№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » МАЛ ҰРЛЫҒЫНА ТОСҚАУЫЛ БАР МА?

МАЛ ҰРЛЫҒЫНА ТОСҚАУЫЛ БАР МА?


Қазір біздің елде мал ұрлығы өршіп тұр. Әсіресе, Сыр өңірінің тұрғындары осы мәселеге қатты алаңдайды. Ұрлықтың алдын алу үшін не істеуге болады? Осы мәселе төңірегінде жуырда аудан әкімдігінде жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді.

ҚР Ішкі істер министрлігінің 2018-2020 жылдарға арналған «Ұрлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру» аясында және облыс аумағында мал ұрлығының жедел жағдайын жақсарту мақсатында «Мал ұрлықшы» іс-шарасы өткізілді. Әрі, аймақтағы ауыл шаруашылығы малдарын бағу, өсіру, бордақылау және жаюмен айналысатын барлық меншіктегі нысандарды тексеру мақсатында ұйымдастырылған шараға аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков төрағалық етті.

265 мал ұрланды

Бұл – 2019 жылдың 3 айында облыс көлемінде ұрланған төрт-түліктің саны. Жиында сөз алған облыстық полиция департаментінің криминалды полиция басқарма бастығының орынбасары Құдияр Нұрсейітов осындай мәлімдеме жасады.
– Жыл басынан бері үш айдың ішінде мал ұрлығы бойынша 121 дерек тіркеліп, 265 бас қолды болды. Оның тек 112-сі ғана табылды. Әрине, бұл өткен жылмен салыстырғанда 33,9 процентке төмен. Десе де, бұл қуанатын жайт емес, қайта біз бұл көрсеткішпен республикада көш басында келеміз, – деді Құдияр Асатуллаұлы.
Рас, 2018 жылдың қорытындысымен де Сыр өңірінде мал ұрлығы көп тіркелген. 2018 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша талдау жасаған жоғарғы соттың судьясы Ерден Әріпов 251 қылмыстық іс қаралып, 203 адам сотталғанын мәлім етті. Ал, мал ұрлығы бойынша қылмыстық істермен көш бастаған Қызылорда аймағы екен. Сыр өңірінде 91 іс қаралса, Түркістан облысы 71 қылмыспен екінші орынға жайғасқан. Ал, үшінші орынға Шығыс Қазақстан (49) облысы ілінді. Маңғыстау облысында ең төменгі көрсеткіші байқалған екен. Міне, өңір тұрғындарының неге алаңдап отырғанын осыдан-ақ аңғаруға болады.
Енді Жаңақорғанға келсек. Ағымдағы жылдың 4 айында 25 мал ұрлығы тіркеліп, оның төртеуі ғана ашылыпты. Аудандық полиция бөлімінің орынбасары Айбол Жолдасбаев қандай шаралар атқарылып жатқаны және жергілікті билікпен бірлесе қандай жұмыстар жасау керектігі жөнінде ұсынысын айтты.
– Шыны керек, қазір мал ұрлығының басым бөлігі жайылымдық жерде орын алуда. Ең көп дерек аудан орталығында орын алды, яғни кентте – 6, Жайылма мен Кейденде 5 дерек тіркелді. Сонымен қатар, жыл басынан бері он жол-көлік оқиғасына байланысты дерек тіркелсе, соның екеуі осы төрт-түліктің кесірінен болды. Тіпті, адам өліміне де әкеліп соқты, – деді Айбол Тасболатұлы.
Қазір профилактикалық жұмыспен жергілікті полиция айналысса, олардың құрамында елді-мекендерде 30 учаскелік инспектор мен 6 көмекшісі қызмет атқарады.

Кім кінәлі?

