Аудан тарихы, ел шежіресі
1959 жылдың күзі, аудандық Екпінді« газетінде корректормын. Бірде бөлім меңгерушісі Орынбасар Сүлейменов кеңсеге орта бойлы, шағын денелі, жүрісі ширақ қарт кісіні ертіп келді. Ақсақалмен тегіс сәлемдестік. Бұл кісі,– деді Орынбасар бір бөлмеде қатар отырған Сейілбек Балымбетов, Адырбек Сопыбеков, Шаншархан Төрегелдиев, Қален Абдешевтерге, – біздің аудандық газеттің тұңғыш редакторы Әбдрейім Рыскелдиев ағамыз.
Шағын денелі қартқа таңдана қарадық: – Көздеріне қораш көрініп отырмын ба? – деді ол әзіл-шынын араластыра төрдегі орындыққа жайғаса беріп: – Неге олай дейсіз? Деді газеттің жауапты хатшысы Қален Әбдешев ерткін тіл қатып, – Бәріміздің ұстазымыз екенсіз. Соған қуанғанымыз ғой! Ол күлді. – Бұрынғылардай емес, білімді азаматсыңдар – деп аз кідіріп еді, – Көкейіңізді түсіндім, – деді Қален тағы да қарттың сөзін бөліп. – Біздің сұрағымызға жауап берсеңіз, сол жетіп қалар: – Шал көп сөйлеп кетер деп хауіптенесіңдер ғой деймін – деп келіскендігін білдірді де сұрақ қоймай-ақ сөйлеп кетті.
Газетке келгенге дейін сауаты бар жас жігіт 1928 жылы Ташкенттегі мұғалімдер даярлайтын курсқа түсіп, оны бітірген соң Бесарық өңірінде аз уақыт мұғалім болыпты. Одан кейін Жаңақорған аудандық партия комитетінің идеология бөліміне қызметке келіпті. Осыларды ортаға салған ақсақал Орталық партия Комитетінің 1932 жылғы қаулысымен жер-жерде көп тиражды газеттердің шығарыла бастағанын, аудандық партия комитеті бұл жұмысты өзіне жүктегенін әңгімеледі: – Дайын газеттерді оқып, жаңалықтарын көпке жеткізгенім болмаса, оның қалай шығатынынан хабарым жоқ болатын, – деді ақсақал жымия күліп – Партия тапсырған соң орындамауға хақың да жоқ. Жедел іске кірістім. Бірақ оңай емес екен, барлығын нөлден бастауға тура келді. Қызылорда, Шымкент, Алматы қалаларындағы баспаханаларға әлденеше рет барып жүріп көп нәрсені үйрендім. Ленинградтан арнайы тапсырыспен қорғасын әріптерді алдырдық. Келісім шартпен шақырылған білікті мамандар жергілікті қыз-келіншектер мен ер азаматтарды сегіз айдай оқытып үйретіп, орта дәрежелі баспагерлер дайындалды. Ол кезде орта шаруаларды колхозға мүшелікке тартып, оларды көтермелеп марапаттап отыру басты мақсат саналатын. Нңбекші бұқараның көкейіндегісін көпшілікке жеткізетін болғандықтан жаңа газетті де озат шаруашылықтың есімімен атау дұрыс деп табылады. Сол жылдары мемлекеттік жоспарын орындаған аудандағы бірден-бір шаруашылық «Қызылмақташы» еді. Соған орай газеттің тұңғыш нөмірі де «Қызылмақташы» болып шықты. Бұл 1933 жылдың бірінші қыркүйегі болатын. Сауатты кадрлар аз, соған қарамастан жер-жерден жинақталған фактілерді пайдаланып, газетке беретінбіз. Оның сөзі жеке-жеке әріптермен теріліп, қарапайым станокта басылатын. Станок қолмен айналдырылатындықтан газеттің таралымы жүз елу данаға әрең жеткізілетін.
