер де толып кетті. Бұл Ресей жастарының басындағы ауыр хәл. Дегенмен бұл қазақ жастарының да басында жоқ емес.
Шыны керек қазіргі студенттер бұрынғымен салыстырғанда бақуатты. Ақысын төлеп оқып жатқан жастарда есеп жоқ. Олар «осынша ақша төлеп жатырмыз бізге неге сапалы білім бермейді, неге бізді жататын жермен қамтамасыз етпейді» деп талап қойуға да құлықсыз. Себебі, көпшілігі бұл проблемаларды пәтер жалдап, ақшаның күшімен шешіп алған. Әсіресе, ірі қалаларда оқитын студенттердің ысыраппен шашатын ақшасы көп-ақ. Университетке мәшинемен келіп кететін студенттерге ешкім таң қалып қарамайды да. Ең қымбат телефонды да студенттер тұтынады. Соңғы курстың студенттері отбасы болмаса да «өте үлкен жалақы төлейтін фирмаларда ғана жұмыс жасаймын» деп алдын ала ауыр шарт қояды. Әдетте, жұмысшының жалақысы оның тұрақтылығына, жинақтаған тәжібиесіне қарай сатылап өседі. Қазір керісінше салт басты, сабау қамшылы студенттің өзі 1000 доллардан жоғары жалақыға ғана сөйлеседі. «21-22 жасар маманның бұлдап отырғаны жастығы ғана» дейді мамандар. «Мен жаспын, қуаттымын, шаршамаймын, сымбаттымын» деген секілді тәкәппарлық мінез кеудеге сыймай, сыртқа теуіп тұр. Солай бола тұрса да, сіз «жалақым өте жақсы, бәріне жетіп артылады» деп ырзығына ырза боп отырған жас маманды өте сирек кездестіресіз. Ересек кісілер жастарға қарап сүйсінгендей-ақ. «Қазіргі жастар қандай бақытты. Техниканың ең соңғы рақатын армансыз пайдаланады. Телефон, интернет, арзан кафені айтпағанда неше түрлі дизайнмен тігілген киімдерді арзан алып, қалағанын киіп жүре береді» деп тамсанып отырады.
— Бірақ, — дейді зерттеушілер, — шындығында, бұлар инфантилизм кеселінің кезекті құрбандары. Түн ортасына дейін сайрандап жүрген жастар өздерінің жастық шақ желігінің құрбаны екенін сезбейді. Сіз бен біз дәл қазіргі сағаттарда берекелі қарттықтың қызығын көре алмайтын бақытсыз пенделердің өмірін тамашалып отырмыз. Сөйтеді де, мынадай қызық салыстыру келтіреді.
Америкадағы Ацтектердің дәурені жүріп тұрған заманда мынадай рәсім болған. Мұздай қаруланған арнайы жасақ «гүлдер соғысы» деп аталатын жорыққа аттанып, ұсақ тайпалардың ер-әйелін тұтқындап, астанаға алып келетін. «Гүлдер» дейтіні тұтқынға түскен бақытсыз жандарды бақшадағы гүлдей қылып баптайды. Тұтқындар қамалған соң оларды мал сияқты бордақылап, семіртеді. Көсемдер ғана жейтін жылы-жұмасқпен сылап-сипайды. Жастарына хас сұлуды әкеп беріп, көңілін табады. Бірақ, құрбан шалатын уақыт болғанда бейшараларды қойдай қылып көгендеп, пирамиданың төбесіне дедектетіп алып шығады. Ол жерде «Құдай қамын» жеп тұрған есалаң абыз тұтқынның кеудесін тас пышақпен тіліп, жүрегін тірідей жұлып алады. Сосын ағаш балтамен басын шауып, денесін төменге тастай салады. Қазіргі жастардың да тағдыры осыған өте ұқсас. Әуелі әбден жегізеді, тойдырады, қыдыртады, мас қылады, еркін секске жол ашып береді, тегін шприц, презерватив таратады. Сосын жастары отызға жетпеген, өнер білімнен кенде қалған жастарды жабайы аң сияқты еркіне қоя береді. Олардың көбі қылмысқа ұрынады. Көбі созылмалы ауруға шалдығады. Берекелі отбасын құра алмайды.
