» » Мүсән апаны аудан тұрғындары ерекше құрметтейді

Мүсән апаны аудан тұрғындары ерекше құрметтейді

   Жаңақорған кентіндегі «Атамекен» ойын сауық кешенінде тұрғындарға қызмет көрсету жауапкершілігін мойнына алған Мүсән апаны тұрғындар ерекше құрметтейді. Іскер анамен дидарласқан адам оның ұйымдастырушылық қабілетіне, қарапайымдылық қасиетіне қанығады. Рамазан айында иманжүзді анамен сұхбаттасқан едік.

– Бизнесті қалай бастадыңыз? Бұған әлде бұрыннан икеміңіз бар ма еді?
–Жұмыстан зейнетке бес бала санымен шыққаннан кейін бастадым. Отыз жыл жол мекемесінде есепші болып қызмет еттім. 35 жасымда жолдасым қайтыс болып кетті. Студенті бар шиеттей балаларымды өсіру үшін осыған кірістім. Кеңес Одағы тарағаннан кейін нан сатып, соңынан тек көкөніспен айналыстым. Түркістанға түнде барып, таңертең алып келген көкөністі осында сататынбыз. Сөйтіп, балаларымды түгел үйлендіріп, жетілдірдім. Қазір әрқайсысы бір-бір шаңырақтың иесі. Мұрат Пернебаев деген баламыз екеуміз 2016 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 22 миллион теңге несие алып, осы ғимаратты тұрғыздық. Үш ай дегенде несиені ресімдеп осы кешенді орталықты 2016-2026 жылға дейінгі кепілдікке қойып, қазір ай сайын төлеп тұрмыз.
– Қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз?
– 15 адамды жұмыспен қамтамасыз етудемін.
– Бүгінде бизнесті бастау қаншалықты күрделі деп ойлайсыз?
– Бизнесті бастау үшін ең бірінші тәуекел керек. Сосын ерік-жігер мен тез шешім шығару маңызды. Жалпы, кез-келген адамның ниеті мен нақты идеялары болса, кәсіпкерлік ашып, оны дамытуда мүмкіндіктер көп. Яғни, кәсіби бастамасы бар адам үшін барлық жағдай жасалған. «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту жол картасы –2020», «Агробизнес – 2020», «Кәсіпкер» секілді т.б. бизнесті мемлекеттік қолдау бағдарламалары жұмыс жасауда.
– Сіздіңше жаңақорғандықтар үшін қандай іспен айналысқан тиімдірек?
– Бұл сұраққа біржақты жауап беруге болмас. Әркім жанына жақын іспен шұғылданады. Бастамашы адам қабілет-қарымы, білімі мен ептілігіне қарай таңтағаны дұрыс ғой! Бәрінен бұрын, нарықтың заңдылықтарын зерделеп, оған бейімделу де маңызды.
– Өзіңіз секілді бизнесін бастағысы келген әйел аналарға не айтар едіңіз?
- Әр адам өзінің қолынан жақсы келетін іс-әрекетпен айналысқаны жөн. Әйелдерге ең қолайлысы өздері қызығушылықпен атқара алатыны – тігіншілік пен аспаздық, шаштараз деп білемін. Қазір ісмер тігіншілер мен шебер аспаздарға сұраныс жоғары.
– Шетелдерде отбасылық бюджетті есеппен жүргізеді? Осыған қалай қарайсыз?
– Не дегенмен отбасы шағын мемлекет. Оны да есеппен жүргізбесе, банкротқа отырады. Менің ойымша шетелдерегідей сағатына және сол тәулікте ақша төлеген дұрыс. Себебі, айлығын бір ай күткен адам барынша қарызға кіруі мүмкін. Күнделікті қолында ақшасы болған адам оған керегін уақытында алады. Барлық ақша айналымының есеп-қисабын жазбаша жүргізгеннің пайдасы болмаса, зияны жоқ. Біздің ұтып отырғанымыз, асханамыз халал, ішімдік атаулыны дастарханға жолатпаймыз. Темекі шегуге болмайды. Соған қарамастан, екінші қабатта балалардың ойын алаңы, кинозал болғандықтан шығар, балаларымен келіп туған күн, мерейтойлар, құдалық жасауға тапсырыс берушілер қатары көп. Мен соңғы кезде өмірімді енді бастағандай көрінемін. Жалпы, «Қолы қимылдағанның аузы да қимылдайтынын» өз тәжірибесінен жақсы білемін...

Ескендір ЕРТАЙ.
17 мамыр 2019 ж. 535 0