Тұңғыш нөмірдің бірінші бетіне аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Алтынбек Ембергеновтың сөзін бергенбіз. Онда хатшы аудан халқын тұңғыш басылыммен құттықтай келіп, жаңа құрылымдағы алғашқы қиындықтардан арылуда жүргізіліп жатқан шараларды халыққа кеңінен жеткізу қажеттігі, бұл ретте газет алдында тұрған міндеттерді жан-жақты түсіндірген-ді. Ертеңіне хатшының өзі баспаханада кездесу өткізді. – Газет көп тиражды болып МТС жанына шығарылғанмен аудандық партия комитетінің ұстаған бағытын халыққа жеткізуші-деп бастады хатшы сөзін. Одан әрі сауатты жастардан тілшілер тарту, оларға бағыт-бағдарлар беріп отыру жайлы ой қозғап, бұл жұмысқа өзінің де көмектесіп отыратынын жеткізді. Ембергеновтың адамдармен сөйлесе білетін білімді кадр екенін, көп ұзамай халық жауы ретінде ұсталып кетекнін біз ақсақалдан естідік.
Рыскелдиев мұнан соң баспахана жұмысымен танысты. Әріп теруші Гүлжауһар Ибрагимова, Нағима Абдуллаева, Марфуға Керейбаева, Бибайша Мауленова, газет басушы Мария Нәлшекова, Мұса Әлімбетовтермен пікірелесіп, арада отыз жылдай уақыт өтсе де материалдардың қолмен терілетініне қынжылыс білдірді де 1935 жылы аудан бойынша «Екпінді» колхозының мемлекеттік жоспарды орындап алға шыққанын, содан бері газеттің «Екпінді» деп аталып, күні бүгінге дейін жарық көріп келе жатқанын әңгімеледі. Өзінің редакторлықты Н.Қалауовқа, ол Ә.Отарбаевқа, Отарбаевтың М.Әбдрейімовке өткізгенін де жасырмады. Біз газетіміздің тұңғыш редакторына алғысымызды айтып, құрметпен шығарып салдық.
Қырық жылдай еңбек еткен, өзім үшін аса қымбат газеттің алғашқы нөмірінің дүниеге келгеніне биыл сексен жыл толыпты. Бұл мен үшін ғана емес, ауданның да үлкен мерекесі. Өйткені шығармашылық жолымды осында бастадым. Көп нәрсені үйреніп, тәрбие де алдым. Жұмысты корректорлықтан бастап, газет қызметінің барлық саласынан өттім. Осы жайларды ой елегінен өткізе отырып, – Бұл да тарихымыз ғой, – деп газетіміздің тұңғыш редакторымен болған әңгімені де ортаға салдым. Иә, осыдан елу төрт жыл бұрынғы қызметтес ағаларым, олардың ішінде газет редакторы Әзілхан Амановтың адами қасиеті, әсіресе сөзінде тұра білетіндігі, талап қойғыштығы, артық сөзге жоқтығы, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі ретіндегі сан алуан жұмыстары еске түседі. Қәнігі журналистер Қален Әбдешев, Орынбай Ахметов, Орынбасар Сүлейменов, Сейілбек Балямбетов, Адырбек Сопыбеков, Шанжархан Төрегелдиевтермен де алғаш осында таныстым. Бұлардың бәрі де өз ісіне әбден төселген, тәжірибелі мамандар еді. Олар дайындап, газет бетіне жарияланған сын материалдар ескерусіз қалмайтын. Бірде тау бөктеріндегі мектеп директорының итінің көшедегілерге маза бермейтіні, оны зәбірленушінің атып өлтіргені, соның салдарынан елді-мекенде дау-жанжалдың көбейгені жайлы шағым түсті. Тексергенде бәрі анықталып, газетте «Көкжал еді-ау көк төбет» деген тақырыппен фельетон жарияланды. Артынша, мектеп директоры қызметінен кетті. Сондай-ақ, «Горняк» қосалқы шаруашылығынан «Қиярдың қиқуы», аудандық аурухана жұмысы жөніндегі реид, Төменарық сауда орнынан «Ұн дегенде үндеме» тақырбымен жарияланған материалдарға байланысты да мекеме басшылары партиялық жазаға тартылып, қатаң шаралар көрілді. Мұндайда журналистер мен тілшілер беделінің қандай болатыны айтпаса да түсінікті ғой. Баспаханадағы жұмыстар тіптен қиын болатын. Соған қарамастан қыз-келіншектердің тынымсыз еңбегінің арқасында газет мерзімінде жарық көретін. Құдайберген Әбдрахмановтың басшылығымен ұжым мүшелері түнімен қолдарымен әріп теріп, өздерінің май-май болған ұсқындарына қарамастан таңертеңгі шайларын ішісімен жұмыстарын