№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Алтынмен тең ауыз су: Жаңақорғанда су мәселесі қашан шешіледі?

Алтынмен тең ауыз су: Жаңақорғанда су мәселесі қашан шешіледі?

 Мердігер компанияның жауапты өкілдері аудандық мәслихат жанындағы «Нұр Отан» партиясы фракциясының бақылаушы кеңесі, журналистер мен кенттің белсенді тұрғындарымен қайта кездесті.

   
«Темір Строй и КО» ЖШС жол жөндеу жөніндегі прорабы Нұрадин Қайыров пен су жөніндегі прорабы Орынбасар Бодиков қатысқан жиынға аудан тұрғындары да шақырылған болатын. Адай Салыбеков төрағалық еткен басқосуда ең бастысы тұрғындар тілегі тыңдалды. Баспасөз хатшысы Нұрбол Бакиров әлеуметтік желі арқылы тікелей эфир жүргізіп, жаңақорғандықтарды мазалап жүрген сұрақтарын қойды. Алдымен, жауапты мекеме қызметкерлері атқарылған жұмыстарын баяндады.
– Су жүйесінің құрылысы 2019 жылдың наурыз айына дейін жалғасады. Сондықтан, көктем маусымы келісімен жол жөндеу жұмысын қайта бастаймыз. Ал, осыған дейін жасалған сапасыз жұмыстарды келісілгендей желтоқсан айының ортасына дейін бітіреміз. Біз барлық талаптарға сай жұмыс жасаудамыз, – деді О.Бодиков.
Жалпы, кент ішіндегі су жүйесінің ұзындығы 192 шақырымды құрайды. Алайда, жобаға енбей қалған кейбір көшелер қайта қазылып, су құбырлары жүргізілуде. Мұны жиынға келген кент әкімі Әбунасыр Бекішов мәлім етті.
Аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Ілиясов:
– Келіскендей, осыған дейін бас көшелердің асфальттарын жөндеуге тиіс едіңіздер. Ол үшін ерте көктемде тәуелсіз комиссия құрылып, рейдтер жасап, кемшіліктерді көрсетіп бердік. Уәде берілді. Бірақ, нәтиже жоқ. Бұған не кедергі? – деп сұрақты төтесінен қойды.
– Биыл жоспарға сай су жүйесіне қаралған 800 млн. теңгені игердік. Ал, асфальтқа мәселесіне келсек, бізде асфальтқа да, қиыршық тасқа да қаржы жеткілікті. 35 мың шаршы метр жерді игеруіміз керек болса, соның 17 мыңын бітірдік. Енді қалған жоспар алдағы уақытта жүзеге асады, – деді Н.Қайыров.
Одан кейін аудан әкімінің кеңесшісі Серқожа Ыдырысов қыс бойы ойылған жолдарға қиыршық тасты төсеп тұруды ескертті. «Бізге құрғақ уәдемен емес, іспен дәлелдеңіздер. Сондықтан, жауапкершілік танытуды сұраймын» – деп сөзін қорытты.
Ал, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Есдәулет Сейілов:
– Абай көшесінде асфальттан биіктеу шұқырлар бар. Қыс ауасында тайғанақ болса, жол қатынасына кедергі келтіріп, жол-көлік оқиғасы орын алуы мүмкін. Жаман айтпай, жақсы жоқ демекші, жол-көлік оқиғасы орын алып, адам шығыны болса не істейміз? Жауапкершілікті мойындарыңызға ала аласыздар ма? – деді.
– Оны түсіндік. Биылдан қалдырмай жұмысты жүйелейтін боламыз. Алайда, тұрғындар да бізді әуреге салуда. Тұрғындар шұқырлардың қақпағын қайта-қайта ұрлап кетуде. Сондай жағдайды болдырмауға атсалыссаңыздар, – деген өтінішін жеткізді.
Төл басылымның бас редакторы Нұрлат Байгенже:
– Қазіргі асфальтқа қарап судың келетініне көпшілік күмәндана бастады. Рас, әсіресе көпшілікті қынжылтатыны құбыр орнатқанда негізгі талаптар орындалмады. Көп көшедегі құбыр жүйесіне құм төселмеді. Осыны түсіндірсеңіздер, – деді.
– Негізі құбыр салар алдында астына құм төсеп, жоспарға сай жүргіздік. Ал, «Хорасан» көшесінің ортасынан құбыр жүргізуімізге жол шетінде көмілген газ жүйесі кедергі келтірді.
Орайы келгенде кент әкімі Әбунасыр Бекішов: – Қарап отырсақ сынның барлығы аудан және кент әкіміне түсуде. Сондықтан, осы мәселені тездетіп шешпесеңіздер болмайды. Тиянақтылық пен жауапкершілікпен қараңыздар, – деп нақты талап қойды.
Ал, тұрғындар атынан сөз сөйлеген ардагер ұстаз Манасбай Тұрабаев:
– Шыны керек, көшелер ойдым-ойдым, жаяу жүру мүмкін емес. Әсіресе, оқушыларға қиын болды. Кейбір көшелердің қиылысындағы ойылған жерлерге ағаш тығып қойыпты. Қауіпсіздік белгісі қайда? Мұны бақылайтын адам бар ма? Ендігі біздің сұрайтынымыз жолды бұрынғы қалпына келтіріп беріңіздер. Сонда ғана қарақұрым халықтың көңілі жай табатын болады. Ұят, обал деген ұғымды ұмытпаңыздар. Әрбір істің сұрауы бар, – деп ойын қорытты.
Жиын соңында баспасөз хатшысы «ватсап» желісінде алдағы уақытта нөмір қойылады. Әлеуметтік желіге көшелердегі кемшіліктерді суретке түсіріп отыруға шақырды.
Жалпы, су жүйесінің сапасы, жолдың мәселесі айтылудан кенде емес. Басылым бетінде жазылып та жатыр. Алайда, нәтиже көңілге қонымсыз. Әліптің артын бағып, бітер іске тілекші болудан басқа амал жоқ.
Айта кететіні, Қызылорда қаласында облыс əкімінің орынбасары Серік Сүлейменовтың төрағалығымен ауданда жүргізіліп жатқан ауыз су жүйесіндегі кемшіліктерге байланысты кездесу өткізілді. Жиында аудан тұрғындарының əлеуметтік желіге жариялаған барлық суреттері слайд жүзінде көрсетілді. Нәтижесінде, Серік Жүсіпұлы мердігер компанияға осы жылдың 13 желтоқсанына дейін кенттегі барлық қазылған көшелерді қайта қалпына келтіруді қатаң тапсырды.



Әлібек ТЕМІРБЕК.

08 желтоқсан 2018 ж. 930 0