№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » КЕРЕК КӘСІП ҚАЙДА БАР?

КЕРЕК КӘСІП ҚАЙДА БАР?

  Осыдан мың жыл бұрын бабаларымыз – «Жастар қалай болып барады» деп ұрпақтарына көңілі толмай отырады екен.
Қазір де бұқаралық ақпарат құралдарында жастарған сыни көзбен қарау, олардың ұлттық құндылықтарды құрметтемеуі, ана тілін сыйламауы, батыстың мәдениетіне орынсыз еліктеуі, жұмысқа жалқаулығы, маскүнемдік пен зиянды әдеттерге бейімділігі бірде ретімен, бірде жөнсіз сынға алынып жатады.

Жылдар жылжып, ұрпақ ауысып жаңарған сайын жастардың кәсіби білімділігі артып, мәдениетінің жоғарылап, тұрмысы жақсарып келе жатқанын аңғармауға болмайды. Кешегі киіз үй, жер кепелер мен тоқал тамдарды көріп өскен біздің ұрпақ еңселі, қыш қабырғалы, түніке шатырлы, хан сарайындай үйлерге қоныстанды. Қазір халқымыздың 90 пайызы орыс тілін толық меңгеріп, жастарымыз ағыл­шын, француз, неміс, қытай, жапон тілдерінің жілігін шағуға кірісті. Шет елдерде білім алып, ғылыми атағын қорғап келіп жатқан жастарымыз қаншама. Халқымыздың жоғарғы білімге деген, қала берді орта арнаулы білім алуға деген ынтасы өте жоғары. Елімізде заңгер, экономист, банк қызметкері, мұғалім, дәрігер, мәдениет қызметкерлері мен әкімшілік саладағы мемлекеттік қызметке мамандар артығымен даярланған.
Бір өкініштісі, бұқара халықтың басым көпшілігіне керекті зәру кәсіптерге деген бетбұрыс бізде әлі жасалмай келе жатқан сияқты. Ел басшысы бас болып, Үкімет қоштап, Парламент қолдап отырған шағын кәсіпкерлікті дамыту жұмысы елде әлі мешеу қалуда. Осы орайда жастарымыздың назарын өте қажетті бірсыпыра кәсіптерге аударғым келеді. Осы мәселені «Qazaqstan» телеарнасында «Қажетті кәсіп» айдарымен жақсы насихаттай бастады. Бізге керек, көпшілік сұранысына ие кәсіптердің тізбесі күн санап көбейіп келеді. Екі үйдің бірінде автомашина, оның көпшілігі шетелдік, тұрмысымызда телевизордың, ұялы телефон мен компьютердің, электр приборларының неше алуаны енуде.
Халқымыздың тұрмысы түзелген сайын сәнді-сапалы, өзіне қонымды киім іздей бастады. Өз денесін таза ұстап, сәндеп шаш қою, бет-әлпетін әрлеу әдетке айналды. Осы өзгерістерге лайықты жұмыс атқаратын, халыққа тұрмыстық қызмет көрсететін қажет мамандықтар тізбесі күн санап көбеюде. Маман кәсіп иесі ауадай қажеттілікке айналды. Өз бейімділігін анықтаған азаматқа үйренетін, үйрететін жерді іздеп алысқа барудың қажеті жоқ, өз елімізде, жерімізде жетіп артылады.
Қазір жұмыс жасап жүрген кәсіпкерлерге қолбала болып кіруден бастап, шәкірттікке көтеріліп; маман болып шығу үшін көп уақыт, қаржы қажет емес. Ең басты керегі, ниетті, ынтаны түзеп, жалқаулық пен ата-анаға деген масылдықтан ертерек айығуды армандау ғана.
Біздегі үлкен сұранысқа ие Итальян аяқ киімдері. Қытай қолөнер бұйымдары, Түркиядан келіп жатқан тері тондар, бұйымдар негізінен жеке үйлердегі шеберханаларда жасалады екен. Біздің елде үлкен қарқынмен шеберханалар емес тойханалар дамып келеді. Сол баяғы тойға шашылған қазақи менталитетімізді қолында қаржысы бар азаматтар байқап, бұл психологияның әзір өзгере қоймайтынына сенімді сияқты.
Жапон халқында «Көршің балық сұраса –берме, қармақ беріп балық ұстауды үйрет» – дейді екен. Соған сәйкес қазақта да «Досың қарыз сұраса – берме, ақша табудың жолын көрсет» дейді. Өкініштісі, нарықтық заманға бейімделе алмай, жұмыс таппай жүргендер бізде жетерлік. Сонымен қабат өз кәсібін жолға қойып, тапқанына тұрмысын түзеп, кәсіпкерлігін өрістетіп отырғандар да аз емес. Атын атап, түсін түстемей-ақ аудан орталығында жоғарғы деңгейде жұмыс істеп тұрған наубайханалар, машина жуу, жөндеу орындары ашылып келеді. Ал керектісі әлі жетіп артылады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін (кластерлік жүйеде) соңғы сатысына дейін өңдеу мешеу күйінше қалуда.
Бізде егіншілік өнімдері соңғы сатысына дейін өңделмейді. Жылдың кез келген мезгілінде сақтауға бейім, алыс жолға шығаруға ыңғайлы бір де бір Сыр бойының тіл үйірген бау-бақша, мал өнімі бізде жасалмайды. Бұл жағдайда еліміз бүкіл әлемдік сауда ұйымына мүше болғанмен тек арзан шикізат өндіруші ел болып қалып, ата кәсіп деп келген мал шаруашылығы да бізді мешеуліктен құтқармайды. Есте ұстайтын бір жағдай ауа райының, жер құнарлығының мықтылығынан бізде сапалы бау-бақша, егіншілік, мал өнімдері дайындалуда. Осыны тиісінше өңдеп, сатуға бейімдей білуіміз қажет-ақ сияқты. Осы саланы зерттеп істі атқаратын қаншама қажетті мамандықтар бар. Ізденейік.

Сейілхан ҮСЕНБАЕВ,
ауылшаруашылығы
саласының ардагері.

13 тамыз 2019 ж. 744 0