Соңғы жаңалықтар

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Мағзұмның мысығы

Мағзұмның мысығы

Бөртескендегі мағзұмның үйін төңіректеп жүрген дәу ала мысық балалап өзі көрінбей кетті. Құрттай ғана, көзі жалтыраған қара мияуқанды меншіктеген мағзұмның немересі Үрбибі оны анасынан бетер мәпеледі. Тамақты екеуі қатар отырып жейді. Күн сайын шомылдырып, сылап-сипап, қолынан бір тастамайды. Бала мысық та Үрбибіге әбден бауыр басты. Күндіз қасынан қалмайды. Түнде Үрбибінің көрпесінің астына кіріп жатуды әдетке айналдырды.

1959 жылдың көктемі. Дарияның суы тасып, елді мекендерді су алды. «Тұрыңдар, су келе жатыр» деген хабар бөртескендіктерді түнгі сағат бірде шырт ұйқыдан оятты. Мағзұмның отбасындағылар құжаттар мен киім-кешектерін кішкентай-кішкентай шабадандарға салып, арбаға жайғасып «Бұқатышқанға» қарай жөнеп кетті. Арбаның үстінде мағзұмның немерелері жайғасты. Арбаны жеккен жануардың бұйдасына келіні Гүлжамал иелік етті. Төркіндеп келіп жатқан қызы – Үржамал оларға жаяу ілесіп, бала-шағаны қарауылдап бара жатты. Мағзұмның мұғалім баласы ауылда жоқ еді. Бала-шағаны аттандырып, жұртта ата өзі қалды. Ауылдағы етектегілер үй-жайларын тастап, түгел өрде тұрып жатқан Камалдың үйіне қарай жүгірді.
Арбаның үстіне шалқасынан жатып «мен жүрсем аспандағы ай да жүреді» деп алаңсыз маужыраған Үрбибінің қойнында қара марғау да көзді ашып-жұмып ауылдан ұзай берді. Діттеген жеріне келіп жетіп, малшының үйінде бір-екі күн аялдағандары есінде. Судың беті қайтты деген жылы хабар келіп, қайта үйлеріне оралды. Кішкентай қыздың есінде осы елестер үздік – создық қана қалыпты.
Осы күзде Үрбибі мектепке баратын болды. Ауылда жеті жылдық мектеп бар. Сабақ беретін мұғалімі өздерінің тәтесі. Әкелерін тәте деу көп үйде үрдіс болған. Әр үйдің тәтесі әр түрлі . Бірі аңшы, бірі малшы, бірі көкпаршы, бірі құсбегі. Бірі үйіне мал жинайды, бірі қолға құс үйретеді, бірі ат баптап, бірі балық аулайды. Бұлардың тәтелерінің оның бірімен ісі жоқ. Газет оқып, кітап жинайды. Кейін Жаңақорғанға көшкенде бума-бума газет пен сандық-сандық кітаптан көп нәрсе болмап еді.
Алдынан жүгіріп шығатын мысығы көрінбей, Үрбибі оны көп іздеді. Таппады. Бүгін таңертең үйге Жаңақорғандағы Икрам ағалары шөп әкетуге келіп, үйдегілер онның машинасына мысықты салып жібергенін бұл білмейтін. Әрі іздеді, бері іздеді. Үйде атасы да жоқ екен. «Жиырма бестен» немесе «Ызғардан» оралды-ау, түске қарай үйге келген атаны келіні аттан түсіріп алды да, ерді бөлек алып қойып, бестінің белін суытып, көкке қоя берді. Атасы әдеттегідей дәрет алып, намаз оқыды. Сосын ілулі тұрған Құран кітапты алып оқуға кірісті. Сақалын тарам-тарам жас жуды. Күнде осылай. Атасы неге жылайды, оны тағы білмейді, мысығын сұрап та мазасын алғысы келмеді.
Осылайша бір күн өтті. Қара мысықты «айдалаға қалдырма, үй маңына таста» деген жеңгесінің тапсырмасы есіне түсіп, 25-тің маңайына келгенде желкесінен ептеп ұстап жерге түсірген Икрам аға көлігін шапшаңдата айдап кете барды. Мысық оның соңынан қумады. Бәрібір жете алмас еді. Ары жүріп, бері жүріп анадайда көрінген үйдің біріне де жоламады. Қараңғы түскенде көзі жылтырап бір үйшіктің тасасында бұйығып жатты да қойды.
Ертесіне сәске түсте күншығыстан гүрілдеп келе жатқан пойызға сескенбестен қарсы жүрді. Ол кезде пойыз да көп емес Алматы-Мәскеу, Ташкент-Мәскеу, Душанбе – Мәскеу сияқты екі-үш пойыз ауыл үстінен анда–санда арқырап өткен сайын желкілдеп жүгіретін Үрбибінің қолында бұл да талай пойызбен жарысқан. Пойыз сәл демін алып, тоқтай бере, лып етіп тамбурға секіріп мінді. Жартылай ашық есіктен ептеп өтіп дәу сөмкелердің арасына бой тасалады. Демін ішіне алып, көп жатты. Ептеп әрі жылжыды. Кенет таныс адамдарды көрді. Мыналар мағзұмның үйіне келіп кетіп жүрген ауылдың адамдары. Солардың бірі мұны көзі шалып: «Әй, мынау мағзұмның мысығы емес пе, жоғалып кетті деп жатыр еді» деді. Қасындағылар «иә, иә» деп оны қостады. Өздері шынымен қуанулы, бұған жылыұшырай қарайды. Бұл да сезді. Қорыққанды қойып, бері шығып, құйрығын бұлғаңдатып та қойды. Бірі бұған нан қиқымын да тастады.
Пойыз тоқтағанда елден бұрын секіріп түскен қара мысық алды-артына қарамай мағзұмның үйіне тартты. Мұны көрген Бөртескендіктер бір-бір күлісіп алды. Артынша көздеріне жас алды. Мысық екеш мысық та қараорнын қимайды екен-ай...
Қазір сол Үрбибінің өзі жетпіске жақындады. Бүгінде бұзылған жұрты ғана қалған Бөртескенді жүрегі үзіге жиі-жиі еске алады.

Баян ҮСЕЙНОВА
25 маусым 2019 ж. 970 0