«ЗОМБИ» ТІРШІЛІКТЕН ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛАМЫЗ?
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «сана жаңармай, қоғам жаңғырмайды» деді. Демек, ақпараттық толқын қарбаласқан заманда сананы қажетті ақпараттармен қамтамасыз етіп, пайдалы білім алу маңызды. Ендеше, жастарды әлеуметтік желіде желіктірмей, смартфон мен планшетті тиімді пайдалануға үйреткен абзалырақ. Сонда ғана интернет торабының торына түсіп, қызығына алданып, ақыл-естен айрылып, «зомбиге» айналатындар қатары азая түсер ме еді?
Ақпараттық ғасырдың балаға ең қауіптісі – әлеуметтік желілер. Дерек көздеріне сүйенсек, күн сайын 1 млрд. асып-жығылатын адам Facebook-ты пайдаланса, Youtube желісін ғаламтор қолданушыларының үштен бір бөлігі, қолданады. Әр секунд сайын Twitter-де 6000-ға жуық шағын хабарламалар таратылса, Instagram-ды күнделікті өмір сүру дағдысына айналдырған белсенді оқырмандардың қатары айына 400 млн. адамға жетіпті. Жалпы, әлем бойынша Вконтактеде 165 млн. астам тұтынушы пайдаланса, Ресейде – 101 млн. Украинада – 28 млн. Қазақстанда – 8 млн. адам Вконтактеде отыратыны расталды. Жоғарыдағы цифрлардан әлеуметтік желілерге деген сұраныс артқанын аңғаруға болады.
Әлеуметтік желіге байланған жастардың ой өрісі де, болмысы да интернет шырмауына байланғанын білесіз. Күнделікті өмірде бұл туралы бірнеше мысал келтіруге болады. Мәселен, біз бала кезімізде «жұмысқа кеткен ата-анамыз тезірек келсе екен» деп сағына күтетінбіз. Ал, біздің балаларымыз үйге кіре салысымен «анашым, сотка берші» деп қиыла қалады. Мұнан кейін бермей көр. Мазаңды алып бітеді. «Балам, қандай онлайн мультфилм көресің?» десең, олардың жауабы дайын. «Зомби, ужас, фантастик қойшы» деп сұрайды. Түрлі браузердің тілін түсінетін бала өзінің талғамына сай дүниені тауып, желінің арғы жағына өтіп кетеді. Түріне қарап отырып, «зомби» болып кетер ме дейсің?!
Негізінен, тарихқа терең үңілсек, «зомби» термині XVII ғасырларда қолданыла бастапты. Деректерге сүйенсек, зомби термині вуду дінінің сиқырымен байланысты. Вуду дінінің адамдары Гаити, Ямайка, Тринидад, Куба аралында адамдарды құлға айналдырған. Аңыз бойынша, дін рәсімі бойынша жаман рухты шақырып، қаза болған адамға сол рухты кіргізетін болған. Осы арқылы адамдар қаза болған адамды құлға айналдырған.
Бүгінгінің тілімен айтқанда, зомбилер өзгеге қызмет жасайтын «тірі өліктер» деуге болады. Бүгінде зомбиден де зоры шықты. Ол – «Телемания» мен «Сельфимания». Әлеуметтік желіге байлайтын психологиялық аурудың зияны көп. Мәселен, сельфимания салдарынан Жапонияда 625 балғын қояншық ауруына шалдыққан...
БАЗАРЫ ЖОҚ БАЛА
«Зомби» дегеннен шығады емес пе? Біздің әрбіріміздің үйімізде бір-бір «зомбибай» бар. «Неге?» десеңіз айтайын, жуырда баласы көп бір туыстың үйіне барғанмын. Ойлағам, балалардың шуылынан қуат алармын деп. Бір жағы кішкентайларым да балалармен ойнап, асыр салар дегем. Қайдағы шуыл, қайдағы базар десеңізші! Бәрінің қолында бір-бір сотка, ересегі компьютерге үңіліп, тіпті, үйге кім келіп, кім кетіп жатқанынан бейхабар.
Біраздан соң, біздің бала да іші пысты білем, тыпыршый бастады. Үнсіздікті бұзып: «Қане, балалар, ойнасаңдар, Таза ауаға шықсаңдаршы», – дедім. Қозғалар бала көрінбеді. Ол үйдің ересек балаларын қойшы, кіші баласы Сұлтанды айтам да, буыны қатпаған бала ғой. Жап-жас бала жанарынан айырыла бастағандай, көз әшкиін киген. Екі көзі телміріп, телефонның арғы жағына өтіп кеткен-ау, сөзіме құлақ салар емес. Интернеттен бізге беймәлім ойынға жан-тәнімен беріліп отыр. Бірде ұтып, бірде ұтылып, ойынның жалынына күйіп-жанып, өзге ғаламшарлықтай күй танытуда. Ойбой, мына баланың телефонының мегабайты бітпесін. Бітсе, өзге әлемде қалып қойғандай, жан-жағын қырып жіберуден тайсалмайды-ау, сірә! Жүйкесі де жұқарған көрінеді. Шыдамсыздығы бетіне шығып тұрды. Менің ойымды ұққандай, анасы сөзге араласа кетті.
– Біздің Сұлтанжанның бар болмысы осы, телефонын алып қойсаң, сабақ оқымай қояды, – деп уәж айтты.
– Алдауға болмайды ма?
– Өзің білесің ғой, қазіргі балалар телефонмен бірге туылғандай!
Баласын қорғаштаған ана, су жуытар емес. Тағы үнсіздік. Санада сан түрлі ойлар маза берер емес. Бала бір мезгіл қоршаған ортамен қауышып, асыр салып ойнамаса, құрбылармен қауқылдаспаса, бала болып, үйдің базарын келтірмесе, не қызық? Өзіміз де бала болдық. Ойын қуып өстік. Бала қиялымызбен алыстарға қанат қағатынбыз. «Есейгенде елдің абыройын асқақтататын, ата-ананың сенімін ақтайтын ұрпақ боламын» деп талпынатынбыз.
Өйстіп тұрғанда Сұлтанның да тамағы суып қалды. Асығыс келіп, тамақты құлқынына қотара салды. Осы екі ортада мен де «Өскенде кім болғың келеді?» дедім. Ол саспастан «Ultramen болам» демесі бар ма? Күтпеген жауап. Тағы ойға шомылдым. Ал, сіз не ойлайсыз? Тақырып түйінін сізге қалдырдым.
Мақпал МАРҚАБАЙ.