қайта бастап кететін. Бүгінгідей орталықтан берілетін электр жарығы да жоқ. Жарық беретін «Казсельхозтехника» бірлестігінің аудандық бөлімшесіндегі дизель мотор түнгі сағат бірге дейін-ақ істейтін. Газет шығатын күні кезекші редактор үнемі мотор жүргізушімен тіл табысуға бар өнерін салатын. Бұл жөнінде редакторға өтініш жасасақ «Бір адамға айтқандарыңды істете алмайсыңдар ма?» деп ренжіді. Өзімнің кезегімде мотор жүргізушімен сөйлескенде: – Күні бойы көше кезе бергенше жұмыстарыңды бітірмейсіңдер ме,– деп кейіс білдіргенін әлі күнге дейін ұмытқаным жоқ. Баспахана қызметкерлері мен журналистер қат-қабат қиындықтарға қарамай аптасына үш рет жарық көріп, төрт мың данамен тарайтын газетті таңертеңгі сағат тоғыздан қалдырмай байланыс бөліміне тапсыратын. Бүгінге дейін есімде, 1962 жылы 25 сәуірдің нөмірін дайындап бітіріп, түн жарымда тарағанбыз. Таңертең редакторымыз Ә.Аманов «Газетті оқыдыңдар ма?» – дейді қабағы да қатулы. Қате кеткен шығар деген хауіппен сол күнгі нөмірді жіті оқи бастадық. Соңғы бетіндегі төртінші бағанадағы хабарландыруға көзіміз түсті. Онда – Бұдан былай аудандық газет шығуын тоқтатады,– деп жазылыпты. Алдында Воронов дегеннің КПСС Орталық Комитетінің кезекті пленумында. – Екі ауданға ауданаралық бір газет шығару тиімді –деген сөзін оқыған едік. Соның нәтижесі екен. – Бірақ ауданаралық газет шығарылмады. Оның есесіне жыл аяғында Шиелі мен Жаңақорған бірігіп, үлкен ауданға айналды. Баспасөз орнына байланыс бөлімі жанынан радиохабарын тарату редакциясы ашылды. Оған аудандық өндіріс басқармасы жанындағы партия комитетінің идеология бөлімі басшылық жасады. Мен радиохабарын ұйымдастырушы әрі жүргізушісі болып орналастым. Аудан халқы мен елді-мекендердегі тұрғындар аудандағы жаңалықтарды аптасына бес рет берілетін радио хабарынан есітіп, біліп отырды.
1963 жылдың май айынан аудандық газетті қайта шығару керек болды. Оның редакторлығына белгілі журналист Дүйсенбі Ысмайлов бекітілді. Ол кадрларды іріктеуге кірісті. Екі-үш күннің ішінде-ақ редактордың орынбасары, жауапты хатшы, бөлім меңгерушілері, әдеби қызметкерлер мен корректорларға дейін белгіленді. Мен де газетке ауыстым. Басылым «Өскен өңір» деп аталды. Шиелі орталығындағы бұрынғы баспахана үйі керек-жарағымен бүлінбей сақталған екен. Ұжым мүшелерінің қажыр-қайратымен Бірінші мамыр-мейрам күні «Өскен өңірдің» алғашқы нөмірі жарық көрді. Жаңа басылымды құттықтаушылар көп болды. Солардың ішінде Шиеліде тұратын Қазақ әдебиетінің ақсақалдарының бірі, үлкен жазушы Қалмахан Әбдіқадіровтың арнайы келіп құттықтағанын күні бүгінге дейін есімде. Ол кеңеске сөйлей кірді: –Бұл өңірдің жұлдыздай жайнаған жігіттері, Құндыздай құлпырған қыздары қаншама?! «Оймақ пішсеңде ойлап піш»– деген солардың төккен терін, еткен еңбегін жарқырата көрсетіңдер. Биік таудың сарқырай аққан бұлағы болса, жағасында жағалай біткен құрағы болады. Елдің ортасында үн жария газеті болса, тілші оның құлағы болады,– деп ақыл кеңесін айтып, редакция мен баспахана ұжымына сәт сапар тілеп, ақ батасын берді. «Жақсы сөз жан семіртеді» деген рас екен, құлшына іске кірістік. Байырғы журналист Жұныс Шәукебаев, Мінер Арысбаев, Тұрсынбай Ахметов, Қанапия Дәрібаевтар аға ретінде бәрімізге үлгі болды. Олардың жүріс-тұрысы, еңбек ету тәсілі, сөйлеу мәдениеті бір-біріне ұқсамайтын өзіндік ұстанымдары көкейімде қалыпты. Жас талапкерлерге қамқорлықтары да ерекше еді. Өнегелі ортада ұлағатты тәрбие ала жүріп Социалистік Еңбек ерлері Ыбырай Жақаев, Закира Ержанова, Шырынкүл Қазанбаевалармен танысып, сұхбат құрғанымды бүгіндері журанлистік өмір жолымдағы үлкен бір белеске жатқызамын.
