№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Билер кеңесі – ұлттық құндылықты жаңғырту

Билер кеңесі – ұлттық құндылықты жаңғырту


Жаңақорған аудандық сотының ұйымдастыруымен «Билер кеңесі – ұлттық құндылығымыз» тақырыбындағы дөңгелек үстел өткізілді.


Шараны аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Жарқынбекұлы ашып Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақтың билер кеңесін ұлттық құндылықтар ретінде танып, халық арасында кеңінен насихаттау қажеттілігін айтып өтіп, билер кеңесінің құрамымен таныстырды.
Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың бастамасымен «Татуласу: сотқа дейін,сотта» жобасының аясында облыстар мен аудандарда сот пен атқарушы биліктің өзара ықпалдасуымен билер кеңестерін құру жұмыстары жалғасын табуда. Осыған орай Жаңақорған ауданында билер кеңесі құрылды.
Билер кеңесінің мүшесі қатарында Жаңақорған ауданының доғарыстағы судьясы Кенжегүл Көпесова, Жаңақорған ауданы әкімінің кеңесшісі Серқожа Ыдырысов, «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әзия Қыстаубаева, жеке кәсіпкер Пахырдин Тұрғанбаев, ауылшарушылығы саласының ардагері Әлімбай Шерубаев бар.
Кеңестің негізгі міндеті – медиация институтын шоғырландыру, билер институтын қайта жаңғырту және азаматтық, қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік қағидаттарында қазақстандық бірегейлікті дамыту, сот жүйесінің мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу үшін бірыңғай тәсілдерді әзірлеу, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын іске асыру, қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу болып табылады.
Билер кеңесінің бүгінгі сот жүйесінде қолданылуы ата-бабаның ұстанған әділдік, адалдық, ашықтыққа негіздеуді талап етеді.
«Өңірде беделді әрі сауатты ардагерлер, өмірлік тәжірибесі бар, дауларды шешетін және тараптарды сотқа жеткізбей-ақ татуластыра алатын шешендер бар. Билер кеңесінің қызметі даулардың татуласу арқылы шешілуіне және азаматтар арасындағы даулар мен ұсақ өзара наразылықтарды қысқартуға мүмкіндік беретініне сенемін», – дейді Жаңақорған аудандық соты төрағасының міндетін атқарушы Әлия Түбекбаева.
Билер кеңесінің Ережесінде: «Билер кеңесі Елба­сының дауларды соттан тыс реттеу тапсырмасын іске асыру, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, татуластыру рәсімдерінің бірі ретінде дауларды бейбіт жолмен шешу жөніндегі ата-бабамыздың дағдыларын жаңарту арқылы қоғамдық сананы жаңғырту мақсатында құрылатын жұмысшы тобы болып саналады» делінген.
Әріден таратсақ, көшпелі қазақ қоғамының билер соты тарих қойнауында қалса да оның беделі мен мәртебесі жайлы әңгіме – әпсана көп. Билер соты – ұрпақ жадында тәуелсіз, кәсіби сот ретінде сақталып, қазақ халқының тарихында терең із қалдырды. Билер институты мен бүгінгі сот жүйесінің сабақтастығын көруге болады.
Айта кететіні, ағымдағы жыл­дың бірінші тоқсанында сот ғимара­тында қызмет көрсететін кәсіби медиа­торлардың қызметіне 248 азамат жүгінсе, олардың 239-ы бойынша тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасасып, осы негізде 239 дау бойынша сотқа дейінгі тәртіппен шешілген.
Дөңгелек үстел отырысында сөз алған Билер кеңесінің мүшесі Кенжегүл Көпесова халықтық қызметті атқару барысында салмақ алдымен ауылдық округ әкімдеріне түсетіндігіне назар аударды. Отбасылардың ажырасуы, ұсақ қылмыстар мен мал ұрлығы елді мекендерде көп орын алуда. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов жергілікті жерлерде бұдан бұрын құрылған Қоғамдық келісім комиссиясының қызметі өз дәрежесінде болмағандығына қынжылып, дөңгелек үстел отырысына қатысқан ауыл әкімдеріне Билер кеңесінің қызметіне барынша көмектесіп, ұсақ дау-дамай­ларды жергілікті жерде аудандық сотқа жеткізбей шешуге шақырды.
Шара соңында Ә.Түбекбаева мен Ғ.Сопбеков өз тараптарынан қатысу­шыларға билер кеңесінің тыңғылықты, әрі жоспарлы түрде қалың жұртшылық арасында жұмыс істеуі жөнінде пікірлері мен ұсыныстарын айтуды ұсынды.
Сонымен, жиынға қатысушылар бірауыздан Билер кеңесін құрудың қажеттілігін қолдап, кеңес жұмысының маңыздылығын айта келе өз тараптарынан бұл бастаманы толықтай қолдап, билер кеңестерінің жұмыстарына барынша атсалысатындарын жеткізді.
Енді билер кеңесі ескі дәстүрді жаңғыртып, ақыл парасатымен қара қылды қақ жаруға күш салады. Билер кеңесі халық үшін қолайлы әрі сот органдарының да жұмысын жеңілдете түсері сөзсіз.

Иса БЕРКІМБАЙ.
25 мамыр 2019 ж. 1 577 0