Соңғы жаңалықтар

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ҒАРЫШТЫҢ ҒАЛАМАТЫ

ҒАРЫШТЫҢ ҒАЛАМАТЫ



Ақыл-ойлы материяның ең жетілген өкілі – миды ғарышпен салыстыруға әбден болар еді. Мидың оған тұрарлық қасиеттері жеткілікті. Аспандағы жұлдыздар дүниесі қаншалықты шексіз, көз жеткізгісіз таңғажайып және теңдесі жоқ болғанымен, өзінің күрделілігі жағынан адам миы да соншалықты шексіз дүние болып табылады. Бұл да өз алдына бір дүние, онда теңдесі жоқ қабілеттер мен шексіз мүмкіндіктер бар.
Ми жайында бұдан да көп айтуға болар еді: біздің Жер жөніндегі, ғарыш жөніндегі, өзіміз жайлы барлық білімдеріміз таным мүшесі ретіндегі өз миымыздың жұмысын қаншалықты түсіне білетінімізге байланысты. «Ми қызметінің мәнін түсіну, – деген академик П.Анохин, – маған және менің көптеген әріптестеріме өзге мәселелерден әлдеқайда елеулі міндет болып көрінеді. Өйткені адамның барлық қызметі, адамдар арасындағы барлық қарым-қатынастар, шығармашылықтың барлық түрлері, адамзаттың үміттері мен болашағы ми қызметіне және оның жетілуіне байланысты. Аса ірі бір ғалымның сөзімен айтқанда, адамның ақыл-ойы болмаса, дүниенің барлық құбылыстары аңырап бос жатқан залдың ішінде болып жатқан оқиға сияқтанар еді».
Зерделі адамдар талай мыңдаған жылдардан бері ми қызметінің жұмбағын шешпек болып келеді. Оның әр түрлі жақтарын анықтаумен, оның ішіндегі процестерді сипаттаумен қатар, ми қызметі қашанда мистикалық жамылғыларға оранып келгені мәлім. Миды және оның міндеттерін зерттеу тарихы – материалистік және идеалистік көзқарастардың кескілескен күресінің тарихы.
Істің мәнісі өткен уақыттарда осылай болған, қазіргі күнде де солай болып отыр.
ХІХ ғасырдың аяқ шенінде Киев діни семинариясының ректоры архимандрит Борис.: «Адамның рухани өмірін тап-таза физиологиялық жағынан түсіндіру мүмкін еместігі туралы» деген шығарма жазған. Рухани өмір дегеніміз – мидың қызметі екенімен келісе отырып, ол психикалық құбылыстардың мидан тыс нағыз болмысы бар дегенді пайымдайды. Сонда ол қайда? Бұл бізге түсініксіз, оны біздің білуімізге болмайды, өйткені мұның өзі «құдайдың ісі» – дейді діндар.
Алайда мұндай көзқарастарды ғылыми еңбектерден де кездестіру қиын емес. Мәселен, ағылшын физиологы Ч.Шеррингтон былай деп ойлайды: ойдың өзіне тән ерекше қайнар көзі бар, ол материядан тыс жерде болады, бірақ неліктен екені белгісіз, мидың ішінде тіршілік етеді. Оның пайымдауынша, психикалық нәрсе физикалық құбылыс бола алмайды, сондықтан оны ғылыми жағынан зерттеуге келмейді. Ал неміс психиатры К.Клейст тіпті бұдан да әрі барып, адамның бойына «туа біткен» діни сезімі ми затының нақтылы қай жерінде жатқанын анықтауға әрекет жасаған.
Ми біздің организмімізде ерекше орын алады. Оның аса нәзік тіндерін сырттан бас сүйегі қорғайды, іште миды әр түрлі шайқалудан, зақымданудан қорғап тұратын мидың ерекше сұйық заты болады. Дененің жалпы салмағының 2%-ы ғана бола тұрып, ми мыңдаған қан тамырларымен бірге организмнің алатын оттегінің 20%-ын сіңіреді. Организм ашыққан кездің өзінде де ми қорек заттарының ешбір пропорцияға жатпайтын зор бөлігін алады. Өмірлік тіршілігіне қажетті қорек заттарын ала алмаған бала денесалмағының 50%-ына дейін айрылуы мүмкін. Бірақ ми салмағының 15%-ынан ғана айрылады.
Австралиялық анатом Ф.Галль ми туралы ғылымға елеулі үлес қосты. ХІХ ғасырдың басында ол ми қабының маңызды рөлі жайында алғаш рет пікір айтты. Ғылым тарихында Галль френологияны жасаушы ретінде аты қалды. Бұл ілім бойынша бас сүйегінің бітісіне қарап, адамның мінезі қандай екенін айтып беруге болады. Бұл мейлінше теріс болжамды кейіннен барлық түрдегі нәсілшілдер өз қарауы етіп қабылдады. Бірақ ол кезде Галльдің көзі тірісінде оның идеялары ми туралы ғылымды дамытуға игі әсер етті. Мидың әр түрлі процестерді атқаратын, организмнің физиологиялық міндеттерін реттейтін нақты бөліктерін іздеу басталды.
