Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сіз қалай сәлемдесесіз?

Сіз қалай сәлемдесесіз?


Студент кезім. Қызылорда қаласына оқуға түскен соң, жатақханадан бөлме алдым. Төрт адамдық бөлмеге төрт жердің адамдары жиналыппыз. Біріміз – Арал, біріміз – Сарыағаш, енді бірі – қалаға жақын маңдағы ауылдан. Ал, мен сол баяғы – Жаңақорған. Бір-бірімізді танып, біліп, тіл табысу мақсатында амандық саулық сұрасып жаттық. Мен өз жерімнің қанға сіңген қасиеті бойынша, қолмен амандастым. Сарағаштық қыз «қалай жағдай жақсысыңба?» деп сөйлеп қалып жатса, өзгелері ауызшалап «сәлем», «амансыңба» деп жатты. Бәрінен де қызығы сол, аралдық курстасым «Сәлем бердік» демесі барма?...  Ал, ол  сөзді біз жақта еңкейіп сәлем салатын келіндер ғана айтады. Маған қызық болып естілген соң ба, әлде бұрын-соңды бұл сөзді маған ешкім айтпағандықтан ба, әйтеуір еріксіз күлкіге бойладым. Күліп тұрып, осылай амандасасыңдар ма?, – деп те сұрағаным бар. Жүре берсең, көре бересің демекші, өз өңірімізден бөлекшығыс, батыс, солтүстік сынды жер-жердің де амандасу дәстүрін көрдік. Әрқайсысы өз алдына ерекше. Сайып келгенде, бұл да бір қазақ мәдениетінің, өмір сүру салтының бір көрсеткіші болса керек.
Әржердің салты басқа, иттері қара қасқа. Бағзы бабалардан қалған бұл тәмсілдің астарында астарлы ой, терең философия жатыр. Иә, рас әр өлкенің өзіне тән диалект сөзі мен сәлемдесу салты бар. Біздің Жаңақорғанда екі қолмен амандасу халыққа сіңген қасиет болса, Қызылорда қаласында ауызшалап «Саламатсызба?», «Амансызба?» деген ұғым тұрғындардың алғашқы сөзіне айналған. Ал, жастар жағы бет сүйісіп «привет», «сәлем» деп жатады. Жалпы, сәлемдесудің де түр-түрі бар. Соның ішінде, біз білмейтін, көпке қызық амандасулар қандай? Бірге тарқатып көрелік.
Кенияда Масаи  атты тайпа өмір сүреді. Олардың халқы бір-бірін көргенде  билеп амандасады екен.  Сәлемдесулері секіріп билеумен жүзеге асады. Бұл – біздің менталитет үшін күлкілі болғанымен, олардың халқы үшін ең керемет үрдіс. Гренландиялықтар өзара отбасында және ғашықтарымен жүздескен жағдайда мұрнының ұшы мен жоғарғы ернін екінші жанның қолына я бетіне тигізіп, терең дем алатынды.
Ал, Қытай халқының дәстүрлі сәлемдесуі «коутоу» деп аталады. Сәлемдескен кезде қолдары бүгіліп, майысады.  Әйелдердің сәлемдесуі «ваньфу» деп аталады. Олар қолдарын біріктіріп, денесінің бойымен төмен қарай сырғытып отырады. Бұл дәстүр  Хуан-ди патшаның билік еткен тұсында бастау алған деседі.
Көптеген елдерде тіл шығару әдепсіздік болып танылса, кейбір жерде тілін шығарғаны үшін жазаға тартылады. Ал, тибеттіктер үшін тіл шығару мәдениетті амалдың бірі. Себебі, олар бір-бірімен тілін шығарып амандасады.Сонау   ІХ ғасырда бастау алған бұл салт тибеттіктердің өзге халыққа жау емес, дос екенін білдіретін негізгі айғақ. Өркениеттің озық үлгісіне жеткен жапондықтар да сәлемдесу рәсіміне аса ән береді. Бір-бірін көрген кезде олар иіледі. Жастар өзара бастарын изеп амандасады.