Ацтек құдайларының құрбаны болған үндістер өлетінін біліп тұратын. Ал, біздің жастар аста-төк шылқыған өмірінің өкінішпен бітерін білмейді. Олар: «бәрі тамаша, бәрі де чики чики» деуден жалығар емес.
Қоғам мен адам алдында ешқандай да моралдық міндетті, жауапкершілікті мойындарына алғысы келмейтін жұғымсыз жастарды көбейте бергеннен не пайда? Инфантилизмнің қолтығына су бүркіп, өртті өршіте бергеннен кім не ұтады? Кімге бұл пайдалы? — деп орыс педагогтары зар илейді. Көптеген кісілер бұған терең мән берместен жайбарақат ғана «инфантилизм елдің ішінде өз бетінше жайылып бара жатыр, оны жоспарлы түрде ешкім жүзеге асырып жатқан жоқ» деп ойлайды. Шындығында солай ма? Онда неге көшелерде порнографиалық журналдармен ауызы-мұрнына шейін толып кетті? Жас жігіттің мақсат мұратын жойып жіберетін ойсыз, мәнсіз телехабарлар нөпір болып ашылар ма еді? Мектептегі адам жанына азық болатын әдеби сабақтардың сағаты жылдан-жылға қысқарып бара жатқан жоқ па?
— Бұрындары, — дейді зерттеушілер, — дүкен ұстайтын ұсақ саудагерлерді «ұсақ адамдар» деп, ел-жұрт онша жақтырмайтын. «Таңертеңнен кешке дейін қуықтай қуысына қамалып алып, тиын санаудан қолы босамайтын пайдакүнем» деп кемсітетін. Қазір қарап отырсаң дүкеншінің өзі ақын, қоғам қайраткері, мәдениет өкілі болмаса да ертеңін ойламайтын бақытсыз инфантилистпен салыстырғанда көш артық екен-ау. Дүкендерінде өмір бақи қамалып қалса да олардың кеуделерінде бала-шағаны аштан өлтірмей асырау керек деген мақсат болатын. Ұсақ саудасына маталып отырып, «өзім оқымасам да бір баламды оқытармын» деген арманмен өмір кешетін еді. Біздің қазіргі ұрпақта ондай да арман қалмады. Ақылдары дамымай мешеу қалып қойған. Қоғам алдында, адам алдында, Құдай алдында ешқандай да жауапкершілікті сезінбейтін санасыз айуан секілді. Ақиқатында ақылы зорайып, инфантилизммен қоштасқан азамат біреудің қайғысын бөлісетін қасиет табуға тырысады. Үлкен жауапгершілік арқалаған бозбала өзгенің қажеті үшін отқа да түсуге дайын болатын жағдайға жетеді. Бірақ мұндай мінездің бастау бұлағы не?
Әлбетте, ақыл-есі бүтін, рухани сырқаты жоқ жұмыр басты пенде жасы өске сайын өзгенің де жүгін арқалап кете беретін атпал азаматқа айналуы тиіс. Қоғам мен Құдай алдындағы міндеті мен жауапгершілігін жоғалтқан адамның санасында автоматты түрде инфантилизм ауры асқынып шыға келеді. Енді бұлар жасы алпысқа келсе де тәлпіштігін қоймайды. Бұл кеселге шалдыққан әжелердің өзі кішкентай қыз секілді өздерін Лена, Катя, Ляля деп атағанды жөн санайды. Ғайса пайғамбар «жан дүниелеріңді періштедей таза сақтаңдар», «Таза жанның былғанып, болмасқа байланып қалуына жол бермеңдер» деп өсиет айтатын еді. Енді осы жандарың баланың жанындай таза болсын деген әңгімені осылай кері түсініп, теріс тәпсірлейтін болып алды.
Бұрынғы өткен ойшылдар «Әлемді құтқаратын нәрсе ересектің жасарғаны емес жастардың тезірек ер жетсем екен деген арманы» деуші еді. Қазір бізде есі кетіп, ақылынан ауысқанша компьютерде ойын ойнап отыра беретін балаларды инфантилист деп атайтын болды. 14-15 жасқа келгенде жастардың көкірегінде бүр жаруы тиіс «ерлік жасау, біреу үшін қайғы шегу, махаббатта адал болу» деген секілді асыл мұраттар оңбаған ойындармен бірге жойылды. Ұзын сөздің қысқасы орыс жанашырлары жастардың бойына мықтап сіңген рухани аурудың бәрін санап, сараптап келе ақырында тығырықтан шығатын жол іздейді. Асыл мұраттарын, таза ниеттерін өздерінің дәстүрлі діндері христиандық діннен тапқысы келіп, ел-жұртын, жастарын православтық христиан дінін ұстанып, Ғайса пайғамбардың өсиеттеріне берік болуға үгіттейді.
