СУҒА КЕТУДЕН САҚТАНУДЫҢ ЖОЛЫ ҚАНДАЙ?
Шіліңгір шілде. Аптап ыстық. Мұндай кезде жұрт дария жағалап, каналдар мен көлдерде суға түсетіні белігілі. Адамдар суға шомылғанда қауіпсіздік ережелерін сақтамауы мен алкогольді ішімдіктерді қолдануының салдарынан қайғылы жағдайлар орын алып жатады. Биылғы суға түсу маусымында төрт адам суға кетті. Осы ретте, суға кетуден сақтандырудың жолы қандай? Суға түсу кезінде қауіпсіздік ережесін қалай сақтауға болады? Ауданның төл басылымның «Көзқарас» пікір алмасу алаңында осы жөнінде талқыланды.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ,
«Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы:
«Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы:
– Су – мәңгілік қуаттың қайнары ғана емес, тілсіз жаудың бірі. Сондықтан, суға түскенде сақтық шараларын қолданбаса аяғы қайғылы оқиғалармен аяқталып жатады. Сондықтан жасөспірімдермен қатар ересектердің суға кетуі жиілеп кетті. Мұның алдын алу жолы қандай? Осыған жауап алу үшін сала мамандарын жинап, пікірін ортаға салуды ұйғардық.
Шерхан ӘШІМОВ,
Жаңақорған ауданы әкімі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі бас инспекторы:
Жаңақорған ауданы әкімі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі бас инспекторы:
– Көтеріп отырған тақырып өте өзекті. Қоғам болып талқылап, судағы қауіпсіздікті арттырудың жолын қарастыруымыз қажет. Статистикаға сүйенсек, суға түсу заңдылықтарын бұзу және суға кету жөнінен республика бойынша Қызылорда облысы алдыңғы орында болса, облыс бойынша Жаңақорған ауданы алдыңғы қатарда. Оған ауданда көлдердің көптігі, таулы аймақта қауіпті су айдындарының болуы және суға түсетін арнайы белгіленген орынның жоқтығы себеп болуда. Көп жағдайда суға кету дарияда тіркеледі. Себебі, Сырдарияның арнасы ауысып, ағыс бағыты өзгеріп тұрады, су деңгейі бірде көтеріліп, бірде азайып тұруы да қауіптілікті арттыра түседі.
Енді алдын алу шараларына тоқталсам, 2019 жылдың 3 мамырнда «Су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету іс-шараларын бірлесіп орындау» туралы арнайы хаттар мемлекеттік және коммуналдық мекемелерге, ауылдық округ әкімдіктеріне таныстырылды. Аудан бойынша суға түсу ережелері жөнінде 20 дана билборд орнатылса, суға көп түсетін жерлерге 40 дана ескерту тақтайшасы қойылды. Кент орталығындағы ЛЕД экранннан арнайы бейнесюжет көрсетіліп, темір жол вокзалы және «Нұр» базарындағы дыбыс күшейткіш аппараттардан жасөспірімдерді назарсыз қалдырмау жөнінде хабарландырулар берілуде.
Елжан ШЕГЕБАЕВ,
аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері:
аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері:
– Аудан бойынша Сырдария өзенінен 5 канал бастау алады. Арналар ауылдардың ішінен және жақын маңнан ағып өтеді. 22 көл мен 7 су қоймасы бар. Қиыршық тас өндіретін зауыттардың карьерлерінен де су шыққан. Кейінгі кезде карьерге шомылушылар саны артып келеді. Мүмкіндік жеткенінше суға адам көп кететін жерлерге кезекшілік қойдық. Сырдария өзенінің бойында (ескі пантонның тұсы) және кенттегі канал бойы бақыланады. Өкінішке орай, суға түсу маусымы басталғалы облыс бойынша 20 адам қаза болса, оның төртеуі жаңақорғандық. Олардың бірі судағы шылауларға оратылса, енді бірін дарияның су иірімдері тартқан. Кейбірі суға түскенде аяқ-қолы тырысып, суға батқан. Адам өлімінің негізгі себебі – суға түсуге рұқсат етілмеген аймақтарда шомылу және мас күйінде суға түсу, шамасы жетпеген жерге дейін жүзіп бару, балаларды судың жанында қараусыз қалдыру, балық аулау кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамау және т.б. жатқызуға болады. Суға кетуді азайтудың бірден-бір жолы канал мен өзен жағалауларынан суға түсуге рұқсат етілген орындар немесе жабық бассейн ашу қажет.
Әбілғазы ТӨЛЕГЕНОВ,
ауданның ішкі саясат бөлімінің басшысы:
ауданның ішкі саясат бөлімінің басшысы:
– Ауданда арнайы шомылуға рұқсат етілген демалыс орындар жоқ екені рас. Аудан әкімі Ғалым Махмұтбайұлы ауданға келгелі бұл бастаманы көтеріп, суға түсу орталығының жобасын жасады. Бұған кәсіпкерлерді тартып, үндеу салды. Аудандық әкімдік жанынан бассейн салу үшін жер де бекітіліп, қолдау көрсетілуде. Енді мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асыратын іскер азаматтар керек. Бұл жоба маусымдық қана жұмыс деп қарамау керек. Қыста да бассейнге келетін, суға жүзуге құмар адамдар көп. Қарапайым ғана мысал, Қызылорда қаласындағы «Еуразия» спорт кешенінің ішінен ашылған бассейн қысы-жазы бос болмайды. Бассейн де – бизнес көзі. Оны дамытуда Түркістан қаласынан үлгі алып, тәжірибе алмасып, жандандыруға болады.