Жаңа Зеландия елінде кез-келген жан жасына, жынысына қарамастан сәлем берген кезде мұрнымен бір-біріне үйкелесу керек. Осындай заңға тіпті Уильям ханзаданың өзі бағынған деген аңыздар бар.
Бұл –  әлем халықтарының амандасу ерекшелігі. Енді тақырып ауанын төл тарихқа, ұлттық руханиятымызға бағыттасақ. Қазақ тарихында амандасу қалай жүзеге асты, жергілікті жерлдердің сәлемдесу ерекшелігі қандай? Міне, осы сауалға жауап іздеп аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Бақдәулет Тәждиновті әңгімеге тарттық.
  • Адамдар танысын, танымасын бір-бірімен амандасу басты парыз. Себебі, сәлемдесу – қоғамға жылулық сыйлайды. «Қазақтың этнографиялық категориялары, ұғымдары мен атаулардың дәстүрлі жүйесі», «Көшпенділер» сынды құнды кітаптардың барлығында да қазақы киіз үйде күн кешкен бабаларымыз таңнын атысымен ең алдымен отбасына сәлем бергені баяндалған. Келін ата-енесіне, бала әкесіне, қыз бала анасымен саулық сұрасып, қайырлы күн тілескен. Жалпы, тарихта амандасудың да түр-түрі айтылған. Соның ішінде, бай, кедей деп бөлінген тапқа қарай амандасудың да түр-түрі болған. Халық алдында беделі биік,басшы, қолбасшы, хан болған кісілерге қара халықтың көрсетер ілтипаты да бөлек орын алған. Мысалы, тарихи деректерде  хан, төре-сұлтандармен амандасқанда оларды «Алдияр» деп атап, екі қолын кеудесіне, немесе тізерлеп тұрғанда оң қолын оң тізесіне қоюы шарт болған. Төремен жол үстінде кездесіп қалған жағдайда қарапайым қазақ атынан түсіп бір тізесін бүгіп амандасқан. Төре болса, оң қолын оның иығына қойып: «Аман ба?» деп жауап беріп, сәлемін алған. Міне, осындай ақпарлардан-ақ, қазақ мәдениетінің ерекшелігін аңғаруға болатындай.Рас, қай жағынан алып қарасақта, күнделікті қолданыстағы сәлемдесудің мәні мен мағынасы, тәлімі мен тәрбиесі зор. Өркениеттілікке ұмтылған әрбір тұлғаның  бойында табылу керек қасиет сүйкімді сәлемдесу болса керек. Себебі, амандық сұрасу – қабағың мен мінезіңнен, көңіл-күйіңнен хабар береді. Бұл туралы асыл дініміз исламда да тереңнен айтылған. Арабтың «Әс Сәләмун әлейкум» сөзінен алынған сәлемдесу сізге Жаратқанның амандығы мен саулығы болсын деген мағына білдірсе,  «Уә Әлейкум әссалям» сізге де амандық, саулық болсын деген сөз екен. Яғни, адамдардың бір-біріне жақсылық тілеуі.  Әлімсақтан ислам дінін қабылдаған мұсылмандар үшін осылай сәлемдесу бауырмалдылық, бейбітшілік, татулықтың басты нышанына айналған. Бұл туралы пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) сахих хадисінде «көлікте отырған кісі жаяуға, жаяу адам отырғанға, аз адам көпке, кіші үлкенге сәлем беруі тиіс» делінген екен.

  • P.S.: «Сәлем – сөздің атасы». Осы бір тәмсілдің өзі сәлемдесудің маңыздылығы мен қазақ қоғамындағы рөлін айғақтаса керек. Ендеше, сәлеміміз салауатты болғай!

Ханзада ДОШАН.
24 сәуір 2019 ж. 1 926 0