1966 жылы ақпан айында Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Президиумының жарлығымен Жаңақорған ауданы Шиеліден бөлініп өз алдына шаңырақ көтерді. Бұл жөніндегі өткізілген конференция мен пленумда басшы кадрларды белгілеумен қатар аудандық газет шығару мәселесі де түбегейлі шешілді. Газеттің редакторлығына облысқа танымал журналист Мырқы Исаев бекітілді. Жаңа редактор ертеңіне-ақ төрт жылдан бері иесіз қалып, тозуға айналған баспахана үйін күрделі жөндеуден өткізуді қолға алды. Алдымен облыс орталығынан қажетті жабдықтарды жеткізді. Бес-алты қыз-келіншекті екі айға Шиелідегі баспаханаға үйренушілікке жіберді. Тынымсыз еңбегінің арқасында қиындықтармен арпалыса жүріп, кадрларды да іздестіріп іріктеді: – Бірге жұмыс істейік, – деген соң бұрынғы таныс ағамыздың сөзімен мен де Жаңақорғанға қайта оралдым. Қатарымыз басқа да жас кадрлармен толықты. Жұдырықтай жұмылған жас ұжым Исаевтың тікелей басшылығымен 1966 жылғы Маусымның екісі күні «Коммунизм жолы» атанған газеттің алғашқы нөмірін шығардық. Сол көңілді қуаныштар да көз алдымда. Редакторымыз ашық жарқын азамат еді. Көңілінде пікір сақтамайтын. Әсіресе фельетон, сын материалдарды жазуға бар ынтасымен кірісетін. Іс сапарға шығарда, – Сын әкел, – деп қызметкерлерге арнайы тапсырма беретін. Дайындалған материалдар көңілінен шықпаса, ерінбей отырып өзі қайта жазып шығатын. Сын-сықақ бетін ұйымдастырып, онда «Үкілі жырау» атты арнайы бөлім ашты. Аты айтып тұрғандай, материалдарының көбі фельетоннан бастап өлеңмен жазылатын. Тиісті орындар сынға жауап бермесе, қайтадан дабыл көтеретін. Бұл жөнінде аупартком мен атқару комитетінің қызметкерлерімен, совхоз-мекеме басшыларымен байланыс жасап, кейде ортақ мәмілеге келетін. Істің көзін таба білетіндігі ғой, мемлекет қаржысын жұмсамай-ақ екі жылдың көлемінде редакцияны жаңа ғимаратпен қамтамасыз етті. Қысқасы, Мәкеңнің өнегесі жас қаламгерлерге үлкен мектеп еді. Бүгінгі сақа журналист Жақсылық Рахметулла, Файзулла Сахиев, Пахмадин Айнақожаевтар Мәкеңнің тәрбиесімен қанаттанған шәкірттері болатын. Кейін облыстық газетке ауысты. Қоштасуға шығарып салғанымызда іргесін өзі қалаған ұжымды қимай: – «Біреуге мылтық үйреттім, мерген болды мені атты, Күшік асырап ит еттім, бақайымды қанатты» деген өлең жолдарын қайта-қайта айтқанына таңырқағанбыз. Себебін сұрағанымызда «Ұлы Абай есіме түскені» – деді де қойды. Абзал азаматтың үш жылға толмай-ақ қызметінен кеткенін редакциядағы жігіттердің кейбірінен көргенін кейін естідік.