Екіншіден, кент әкімдігі адамдар суға көп шомылатын жерлерге бақылау камераларын қойғаны абзал. Бейнекамера арқылы дария жағасында, көлде қанша адам жүргенін бақылап отыру қолайлы. Сол кезде тазалық та орнайды, қоғамдық бақылау да күшейеді. Бұл – қауіптің алдын алуда маңызды деп білемін.
Қазір ақпарат таратудың бір тетігі әлеуметтік желілер болғандықтан, сонда суға батудан сақтану жайында аудио, бейнеүндеулер көптеп таралу қажет-ақ. Мұны да жолға қоятын кез келді.
Қуаныш ЖАҢАБЕКОВ,
аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы:
аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы:
– Кәсіпкерлік ашып, оны дамытамын деушілерге жан-жақты қолдау бар. Тек ниет пен ықылас, ерік-жігер болса болғаны. Сәбит Бимашов есімді кәсіпкер Жайылма ауылынан өз бастамасымен этноауыл ашты. Онда суға түсуге және катамаранмен серуендеуге болады. Этноауылдағы киіз үйде жатып, еркін демалуға барлық жағдай жасалған. Осындай тың идеяны игеріп, шомылу орнын ашқысы келетін кәсіпкерлерге қолдау көп. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиелер алуға мүмкіндік бар. Аудан экономикасы мен туризм саласын дамыту мақсатында бизнес-жобалар болса қолдау табуға болады. Жаңақорған кенті аумағында мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында жабық бассейін салып, табыс табуға болады. Егер бассейнде суға түсуді және жүзуді үйрететін әдіскерлер болса, жастардың суға кету қаупі азаяр еді.
Бақытжан ИСМАТОВ,
аудандық орман және
жануарлар дүниесін қорғау
мекемесінің маманы:
аудандық орман және
жануарлар дүниесін қорғау
мекемесінің маманы:
– Табиғатты қорғау мақсатында ұйымдастырылған рейд нәтижесінде ішімдік ішіп, суға шомылатын адамдарды көп кездестіреміз. Шомылу маусымы басталғалы дария жағасындағы орман алқабынан бірнеше жүк көлігімен арақ-шараптың бөтелкесі жиналды. Мас адамның есін білместен суға сүңгу арқылы өмірден өтуі жиі кездеседі.
Суға шомылатын адамдарға судың тазалығын, тереңдігін мұқият тексеріп алуды, аяқ-қол тырысып қалған жағдайда жасайтын іс-әрекеттерді үйрету, су иіріміне тап болғанда одан шығудың тәсілдерін және суда қатты шаршаған кездегі іс-әрекеттерді үйретіп, насихаттаған дұрыс. Әсіресе, мектеп қабырғасында түсіндірілген абзал. Сонда суға бату жағдайы азаяды.
Мәмбетәлі ЖӘДЕНОВ,
спорт саласының ардагері:
спорт саласының ардагері:
– Су – табиғи байлық. Су – тіршілік нәрі. Сондықтан суға қандай пейілмен, қандай оймен барсаң, сондай жауап аласың. Біз балаларымызды суға түсуден тыймауымыз керек. Қайта суда еркін жүзуді меңгеруін басшылыққа алған дұрыс. Байқап қарасаңыздар, бала өмірге келісімен-ақ суда қалқи алады. Жүрмей тұрып суда қозғалып, жүзудің әрекетін жасайды. Адам денесінің 80 пайызы судан құралғандықтан, кез-келген адам суға мұқтаж. Бұл – табиғи тәуелділік.
Баланы неден тыйсаң, соған үйір болады. Мәселен, жастайынан бойдағы үрейін жеңіп, суға түсуді үйренбеген адам достарынан ұялған жағдайда, суға түсіп, аяғы өліммен бітіп жатады. Мұны болдырмас үшін ауданда суда жүзуге үйрететін спортшы жаттықтырушылар жұмыс жасауы керек. Қазір суға батырмайтын түрлі заманауи құрылғыларды пайдалану арқылы суда еркін жүзу технологиясын меңгеруге болады. Суға түсетін арнайы орындар ашпай болмайды, себебі рұқсат етілмеген жерге тығылып барып, түсе береді.
Дарияның асты құм болғандықтан, қай мезгілде құм көшетінін ешкім білмейді. Ағыс арнасынан ауысатын сәттер жиі кездеседі. Мұндай уақытта шебер жүзушінің өзі сасқалақтап, абдырап қалып жатады. Сондықтан ауданда суға шомылуға арналған қауіпсіз орындар болуы тиіс.
Ізәтіллә НӘРЗІЛДАЕВ,
аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы:
аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы:
– Үгіт-насихат көбейсе, қауіп азаяды. Көпшілікпен жұмыс жасауды күшейту керек. Бұл тұста ата-аналарға артылар міндет ауыр. Демалыста жүрген балаларға «Байқа, балақай!» акциясын ұйымдастырудың тиімділігі мол. Өз тәжірибемде аудандық білім бөлімінің мамандарымен бірлесе, үйді-үйді аралап, ата-аналарға түсіндірме жұмыстарын жасаған болатынбыз. Сондай жұмыстар әлі де жалғасын табуы тиіс. Мұғалімдер де бір сәт оқушыларына хабарласып, ата-анамен тілдесіп, тығыз байланыс орнатса ата-ананың да баласына деген назары көп ауады. Бұл ретте, ерікті жастар мен ақпараттық топтардың да жүйелі жұмыс жасауы дұрыс болар.
P.S.: Дөңгелек үстел басына жиылғандардың ортақ пікірі: суға түсетін арнайы орындар дайындап, кәсіпкерлер жабық бассейн ашуды тездетуі тиіс. Болмаса суға адам кету қаупі сейілмейді.
Ханзада ДОШАН