«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Игі іс – КӨҢІЛДІ ЖАЙЛАНДЫРАДЫ

Игі іс – КӨҢІЛДІ ЖАЙЛАНДЫРАДЫ

Биыл Жаңақорған ауданындағы үлкен жаңалықтың бірі – «Жаңарған Жаңақорған Жастары» еріктілер тобы құрылып, тың бастамаларға ұйытқы болуы. Жігерлі, белсенді жастарға аудан әкімі Ғалым Әміреев қолдау көрсетіп, демеуінің нәтижесінде жасалған жұмыстар өрге басуда. Еріктілер тобының қолға алған сауапты ісінің негізгісінің қатарына «QAMQOR» әлеуметтік дүкенін жатқызуға болады. Осы орайда «Ордакент» ардагерлер және жастар ресурстық орталығында орналасқан қайырымдылық дүкеніне арнайы барып, мән-жайды білдік.



Аталған әлеуметтік дүкен жағдайы төмен отбасылар мен мұқтаж жандарды киім-кешекпен қамтамасыз етуді мақсат еткен. Айта кететіні, мұнда тек материалдық жағынан көмек беріп қана қоймай, көмек сұрай келген жұмыссыз азаматтарды қабілетіне қарай жұмысқа баулиды. Осылайша қоғамда өз орнын тауып, белгілі бір кәсіп түрімен айналысып, отбасын өзі асырай алатындай деңгейге жетуіне септігін тигізеді.
«QAMQOR»» әлеуметтік дүкенінен аптанын бес күнінде мұқтаж жандар келіп, қажетті заттарын алып кете алады. Тек өзіңізбен жеке куәлік пен әлеуметтік аз қамтылатын топтың өкілі екенін анықтайтын құжат болса болғаны. Сондай-ақ қайырымды іске үн қосып, атсалысамын дейтін ниеттілер заттай өткізуіне болады.
– Тек киім-кешек қана тарқатып қоймай, көмек сұрай келген жандарға жұмыс жасауды ұсынамыз. Егер келісіп жатса, белгілі кәсіпкерлерде тәжірибе алмасып, іс үйренуіне жағдай жасаймыз. Кәсіпті өзі алып кететіндей болса, қажетті құрал-сайманын алып береміз. Яғни тігінге қабілеті болса, тігін мәшинесін алып беру, дәнекерлеуші қасынан тәжірибеден өтсе соған қажетті заттарын алып беруге демеу болу. Бүгін ғана аудан тұрғыны Жанат Омароваға бизнесін қолдау мақсатында көмек ретінде мұздатқыш тарту етілді. Ол өзінің өнімі – түшпараны сақтап, өткізуге қолдау тапты. Біздің көздеген мақсатымыз да – қолға балық бермей, қармақ ұстатып, оны қалай балық аулау қажеттілігіне үйрету – дейді. «QAMQOR» әлеуметтік дүкенінің жетекшісі Наржан Молдабеков.
Наржанның айтуынша, бұл дүкен аудан әкімінің қолдауымен «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілер тобының ұйытқы болуымен ашылған. Мақсаты – мұқтаж жандарға көмек беру, қол ұшын созу. Ашылғанына енді бір айдан асқан дүкенге келіп жатқан адам да, заттар да аз емес. Дүкен ашылған күннен бері 220-дан аса мұқтаж адамға қызмет көрсетті.
Сауапты істің басынан табылып, әлеуметтік дүкенге киім-кешек өткізгеннің бірі Фатима Бесбайқызы. Ол: «Қазір тоқшылық заман. Келіндер әр тойға бір киім алады. Оны киіп қатырмайды да. Ерлердің өзі киімге талғампаз қарайтын болды. Сырап етіп кисе мейлі ғой! Міне, сондай бірнеше рет киілген, су жаңа киімдер сарайда үйіліп жатыр. Соларды жуып-шайып, үтектеп, «QAMQOR»-лық дүкеніне өткіздім. Сосын Арысқа да жөнелттім. Адам жақсылық жасаса жаны рахаттанып, рухы нұрллана түседі деген рас екен. Көңілім жайланып қалды», – деді.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында: «Масылдық пен әлеуметтік инфантилизм секілді құбылыстарды еңсеріп, жеке адам мен бизнестің жоғары жауапкершілігіне, барлық еңбек субьектілерінің мемлекетке қатысты әріптестік өзара қарым-қатынасына негізделген еңбек қызметі мен игілікке жаңа тартымдылық енгізуі қажет» деген еді. Ерікті жастардың қарекеті Елбасының ойымен үйлесіп, нақты жүзеге асыруды мұрат еткені сүйсіндірді. Жастардың сауапты ісін жаңақорғандықтар жан-жақты қолдайтынына сенім мол.

Лаура БИБАСАРОВА
07 шілде 2019 ж. 1 249 0