№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Материалдық демеу – масылдыққа желеу ме?

Материалдық демеу – масылдыққа желеу ме?


Бүгінде қазақстандықтардың өмір сүру үлгі-қалыптары тұрақты жоғарылауда. Дегенмен біздің азаматтарымыздың тұрақтылық пен игілік жемістерін қаншалықты тиімді пайдаланып келе жатқаны маңызды мәселе болып табылады.
Соңғы кездері әлеуметтік жаңғырту мақсатына көптеген игі іс-қадамдар жасалып жатыр. Бұл қадамдар бүкіл қоғамның әрбір қазақстандық отбасы мен әрбір қазақстандықтың өміріне шынайы сезінерліктей оң өзгерістер әкелуге бағытталған нақты нәтижелерді талап етеді.


Әлеуметтік жаңғырту тіпті де мем­лекет үшін жасалмайды, ол әрбір нақты азаматқа қызмет етіп, пайда әкелуі тиіс. Сонымен қатар, әлеуметтік кепіл­демелерді кеңейту қазақстандықтар сана­сында үлкен өзгерістер қалып­тас­тыруы тиіс.
Әлемдік өркениеттің барлық құнды­лықтары адамның еңбегімен жасалады. Сондықтан да еңбек – ХХІ ғасырда шешуші ұлттық фактор ретінде жаһандық бәсекелестік жағдайында алдыңғы кезекке шығуы тиіс.
Бұл жөнінде Елбасы халыққа арнаған Жолдауында: «Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» деп айқын көрсетіп берді.
Еліміз өз егемендігін алып, есін жиып, дамудың даңғыл бағыттарын белгілеген алғашқы кезеңнен бастап ең алдымен ел ішіндегі аз қамтылған отбасыларын ең төменгі күнкөріс көрсеткіші бойынша есепке алып, демеу шараларын белгілеуге кірісті. Сөйтіп атаулы әлеуметтік көмек деген термин пайда болды. Тоқсаныншы жылдары осы жәрдем түрін алуға тілек білдіріп, қаз-қатар кезекке тұрған көптің арасынан өзіміз көріп жүргендей күнкөрісі тәп-тәуір, жағдайы толық тұлғаларды байқағанымызда еріксіз бас шайқағанымыз жасырын емес. Тамыр-таныстықты пайдаланып солардың көбінің көтерме қаржыны қалтаға басуға қолы да жетті.
Мұны еңбексіз табыс табуды жек көрмейтін тоғышарлықтың бір көрінісі деуге болар еді. Бірақ мұның екінші жағы бар екенінен әлгі бауырларымыздың бейхабарлығы өкінішті. Өздері жалпақ тілмен «кедейгершілік» деп ат қойып алған әлгі көмекке түрлі жолмен қол жеткізіп, біреудің несібесіне ортақ болған әлгіндей жандардың уақыт өте келе шынымен тұрмысы тұралап, нағыз үкіметтік жәрдемге зәру күйге түскен жай-күйлеріне қарап «әттеген-ай» де­ген­нен басқа амалыңыз қалмайды екен. Өйткені әркім не нәрсеге де өзінің ниеті арқылы жететін табиғаттың әділ үкімі бар. Бұл қағиданы қатып ұстайтын қазақ «бүлінгеннен бүлдіргі алма» деп иесіз жатқан көз қызығарлықтай болсын қирандыдан қылдай нәрсе дәметпеген.
Адамнан адамның артығы жоқ. Үмітіңді үкілеп, өзгеден үстем ететін бойыңдағы қадір-қасиетің ғана. Оны тәмам жұрт қана емес, тағдыр да таразыға сап, саралап салмақтап, соған лайықты тарту жасайтынын осы мысалдан-ақ көруге болады.
Масылдық деп – әлдекімнің еңбегінің үстінен күн көруге машықтанған сүйкімсіз әдет-дағдыны айтуға болады. Ол ер-әйел, үлкен-кіші деп жас, жыныс талғап жатпай ақылы келте, ар-ұяты төмен мұңсыз жандарды ерттеп мініп, егесін еріншектік пен жалқаулықтың жарқабағынан жарты қадам ұзатпайтын ұнамсыз ғадет. Оның шылбырын үзіп шығып, намысқа мініп, өз күнін өзі көруге тырысқан кімнің болсын адал еңбегінен абырой тауып, адам атын асқақ тұтар азамат қалыптасарына күмәнданбаса болады.
Әлеуметтік көмекпен қамтылып, үкіметтің аз-маз жәрдемақысына арқа сүйеп жүрген жамағатты жалпылай қоғамға масыл тұлға деп айыптаудан аулақ болуымыз керек. Халықтың бұл бөлігі уақытша мерзімде аяғынан тік тұрып кете алмай, белгілі бір кезеңде қолтығынан демеп жіберетін қаржылай кепілдікке зәру әлеуметтің бір тобы ғана. Сәті келіп, жағдайы оңалған соң оларға жәрдемақы тағайындау да тоқтайды.
