№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚАЛАМГЕРЛЕР АЙБАРЛЫ БОЛУЫ ТИІС

ҚАЛАМГЕРЛЕР АЙБАРЛЫ БОЛУЫ ТИІС

ХХ ғасырдың 70 жылдары біздің Қандөзге самолет қатынайтын-ды. Екі қаладан. Бірі – Түркістаннан, екіншісі – Қызылордадан. Түске жақын облыс орталығынан келетін ұшақ ауыл үстін айналшақтағаннан поштаға қарай жүгіретіннің бірі мен. Ауыл шетіндегі аэропорт аталатын алаңқай маңында қою шаң тағы бір рет көтеріліп, дарылдаған дыбыс басылған сүт пісірім уақыттан соң ауыл поштасының бастығы Тойлыбек көк есегінің екі жағындағы қоржынына газет-журналдарды теңдеп жортып келе жатады.
– Әуелі поштаны бөлейік, кәзитті сонан соң ғана аласыңдар, – дейді көкеміз жез мұртын сипап. Сол-ақ екен қарбалас жұмыс басталады. Манат әпкем, Тошан үйіндегі жеңгем, кластасым Есенкүл хат-хабарларды сорттап жатқанымыз. Ол кісілер осы кішкене мекеменің қызметкерлері, менікі – жаңа газеттерді тезірек оқысам деген құлшыныстың әрекеті. Әуелі аудандық газетті қолға аламын, ары қарай «Спорт», «Лениншіл жас», «Советский спорт», «Физкультура и спорт», облыстық басылым «Ленин жолы», «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері», «Жалын», «Жұлдыз» журналдары. Газет-журналдардың исі де қандай десеңізші! Әйтеуір керемет бір әлемге еніп кетемін. Оқуға деген құмарлық түрлі редакцияларға хабар-ошар жіберуге жалғасып жатты. Бір ерекшелігі - сенің шимай-шатпағыңа редакциялардан да жауап хат келіп жатады. «Талабың дұрыс, үзбей іздене бер» деген тұрғыда журналист ағалар дем беріп қояды. Осылайша, «Қазақстан пионері» мен аудандық газеттің көп авторларының бірі болып кеттім-ау, деймін. Әсіресе, «Қазақстан әйелдері» журналында жарияланатын құпия сөздің белсенді құраушысы едім. Ал 1974 жылдардан бастап Жаңақорған аудандық «Коммунизм жолы» (Қазіргі «Жаңақорған тынысы») газетімен байланысым нығайды. Редакция «Штаттан тыс тілші» деген куәлік те беріп қойды. Байқаулар өткізіп, жақсы материалдар авторларын марапаттап отырады. Газеттің редакторы Құдабай Ертаев, орынбасары Қалжан Исмайлов, жауапты хатшы Адырбек Сопыбеков. Біз бөлімдерді жағалаймыз. Жақсылық Рахматуллаев, Файзулла Сахиев, Төлеуғали Отарбаев, Кенжебек Әбдімәуленов, Пахмадин Айнақожаев, Сырлыбай Төртбаевтар ақыл-кеңестерін аямайды. Кейіннен бұл қатарға Жұмабай Әбілов, Құдайберген Ертасов, Оразәлі Мұсабековтер қосылды. Ол уақытта баспасөздің беделі жоғары, жазушы-журналистер айбарлы, абыройлы болатын. Аудан орталығына келе қалсақ, аудандық газеттің редакциясына соқпай кету біз үшін үлкен кінә секілді көрінетін. Ондағы қызметкерлер де жатсынбай, құшақ жая қарсы алып, арқа-жарқа болып қалысатын-ды. Баспахана да жақын, ол жерге де бас сұғып, газеттің шығу процессін де тамашалаймыз.  
1976 жылдың күзі еді, ауыл моншасының бір аптадан бері жұмыс істемей тұрғандығын сынға алған мақаланы аудандық газеттен оқыған Халық депутаттары Жаңақорған аудандық атқару комитетінің председателі Сәмит Далдабаев Келінтөбедегі іс сапарынан соң ауылға арнайы келіп, басшыларды тік тұрғызып қойып жауапкершілік сұрады. Кемшілікті екі күн ішінде орнына келтіруге қатаң тапсырма берді. Көкелерімнің басшы алдында терлегеніне енді мен қысылайын. Иә, ол кездері газет қоғамның қозғаушы күші еді. Ол қатарда әрине, біздің сүйікті аудандық газетіміз нық тұрды.
– Әзіл-сықақтарың жақсы оқылады екен. Суреттеме, репортаждарың да тәуір, бірер очерктеріңді де жарияладық. Газетке қызметке келуге қалайсың,– деп сұрады бірде Құдабай аға. Осылай сенім артқанын арқаландым-ау деймін, сексенінші жылдары редакторға «Көкине» атты әзіл-сықақ бетін шығару туралы ұсыныс айттым. Ол кісі қолдады. Алғашқы шығарылымына атақты сатирик Оспанхан Әубәкіров бата беріп, Көпен Әмірбеков ақ жол тіледі. «Көкинеде» әзіл-сықақ пен қатар фельетондар да жарияланып тұрды. Мен осы беттің редакторы ретінде материялдарымды редакцияға тапсырып жүремін. Кейіннен комсомол-жастар бригадасының бригадирі болдым да, жұмыс орнымның шалғайлығынан шаруашылық жұмыстарынан босауым қиындады. Дегенде, менің осы қызметіммен «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде әзіл-сықақ әңгімелерімнің жиі жариялануы түрткі болды ғой деймін, кейіннен Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің басшылығы арнайы шақырып, онда «Түрлі түрлі бастар бар»  атты сатиралық беті мен «Спорт» бетін ұйымдастырып, редакторлығын атқардым. 
Иә, менің кейінгі жиырма жылым мерзімді басылымға тікелей қатысты. Баспасөз саласында да абыройлы еңбек еттім деп ойлаймын. Бұл «Жаңақорған тынысы» газетінің игі әсерінің ықпалы. Сол үшін де сүйікті газетіме ризамын. Газет редакторлары Айдархан Бибасаров, Өлмесхан Болатбеков, Алмас Бекжігітов өз кезеңдерінде аянбай еңбек етті, қаншама қоғамдық мәселелер көтерді, жастарды тәрбиеледі, оқырмандар алғысына бөленді. Біз секілді жанашырларына да көңіл бөліп, газетке қатысты жиындарына үзбей шақырып тұрды. Аудандық газетке 2015 жылы редакторлыққа келген ініміз Қаныбек Әбдуов басылымға жаңа леп берді. Сол үрдісті Нұрлат бауырымыз бастаған ұжым жалғастырып келеді. Газет көркем де мазмұнды шығуымен жұртшылықтың асыға күтетін құнды дүниесіне айналды деп ойлаймын. Үнжарияның мерейлі мерекесі құтты болсын!
Нұрмахан ЕЛТАЙ,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі.
16 тамыз 2018 ж. 1 051 0