№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АСЫЛТҰҚЫМДЫ ШАРУАШЫЛЫҚТЫҢ ТЫНЫСЫ КЕҢ

АСЫЛТҰҚЫМДЫ ШАРУАШЫЛЫҚТЫҢ ТЫНЫСЫ КЕҢ

Құт дарыған Қыркеңсе – бағзыдан атакәсіпті арқау еткен берекелі өлке. Даланың тұмса табиғат дидары бақташы қауымға қарасып тұр. Осы тұста ауылдағы ағайынға бабадан қалған атакәсіпті дамытуда мемлекеттік бағдарламалардың алар орны айрықша. Содан болса керек-ті, мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасының орындалу барысы бойынша аудан облыста көш бастап тұр.


Жасыратыны жоқ, ауыл шаруашылығы десе көз алдымызға бірден егде адамдардың елестейтіні рас. Өйткені бүгінгі жастардың көбі мал өсіргенді, оны бағып-қаққанды бейнетті кәсіп санайды. Қиындығынан қашады. Алайда атакәсіпке адалдық танытып, мал шаруашылығымен шұғылданып жүрген жастар да жоқ емес. Көп болмаса да, бар. Сондай ат төбеліндей аз жастың бірі – Әбдіғаппар ауылының жас фермері Серік Мырзабаев. Ол – асыл тұқымды мал шаруашылығын өрістетіп, мүйізді ірі қара мен жылқы малын бордақылауға ден қоюда. Ордабұзар жастағы шаруаның атакәсіпті өрістетуге деген ынтасы зор.
Бүгінгі таңда аудан фермерлері асыл тұқымды репродуктор шаруашылығына ден қойып келеді. Бізде қазақтың ақ бас сиыры, Әулиекөл сиыры деген тұқымдары бар. Ал, көшпелі өмір салтына көндігетін қалмақ сиыры Қыркеңсе ауылында жер сіндірілді. Қыркеңселік Серік Әбдіжаппарұлы жетекшілік ететін «Бекарыс Агрофуд» серіктестігінің құрылғанына екі жылға жуықтап қалды. Басты мақсаты – мал басын көбейтіп, селекциялық жұмыстармен айналысу.
Серік басшылық ететін «Бекарыс Агрофуд» ЖШС «Байқоңыр әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен бірлесе отырып 300 млн теңгенің жобасын жүзеге асыруда. Жобаның үлес салмағы бойынша корпорация 44,7 проценті, серіктестік үлесі 55,3 процентін құрайды. Дәл қазіргі уақытта жобаның 134 млн теңгесіне 307 бас ет бағытындағы асыл тұқымды қалмақ қашарлары мен 15 бас бұқа сатып алынған. Өз кезегінде біз де Серік Мырзабаевтан қалмақ түлігінің табиғи ортаға бейімделу ерекшелігін сұрадық.
– Негізі қалмақ тұқымы Сырдың табиғатына өте төзімді. Терісі қалың болғандықтан сона, маса, кенеден қорғанышы мықты. Орта есеппен аналық бастың салмағы 450-550 келіге дейін жетеді. Бордақылау бағытындағы бұқалардың тірі салмағы 900 келі шамасында. Етінің ерекше дәмдік сапасын атап өту керек, себебі бұл ет бағытындағы малға тән «мәрмәрлігімен» ерекшеленеді. Оған қоса, шөпті қатты не жұмсақтығына байланысты талғамай, жей береді. Еті басқа тұқымдағы сиырлардың етіне қарағанда жұмсақ келеді, – дейді серіктестік басшысы.
Сондай-ақ жас фермердің сөзінше, бұл сиырларды жақсылап жемдесе салмақты тез қосады екен. Климат ауысуына да тез үйреніп кетеді. Өйткені, ет пен терінің ортасындағы май – қыста жылу беретін, жазда салқындатып тұратын қасиетке ие. Ең бастысы – кең өріске бейім. Жайылымдық жерде топтасып жайылып жүре береді.
Тағы бір айта кетерлігі, серіктестік мал басын асылдандырумен қатар, ауылдан «Байқоңыр» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» арқылы 25 млн теңгеге модульді мал сою бекетін орнатты. Бұл барлық стандарттарға сай, заманауи пункт. Мұнда тәулігіне 20 бас ірі қараны бордақылауға мүмкіндік бар. Сол арқылы етті Кедендік Одақ және Еуропа елдеріне экспорттау жоспары бар екенін жасырмады жас фермер.
– Бірінші кезекте, малдың басын көбейтіп алып, желілік дүкендер арқылы ішкі нарыққа өткізудің жолын іздестіреміз. Өйткені Тұңғыш-Президенттің Ұлт Жоспарының 60-қадамында: «Ет және ет өнімдері өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторлар таратудағы негізгі міндет, үш жыл ішінде ТМД елдері нарығында шығарылатын өнімдердің жартысына дейінгі экспортты қамтамасыз ету, ауылда кооперативтік өндірісті дамыту арқылы шетелдік үлгілерді ұйымдастыру туралы» пәрмен берген болатын. Дәл қазір мал сою бекетінің құрылысы аяқталды. Енді құжаттарын рәсімдеу процесі жүруде, – дейді Серік.
Түйіндей айтқанда, Елбасы жыл сайын халыққа арнаған Жолдауында ет және сүт өнімдері экспорты әлеуетін арттыруды жүктеуде. Әзірге «Бекарыс Агрофуд» ЖШС ішкі нарықты игеріп, мал бордақылау кәсібіне әбден маманданып алғанша облыс орталығы мен республика көлемінде ет өнімдерімен қамтамасыз етуді жоспарға қойған. Соңыра, кәсібін кеңейтіп, алыс-жақын шетелге ет экспорттау жоспары бар. Десе де, бұл серіктестіктің мақсаты айқын. Ол – атакәсіпті арқау еткен ауылдағы ағайынның ахуалын тіктеу. Яғни қолдау қаржы арқылы жұмыс күшін көбейтіп, ауыл әлеуетінің артуына ықпал ету. Межелі мақсат та кезең-кезеңімен орындалу үстінде. Тек маңдай терді төгіп, адал еңбек ету керектігін әбдіғаппарлық шаруа естен шығарған емес. Керісінше, «мал баққанға бітеді» деген аталы сөзді өмірлік ұстанымға айналдырып, қарекетін жасауда. Бұл өзге ауыл жастарына көп үлгі.

Әбдісамат ӘБДІШ
10 шілде 2019 ж. 796 0