Орыс интелигенциасының осы жан айқайын Қазақстанға қаратып айтса еш жерін түзетіп керегі жоқ шығар. Қазір кез-келген қазақ студентіне «Бітірген соң не істейсің? Болашағыңды қалай елестетесің?» деп тексеріп көріңіз. Бірден айтып қоялық, ешқандай жартымды жауап ала алмайсыз. Сұралғандардың 90 % иығын қиқаң еткізіп «оны со кезде көреміз», «Құдай біледі» не болмаса «білмейімін папам әзірше оқи бер сосын көреміз деген» деп жауап береді. Бар жоғы 4-5 жылға созылатын санаулы ғана студентік өмірде жоспар құрып, уақытты үнемдеп, мақсатты түрде терең білім алуға инфантилист студенттің ақыл күші жетпейді. Оны ойланса миына кәдімгідей күш түсіп, жүйкесі шынымен шаршап қалады. Ғалымдар айтпақшы «дүкен ашып сауда жасап, отбасымды асыраймын» дейтін ұсақ дүкеншіге зар боп қаласыз.
Бізде де орта жастағы аға буын арасында есейудің орнына кішірейу процесі қарқын алғанын оп-оңай көруге болады. Оның қоғамдағы ең бірінші көрінісі 40 жасар кісінің бала сияқты киінуі. Қып-қысқа, жүгіргенге қолайлы балақсыз шалбарды осыдан 15-20 жыл бұрын 7 жас пен 13 жастың арасындағы балалар киетін. Қазір 60 тан асқан шал-шауқандарымыз да шорти кимесе тез «ыстықтап», қан қысымы көтеріліп кететін болды.
Мен бірде жігіт ағасының үйінде отырып жасын сұрасып қалдым. Үй иесі «50 ге тақадым» деді. Мен:
— Жастықпен қоштасып, қазыналы қарттыққа қарай біржола бет бұрыпсыз ғой, — деп едім ол кісі шабына шоқ түскендей шар ете қалды.
— Оу, інім тым қартайтып жібердің ғой, жасымыз қартайса да көңіліміз әлі жас. Қалаға шыққанда қыз-келіншек көрсек әлі де жаман қырындамаймыз. Інішек қартайыпсыз деген сөзің көңіліме тиіп қалды, — деп, сылқым жігіттің жараспайтын қылықтарын қайталай бастады.
Бұл дерт егде тартқан әйелдерге де тез жұқты. Жасы 40 тан асқан әйелдер орамал тартып, шашын қымтап жүруді ерсі санайды. Кісіні үлкейтіп көрсететін киімдерді барынша кимеуге тырысады. Қазақша айтсақ, лақпын деп ойнайды, тоқал ешкінің кері.
Ең қызығы жастардың есейгісі келмей шәлкем-шәліс мінездерімен қоғамдық орындарда әдепсіз жүріп тұруы үлкен кісілердің жынына тиеді. Ересектердің бәрі «қазіргі жастар құрыған» деп басталатын классикалық «даналықты» бір-бірінің ауызынан іліп әкетуге дайын-ақ тұрады. Бірақ жастардың ақыл, есін, көзқарасын буындырып өсірмей тастаған өздерінің инфантилистік түсінігі екенін сезбейді?
Біз түгілі әлемге білім шашқан орыс интелигентциясының өзі осындай шарасыз халде шырылдап отыр.
Қазақстандағы шамадан тыс БАҚ қаптап кеткен ойын сауық бағдарламалардың көбейіп кетуі бұл дертті тек асқындыра түседі. Себебі, тек қана арзан күлкі мен арсыз әзіл қалжыңға құрылған ТВ шоулар адам ақылына сәуле шашпайды. Кеудедегі тұманды ойды ыдыратып, мәңгілік мұрат пен арман мақсатты айқындап бермейді.

Санжар Керімбай
26 тамыз 2019 ж. 986 0