№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ПӘНДІК ОЛИМПИАДА – ҒЫЛЫМҒА БАСТАР ЖОЛ

ПӘНДІК ОЛИМПИАДА – ҒЫЛЫМҒА БАСТАР ЖОЛ

    ХХІ ғасыр – білім мен ғылым ғасыры. Заман талабына сай бәсекеге қабілетті, ұлттық құндылықтың туын биік ұстайтын жас ұрпақты тәрбиелеу – маңызды міндет. Осы тұста, Елбасы: «Еңсесін енді көтеріп келе жатқан біздің еліміз үшін дарынды ұрпақтың орны мүлде бөлек» – деп, дарынды да дарабоз оқушылардың қабілетін айрықша атап өткен болатын.
Бұл бағытта Сыр өңірінде Қарлығаш Дауылбайқызы басшылық ететін «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығы жемісті жұмыс жасап келеді. Орталықтың бүгінгі тынысы мен пәндік олимпиадалардың шәкірттерге берер тәлімі һәм ауданда тұңғыш рет өткелі жатқан Арасат Фейзулдаев атындағы облыстық олимпиада жайлы Қарлығаш Ақышевамен тілдестік.

– Бірінші кезекте, Сіз басшылық ететін орталықтың қызметі жөнінде аз-кем айта кетсеңіз?
– Қызылорда облысы білім басқармасының «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының қызметі – Мемлекет басшысы Жолдаулары мен 2011-2020 жылдарға арналған ҚР білім берудегі дамытудағы мемлекеттік бағдарламаларын негізге ала отырып, өңірлерден дарынды оқушыларды анықтау. Анықтап қана қоймай, оларды дамыту, жеңімпаз шәкірттер мүмкіндігін шет мем­лекеттерде көрсетуін ұйымдастыруға ұйыт­қы болу. Оған қоса, дарынды, шығар­машыл ұстаздардың тәжірибесін рес­публика деңгейінде танылуына сеп болу. Әрі озат оқушыларды заманауи жаңа технологиялармен кіріктірілген түрлі олим­­пиадалар мен байқауларға қаты­суына мүмкіндік жасап, қабілет-қарымын сы­нау­ға жолбасшы болу. Бұдан бөлек, осындай өткізілетін олимпиадалардың об­лыс көлеміндегі шәкірттердің қатысуын қадағалап, түрлі республикалық қашықтық олимпиадаларын ұйымдастыру жұмыстарын жүргіземіз.
– Жалпы, пәндік олимпиаданың оқушыға берер пайдасы қандай?
– Негізі, пәндік олимпиада – ғылымның алғашқы баспалдағы. Бала санасына ғылымның алғашқы ізденістерін қалыптастырып, келешек жас ғалымдарды баулитын, еркін ойлы болып қалыптасуында білім бәсекесінің маңызы зор. Мұндай олимпиада жаһанның дамыған елдерінде жоғары деңгейде жолға қойылған. Әрі әлемдік білім сапасын, жоғары білімнің өресін бағалайтын негізгі көрсеткіштердің бірі ретінде саналады. Білім бәсекесіне түскен, ғылым мен техниканың көз ілеспей дамыған заманында ғылымның терең сырына бала жастан бейімделу ел ертеңінің әлеуетті болуына даңғыл жол ашады. Сондай-ақ пәндік олимпиадаға дайындық, адам миының ең жоғарғы қабылдау кезеңінде басталатындықтан, ол оқушылардың ойлау формасын дамытып қана қоймай, ғылымға деген көзқарасын қалыптастырып, болашақ бағдарын айқындайтын ғылыми ізденіс деп білеміз.
– Ауданда тұңғыш рет өткелі жатқан Арасат Фейзулдаев атындағы облыстық пәндік олимпиада жайлы толығырақ айтсаңыз...
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Тұлғатану» жобасы аясында ел мен жерге қызмет еткен тұлғалар есімін қайта жаңғыртуды қолға алуды айтқан болатын. «Адамның мәңгі болмағы, оның ары мен ел үшін еткен еңбегінде» деп ғұламалар айтқандай, Сыр елінде саналы ғұмырын елінің болашағына арнаған ұлағатты ұстаздар аз емес. Солардың бірі – парасатты педагог, білікті басшы, Қазақстан Республикасының «Оқу үздігі» белгісінің иегері Арасат Фейзулдаев ағамыз. Міне, осы кісінің атында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен облыстық олимпиада өткізу жөнінде әріптесім, №3 мектеп-интернат директоры Ләззат Машбекқызы ұсынысын айтқан болатын. Өздеріңізге белгілі, 55 жылдық шежірелі тарихы бар мектеп-интернаттың бүгінгі күнге дейін жеткен жетістігі бір төбе. Кадр әлеуеті де қалыптасқан. Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша да Жаңақорғанда үздік бес мектептің қатарында. Сондықтанда пәндік олимпиаданы өткізу жайлы таңдау осы – білім ордасына түсті. Олимпиаданың негізгі мақсаты; оқушылардың зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту. Бұл бір. Енді екіншіден, дарынды оқушыларды қолдау үшін қажетті жағдай жасау, оқушылар арасында ғылым мен білімді кеңінен насихаттау. Үшіншіден, шәкірттердің қазақ тілі мен әдебиеті бойынша білімдерін жетілдіріп, тереңдете түсу. Соңғысы, өзге аймақтардағы озат оқушылардың өңірдегі біртуар тау тұлғалар жайлы түсінігін қалыптастыруға ықпал ету. Пәндік олимпиадаға қазақ тілінде білім беретін мектептердің 7-9 сынып оқушылар қатыса алады.
Әлгінде айтқандай, қай өңірде болмасын артына із қалдырған азаматтар баршылық. Еліне еңбегімен еленген, ұлағатымен ұрпағының ыстық ықыласына бөленген Арасат Фейзулдаұлы секілді дара тұлғалар есімі қашанда халық жадында мәңгілік қалары сөзсіз. Мұның айқын бір көрінісі – 21 қарашада №3 мектеп-интернат базасында өтетін Арасат Фейзулдаев атындағы пәндік олимпиада.
– Соңғы сауал болсын. Білетініміздей, Ләззат Машбекқызы басшылық ететін №3 мектеп-интернат пен «Дарын» қосымша білім беру орталығының әріптестік байланыс орнатқанына біршама жыл болды. Іргелі білім ордасы жайлы бірауыз пікіріңізді білсек...
– Біздің орталық тек дарынды балаларды ғана емес, шығармашыл ұстаздардың да көкжиегін кеңейтіп, біліктілігін арттыруда қыруар жұмыс жасауда. Соның ішінде, Ләззат Нәлібаева жетекшілік ететін №3 мектеп-интернаттың әрбір жетістігіне біз куәміз. Әріптестік мәміле аясында интернаттың көптеген шығармашыл мұғалімдерінің білімін шыңдап, олардың тәжірибесін өңірдің өзге де аймақтарындағы мектептерінде пайдаландық. Сонымен қатар, интернаттың дарынды оқушыларының бірқатар облыстық, республикалық пәндік олимпиадаларға қатысуына ықпал етіп, жүлделі орынмен оралып жүргенін біз мақтан тұтамыз. Мәселен, интернат шәкірттері бір ғана 2017-2018 оқу жылында ірі-ірі 60-тан білім додасына қатысып, мектеп абыройын асқақтатқан. Оның ішінде, биология пәнінен Жарқынбек Қарлығаш пен Жарқынбек Іңкәр республикалық Ұлттық интернет олимпиадасында І-дәрежелі дипломға ие болса, өнертапқыштардың облыстық жарысында Мәмедәлі Дәулет ІІІ-орын, Нұрай Қайратқызы «ХХІ ғасыр көшбасшысы» облыстық интеллектуалдық білім сайысында ІІІ-орын, Жиенбай Аида физика пәні бойынша халықаралық қашықтық олимпиадасына қатысып ІІ орын, Назира Әнуарбек физика пәні бойынша республикалық қашықтық олимпиадасында І-орын алған. Айда Әбсаттар Астана қаласында өткен республикалық “Жарқын болашақ” пәндік олимпиадасында І-орын алса, Раймбек Көлжан Атырау қаласында өткен республикалық білімділір сайысында математикадан жүйрік екенін танытты. Міне, бағындырған белесінің өзі қомақты. Жалпы түйіндей айтқанда, біз үшін әрбір бала тұлға. Сол баланың тұлғалық қабілетінің ашылуында – ұлағатты ұстаздардың алатын орны айрықша. Сондықтанда қашанда ұстаз мәртебесі арта берсін.

Әбдісамат ӘБДІШ.
20 қараша 2018 ж. 2 254 0