Мал ұрлығының көбеюі мен қылмыстың ашылмауының бірнеше себебі бар. Негізгі себеп өрістегі төрт түліктің бақылаусыз қалуында. Мәселен, жыл басынан өрістен ұрланған ірі қараның саны 17-ні құрады. Екінші, малының жоғалғанын естіген иелері бірден полицияға хабар бермей өз бетінше іздеп, уақыттан ұтылады. Үшіншіден, ұрланған малдардың арасында есепке алынбағаны жиі кездесуде. Яғни, құжаты жоқ. Содан келе сәйкестендіру белгілерін де айта алмайды, себебі таңбаланбаған. Бұл туралы аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Нұрлан Беркімбаев сөз алды.
– Төрт түлік төлдегеннен кейін ол міндетті түрде 12 күн ішінде сырғаланып, құжаты дайындалуы керек. Яғни, бірдейлендіру жұмысын жасау міндетті. Оның ішінде құлын ғана төрт айдан кейін таңбаланады. Екінші, сатып алу мәселесіне де үлкен мән берген жөн. Сатып алынған малдың құжаты түгел болуы керек, ал, біздің базаға тіркелу үшін ол тіркеуде тұрған жерінен шығарылуы тиіс. Көбісі осыған мән бермейді, сосын мал жоғалып, оны табу қиынға соғатыны рас, – деді бөлім басшысы.
Иә, мұндай келеңсіздіктерге көп жағдайда тұрғындардың сақтық шараларын дұрыс қолданбауы себеп. Жұртшылық кешкілік уақытта малын қараусыз қалдырады. Жоғалған соң, 2-3 күн бойы өздері іздейді. Түлігін іздеп таппаған соң, ішкі істер қызметкерлерінің көмегіне жүгінеді екен. Тұрғындардың салғырттығы ұрлықтың бетін дер кезінде ашуға кедергі келтіреді. Осы орайда, құқық қорғау органдары тұрғындарды төрт түлігіне абай болуға шақырады. Малды тұрғылықты мекен-жайы бар, келісімшарт негізінде сенімді азаматқа баққызуға кеңес береді. Егер төрт түлігіңіз ұрланса, аумағыңызға жауапты учаскелік инспекторға хабарлау міндетті. Соған байланысты құқық қорғау қызметкерлері жедел жұмыла іске кірісуі тиіс.
Әрине, мал ұрлығына тұрғындар мен ұрылар басты себепкер. Десе де, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегеновтың айтқаны дұрыс. Яғни, полиция қызметкерлері халық алдында немесе ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерді атқарып және атқаратын жұмыстары жөнінде есеп үнемі беруі тиіс.
Ұрлықты тоқтату үшін қайтпек керек?
Ауыл тұрғындарының, әсіресе тау беткейдегі жұрттың негізгі еңбек көзі мал шаруашылығы болғандықтан, алдымен пада ұйымдастыруы құптарлық жағдай. Қазір 11 ауылда ғана пада бар екен. Соның нәтижесінен ұрлық тиылыпты. Сунақ ата ауылы үлгі көрсетті. Онда ірі қараның әр басына 800 теңгеден бақтырады екен. Малға ие болғандықтан ұрлық тіркелмеген.
Жиын барысында Айбол Жолдасбаев «сақшы сарбаз» жүйесін қайта еңгізуді ұсынды. Бұл дегеніңіз, ауылға беделді азаматтық қызметті ұтымды пайдалану. Мүмкіндік болмаса, қоғамдық жұмыс арқылы жастарды жұмысқа тарту жөні де айтылды. Бұл да өз кезегінде мал ұрлығының азаюына септігін тигізеді дейді полицейлер. Болмаса Қожакент ауылындағы тәжірибені енгізу керек деген ұсыныс та айтылды. Ағайын-туыс алдында ұрыларды тергеп-тексеріп, абақтыға жабу керек. Ел ағасы Алшынбай Тұртанов ұрылардың бостандықта жүргеніне қапаланып, осы мәселені сөз етті.
Қорыта айтқанда, «жау алыстан келмейді» демекші, ағайын арасындағы ауызбіршілікті, бауыр арасындағы бірлікті, дос арасындағы сыйластықты сақтап қалу үшін осындай күрмеуі көп күрделі мәселеге бірлесе кіріскен абзал болады...

Әли ТЕМІРБЕК.
25 мамыр 2019 ж. 1 213 0