Табиғатымыздың тегін тартуы – шипалы суы бар мекенде екі-үш күн аялдап ем қабылдайтын болып, бір келіншекпен бір бөлмеде дәмдес-тұздас болып бірге жаттық. Ем алу үшін арнайы келгені болмаса әлеуметтік жағдайы өте төмен екені көрініп тұр. Үстіндегі көйлегі өрім-өрім. Үш-төрт жыл иығынан түспегені көрініп тұр. Өзінің бесінші баласына аяғы ауыр екен. Аяқ-қолы жылдам, тірлікке пысық жап-жас келіншектің аса құнтты ғана емес ерекше қанағатшылдығына қатты таң қалдым. Осы күйіне титтей де ренжімей, «ең бастысы, денім сау, балаларым аман ғой» деп ұнжырғасын түсірмей, келешекке жарқын үмітін жықпауы көңілімді елжіретті.
Елден жырақ қырда отырып күйеуі екеуі жеке бір адамның малын бағады екен. Балалары қайынағасының үйінде өсіп-өніп жатыр. Жас ананың арманы – бала-шағасының басын бұзбай, бір отанда өсіп-өркендеуі үшін ұядай етіп үй соғып алу екен. Сөйтіп бірінші және екінші, сосын үшінші баласын туғанда берілетін жергөкпұлдың басын бұзбай болашақ баспанасының іргетасына қажет материалын алыпты. Төртіншісінде үйдің фундаментін құйғызуға қол жетіпті. Енді күтіп отырған бесінші баласында баспанасының қабырғасын өріп бастандыруға ниет қылып отыр.
Сол баяғы ұрпақ үшін басын бәйгеге тігетін ана атаулының табиғатына тән адалдықтың ұшқынын сөндірмеген мінезге бай, сезімге мықты, арманы алатаудай ару отыр менің алдымда. Қоғам ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүретін масылдық атаулыдан ада болуы үшін осындай азаматтардың тамаша мақсаткерлігі кім-кімге де үлгі.
«Әр балаға 21 мың теңгеден тағайын­далған атаулы әлеуметтік көмекке қолың жетті ме?» – деп сұрадым әлгі келіншектен. Отыздың о жоқ, бұ жоғындағы келіншек қуанышын бүгіп қалмады.
– Ия, алдағы айдан бастап жәр­демақыны алатын болдым. Тұңғышымыз 2-сыныпта оқиды. Кішкентайымыз енді дүниеге келеді. Күнкөріс көлемі отбасының әр мүшесіне шаққанда көрсеткіштен төмен болып шықты» деуінен еңбекақыларының мардымсыз екеніне көзім жетті. Дегенмен, мына хабарға мен де қуандым. Тым болмаса бауырымның көйлегі жаңаратын болды-ау деп.
Осы жерде тағы бір ой қылтияды. Дап-дардай кәсіпті иеленіп, малдың соңында жүрген ерлі-зайыпқа қо­жайын­дары жалақыдан бөлек, бес-алты саулықты артық беріп, «осыны өздерің асырап, ыстықауметіңе жарата қойыңдар» десе дәл мынадай күйге түсіп, жәрдемақыға там соғып, көйлегі тозып жүрмес еді-ау қызғалдақ өмір. Әр көктем отар-отар қойдың қырылып жататыны қалталылардың сол қаттылығына қылған құдыреттің кәрі емес пе деп ойлайсың кейде.
Биыл атаулы әлеуметтік көмектің көрсету көлемі ең төменгі айлық көрсеткіштің 70 пайызға ұлғайтылуына байланысты көп балалы отбасылары үшін әр балаға 21 мың теңгеден тағайындалды. Құзырлы орындар осы көмектің тиісті отбасыларға қамтылуына қарқынды жұмыс атқарып жатыр. Нәтижесінде, бағдарлама күшіне енген сәуір-мамыр айларында аудан бойынша 1113 отбасы, яғни 5454 адам тиісті жәрдемақымен қамтылды. Бұрыннан атаулы жәрдемақы алып келе жатқан 319 отбасы автоматты түрде жәрдемақы төлеудің жаңа түріне көшірілді. Сол кездің өзінде игерілуге тиіс 110 млн. теңгенің 73 пайызы тиісті тұлғаларға төленді.
Әрбір тұлға туған Қазақстанда еңбек етіп, әлеуеттерін жүзеге асыру қажет: Ол үшін мемлекет барлық жағдайды жасауда және жасай береді.
Бұл жерде бір ғана нәрсе айқын, тек еңбек қана барлық қиындықты жеңбек.

Баян ҮСЕЙІНОВА
17 шілде 2019 ж. 717 0