Уақыт ағынымен аудан айнасының әр кезеңде «Қызылмақташы», «Екпінді», «Өскен өңір», «Коммунизм жолы», «Жаңақорған тынысы» болып атаулары өзгергенімен басты мақсаты-адамдардың бойында ізгілікті қалыптастыру, елдің әлеуметтік жағдайын жақсарту, экономикасын нығайту бағытын айныған емес. Бәрінде редакторлардың еңбегі, өзіндік қолтаңбасы қалды. Олардың бастауында тұрған өзім жүздескен Әбдрейім Рыскелдиев, Махамбет Әбдрейімов, Әшім Отарбаевтармен бірге Әзілхан Аманов, Дүйсенбі Ысмайлов, Мырқы Исаев, Адырбек Сопыбеков, Құдабай Ертаев ағаларымның болмыс-бітімі, адами қасиеті, жас талапкерлерге берген ақыл кеңестері ешқашан ұмытылмақ емес. Қызметкерлердің жұмыс стилі, қандай жанрға икемі бар екенін сарапқа салып, нақты тапсырмалар беретіні де бүгінгілерге үлгі болса керек. Бөліп алары жоқ тегіс жоғары білімді, өмірлік тәжірибесі мол азаматтар еді. Кемшілік жіберген сәттердің өзінде қарамағындағылардың ар-намысына тиіп қатаң шара қолданғанын көрген де, естіген де емеспін. Мәселен, бір қызметкер аурулығына байланысты жағдайын айта берген соң редактор, осыны кезеушіліктен босатыңдар – деген тапсырма берді. Бірақ қамқорлықты әлгі жігіттің: – Мені шеттетіп жатыр-деп шығамданғаны есімде қалыпты. Редакторлардың қайсысы болса да мәдениеті жоғары-тын. Сол мәдениеттілігімен жас кадрларды қалыптастырып, журналистік шеберліктерінің шыңдала түсуіне айтарлықтай ықпал жасады. Бізге үнемі: – Газет адамдар тағдыры, аудан тарихы. Шопан, диқан, түрлі саладағы еңбек адамдарымен, айтулы тұлғалармен сөйлесесің. Солардың атқарған ісін, көтерген мәселесін бүгінгі де, келер ұрпақ та өздерің шығарған жариялымнан оқып біледі. Ол үшін журналист білгір-білімділікпен шындық-ақихатты айшықты етіп жаза білуі керек, – деп үйрететін.
1970 жылдары аудандық партия комитетінің идеология бөлімінен келген Құдабай Ертаев өзі редактор болған жылдар ішінде редакцияның материалдық базасын нығайтуға көп күш салды. Жаңадан линотиптер алынып, әріп терушілер үшін жеңілдіктер жасалды. Хатшылармен де, мекеме басшыларымен де тіл табыса отырып, басылымның таралуын бесжарым мың данаға дейін жеткізді. Тың резервтерді іске қосуды да батыл қолға алды. Ашаршылық пен соғыс жылдарында пайдаланылып, кейін қалып қойған жонға бидай егу, тоғандарды жөндеп іске қосу жөнінде де мәселелер көтерді. Оның бірқатары жүзеге асты да. Аудандық газеттердің республикалық конкурсында жүлделі екінші орынға да ие болды.