Ми қызметі механизмінің кілті жүйке жасушаларында – нейрондарда болады, бұлардың орасан зор армиясы – 14 – 16 миллиарды біздің ақыл-ой орталығымыз болап табылады. Нақ осы жасушалар сезім мүшелері немесе басқа да жүйке жасушалары арқылы сыртқы дүниеден келетін ақпаратты қабыл алып сұрыптайды. Бұл ақпарат электр импульстары немесе химиялық белгілер түрінде жүйке талшықтарына беріледі, ал бұған жауап ретінде дененің әр түрлі бөліктеріне қимыл жасауға өзге жүйкелер арқылы команда таратылады.
Ми жасушалары бір-бірінен өзгеше болатынға ұқсайды. Ерекше биохимиялық «әрекеттер» әрбір жасушаны айрықша сипатқа бөлейді. Жасушалардың жеке топтары белгілі бір айқын міндет атқарады, мәселен, тыныс алуды, ұйқыны, жүректің жұмысын басқарады. Мидың жарты шарларына бөлінген, бірақ бір-бірімен тығыз байланысты жасушалар бейне бір радио қабылдағыштай дыбысты реттеуші аспап ретінде адамның белгілі бір нәрсеге назар аударуын және «ақыл-ой жұмсауын» басқаратын болса керек.
Мидың желке бөлігі адамның қимылын реттеп отырады. Бұл қарақұс арқылы омыртқамен, оның арғы жағындағы жұлынмен жалғасады.
Мидың ең негізгі міндеттері – ойлау, сөйлеу, бірдеңені есінде ұстау сияқты қасиеттер жұқа да сұр қабыршақпен байланыстиы болса керек. Бұл қабыршақ мидың алдыңғы және екі жақ сыртын бүркеп тұрады және ми қабы деп аталады.
Бұл араға мидың әр түрлі бөліктерінен белгілер келіп түседі. Алдымен ми қабына хабар келеді, сол сезеді.
Ми бір мезетте жүздеген мың импульс белгілерін өңдеп, іріктей алады. Оның кейбір бөліктерінде шамамен алғанда, 15 см куб 100 млн-ға дейін жүйке жасушалары келеді. Бұлардың әрқайсысы мыңдаған басқа жасушалармен жалғасып жатады.
Ал нейронның ішкі құрылысы қаншалықты күрделі және әбден жетілген дерсің. Көрнекілік үшін оны үлкен химия комбинатымен салыстыруға болады. Нейрондар өте нәзік мембраналардан, жылға-жылға каналшалардан, түтікшелерден, талшықтардан және басқа да құрылымдардан тұрады; бұлардың үлкендігі оннан 2-3 мың ангстремге дейін жетеді. Комбинат «цехтарында» жасушаның тіршілігіне керекті заттардың бәрі жасалып шығады.
Бұл арада мынаны атап көрсеткен жөн: дүниеде бір-бірінен айнымайтын екі адам жоқ болса, сол сияқты барлық адамдардың ми жасушаларының құрылысы да бірдей емес.
Миды және оның жасушаларын бейнелеп айтқанда Сана өлкесі деуге болар еді. Оған алғаш жақындап қарағанда: «құрылысы қандай екен?» – деген сауал бірден туады. Өкінішке орай, оның әлі белгісіз жерлері өте көп. «Түсінемін», «ойлаймын», «есіме түсті» деген сөздерді білдіру үшін қандай физикалық-химиялық процестер болады? Біз бұған әлі жауап бере алмаймыз.
Бұл күнде ғалымдардың орасан зор армиясы «ақыл-ой ғарышын» зерттеп жатыр. Бұлардың шығармашылық ізденулерін географиялық ұлы жаңалықтарды ашар қарсаңында жер кезген алғашқы жиһанкездердің еңбегімен салыстыруға болар еді.
Соңғы және кейінгі ондаған жылдарда ашылған жаңалықтар нейрофизиологтардың көп жұмыс істегенін мейлінше айқын көрсетеді. Бұл жаңалықтар ғылым үшін жан баспайтын шыңдар жоқ екенін, танымның шексіздігін тағы да аңғартады. Ғылымда әлі ашылмаған нәрселер болғанымен, бірақ ашылмайтын жаңалықтың жоқ екені ұлы шындық болып табылады. Сана өлкесі өзінің қайталанбас ерекшеліктері мен әдеттен тыс мүмкіндіктерін барған сайын көбірек ашып келеді.
31 шілде 2019 ж. 573 0