Құдабай ағамыздан кейін газет тізгіні маған тиді. Менің алдымда енді ұстаздарымның салған соқпағына дақ түсірмей одан әрі жалғастыру міндеті тұрды. Осыған орай басылымның идеялық сапасын көтеру, танымдық мазмұнын тереңдету, тақырып аясын кеңейту арқылы оқырмандар талабынан шығуға бар мүмкіндіктер жұмылдырылды. Бұл ретте марқұм Үсен Әбшенов, Төлеуғали Отарбаев, Жұмабай Әбілов, Пахмадин Айнақожаев, Файзулла Сахиев, Құдайберген Ертасов, Оразалы Мұсабековтердің еңбегі ерекше болды. Соғыстан кейінгі жылдардан бастап, газетке үзбей қатысып келе жатқан Манап Көкенов, Есіркеп Қоңқабаев ағаларымыздың да көмегінің көп болғанын айтқан жөн. Жаңадан жаза бастаған талапкерлер үшін «Жас тілшілер бұрышы» ұйымдастырылды. Ұжым мүшелері жоспар бойынша күнделікті тапсырмалардан тыс тіл жөнінде «Біз айтпағанды кім айтады?» «Адам. Дәуір. Октябрь», «Қыз өссе елдің көркі» айдарларымен көпшілік көкейіндегі мәселелерді қозғай білді. Ұзақ жылдарға созылған журналистік жолымда аудандағы жеке тұлғалармен, белгілі еңбек адамдарының көпшілігімен сұхбаттас болдым. Олардың ішінде Советтер Одағының батыры Әнуар Әбуталиповтен соғыс салған жаралар, Социалистік Еңбек Ерлері Сапарбай Сұлтамұратов, Ержан Нақыпов, Шоманбай Абжалов, Орынбай Бидашев, Арапбек Әбиевтерден мал бағып, күріш өсіру жөнінде сан алуан мағлұматтар жинадым. Ер азаматтар майданға аттанғанда трактор руліне отырған апалар Халипа Түлкібаева, Мария Нарымбетовалардың еңбегі де халыққа газет арқылы паш етілді. Редакторлық міндетті 1986 жылдан 1988 жылы зейнеткерлікке шыққанша атқардым. Жұмысты қалай атқарғаныма архивте жатқан газет тігінділерінің өзі куә болар деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, кейінгі жылдары қаржы тапшылығы, ол әкелген қиындықтар жүйкеге тиетін. Әсіресе өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап экономикалық тапшылық белең алды. Қағаздың жетіспеуінен ең алдымен газеттің шығу мерзімі азайды. Аптасына үш рет тарайтын газет алғашқыда екі рет, кейін бір-ақ рет шығатын болды. Қаржы жетіспеушілігі кадрларды қысқартуды талап етті. Бірақ біз бұл қиындыққа ұрына қойған жоқпыз. Бұдан бірер жыл бұрын басқа жұмысқа ауысқан, зейнеткерлікке шыққан азаматтардың орнын бос ұстағанымыздың әсері еді бұл. Бірақ штаттағы қызметкерлердің айлық жалақысын тауып беру оңай болған жоқ. Жағдай ауырлай түсті. Газетке жазылу совхоздарда малдың, астықтың есебінен жүргізілді. Алынған дүние ұжым мүшелеріне айлығы есебінен таратылып беріліп отырылды. Уақыт өте келе жекелеген кәсіпкерлер қамқор қолын созып демеушілік жасай бастады. Құрылтайшы белгіленбей тұрған кезде мұның өзі үлкен жетістік еді.
Сексен жылдық тарихы бар ел үшін де, өзім үшін де аса қадірлі сүйікті газетімнің айтулы мерекесі қарсаңында көрген білген, көкейге түйген жайларымды ортаға салдым. Бұрынғы кезеңмен салыстырғанда қазір уақыт басқа, ақпарат құралдары заманауи техникалармен қамтамасыз етілген. Қорғасын әріптер архив қоржындарына өткізілген, кәсіби мамандар да жеткілікті. Бүгінгі қол жеткен жетістіктің қайсысы болса да ескінің құрсағында жетіліп, содан бастау алады десек, бәріміздің де жүрегімізге қуаныш ұялайды. Уақыт атты құдіреттің қазанында қайнап, басылымда шеберліктерін шыңдаған әрбір азамат үшін «Жаңақорған тынысы» рухани ұстаз, әрі теңдесі жоқ тәрбиеші. Олай дейтінім, мұнда олардың біліктілігі артты, өмірге деген көзқарасы қалыптасты. Сонан келе ертеңгі бағытын айқындады да келер ұрпаққа қолтаңбаларын қалдырды. Газеттің сарғайған беттеріне көз салып зерделей білсеңіз мұнда замана қойған талаптарға сай атқарған ауданның тыныс тіршілігі де бар. Жалпы алғанда, бүгінгі қауым бабалары мен аға ұрпақ өкілдерінің жүріп өткен жолын, соның ішінде ашаршылық, зобалаң, нәубет, соғыс жылдарындағы басынан кешкен зұлматтармен де тіпті кешегі тоқырау деп аталған аумалы-төкпелі кезеңдерден кейінгі нарықтық экономика әкелген қиындықтармен де «Жаңақорған тынысы» арқылы танысатынына сенемін.
Айдархан Бибасарұлы,
Қазақстан Жазушылар Одағы мен Журналистер Одағының мүшесі.