№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚАЗАҚСТАН – АЛМАНЫҢ ТАРИХИ ОТАНЫ

ҚАЗАҚСТАН – АЛМАНЫҢ ТАРИХИ ОТАНЫ

  Алматыда студенттік кезін өткізген немесе онда қонақ болған жан кезінде: «Алматының алмасы күннің қызыл түсіндей, Ұсынғанда алмайсың жүрмін сәулем түсінбей»,-деп шырқаған апортының тұқымы құрып бара жатқандығын, оның арғы атасы Сиверс алмасы әлемдік нарықтағы үш мыңнан астам түрлерінің арғы тегі екендігін біле бермейді.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы дала­ның жеті қыры» атты мақаласында алма мен қызғалдақтың отаны Қазақс­тан екендігін атап өтеді. Біз Сиверс алмасына ерекше тоқталғанды жөн көрдік. Себебі, осыдан бірнеше жыл бұрын өзім «Мәлім де беймәлім Қазақстан» атты деректі фильмдерді түсіру барысында Ақсу Жабағылы қорығынан Сиверс алмасының дәмін де татып көрген едім. Қышқылтым. Тамағыңызда сөлі қалып қояды.
Елбасы: «Асқақ Алатаудың бау­райы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлел­денген. Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған. Қазақстан қазір де әлемдегі алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының отаны саналады. Дәл осы тұқым ең көп таралған жемісті әлемге тарту етті. Бәріміз білетін алма – біздегі алманың генетикалық бір түрі. Ол Қазақстан аумағындағы Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолының көне бағыты арқылы алғашқыда Жерорта теңізіне, кейіннен бүкіл әлемге таралған»,-деп таратады.
«National geographic» журналы жария­лаған «Жаны сірі қазақ алмасы» атты мақалада: «Бұдан екі мың бұрын Іле Алатауының Сиверс алмасы Ұлы Жібек жолымен – Еуропаға, одан әрі Атлант мұхиты арқылы Америкаға жеткенін АҚШ ғалымдары дәлелдеп шықты», – деп жазды.
Шынында Қазақстаннан шыққан Сиверс алмасы ұзақ жылдар бойы КСРО темір пердесінің артына жасырылған құпия болды. Артынша КСРО құлағаннан кейін АҚШ Қазақс­тан тауларынан жабаы алма іздеу экспедициясын қаржыландырды. Экс­пе­диция мүшесі Фазионың ізбасары Фил Форслин мыңдаған алма тұқымын алып келіп, Нью Йьорк штатының Женева қаласындағы Корнелл университетінің тәжірибелік бағына еккен. 1999 жылы АҚШ-тың «The New York Times» газетінде жарық көрген мақалада және «Botany of Desire» атты кітапта Михайл Полан Форслиннің еңбегіне пікір жазған. Осы басылымдар жарық көргеннен кейін алманың геном тізбегін анықтау жұмысы Сиверс алма­сының жетілдірілген алмалардың түпкі атасы екендігін растады.
Өткен күзде Іле Алатауындағы жабайы алма ағашынан бір алма үзіп алдым, ол Malus sieversii(Сиверс алмасы), яғни жетілдірілген жабайы алма тұқымы болатын. Дәмін татып көріп едім, қышқылтым екен. Алма­құмарлар мұндайды ағылшын тілінде «spitter», яғни «қышқыл» дейді. Бұл алма Вашингтон штатындағы үйімнің бағындағы тәп-тәтті Фужи (Fuji) алма­сынан мүлде өзгеше. Дәмдегі мұндай айырмашылық алманың 2000 жылдық өңдеуден өткендігіне, оның Орталық Азиядан шығып, Ұлы Жібек жолы арқылы Еуропаға, одан ары Атлант мұхитын асып, Америкаға жеткендігіне байланысты болса керек. Ол тасымалдауға қолайлы, оңайлықпен бұзылмайды әрі нәрлі (қабығымен жеген кезде дәрумен мен калийдің күнделікті мөлшерінен 8% жоғары). Осыған қарап-ақ жиһангездердің алманы неліктен соншалық алысқа арып-ашып арқалағанын түсіну қиын болмас. Бірақ ол жол-жөнекей бір маңызды қасиетінен: генетикалық алуандығынан айырылып қалды. Түп тамыры. «Дүниежүзіндегі алма ағаштарының көбі «M.9» теліндігіне (rootstock) отырғызылады, – дейді АҚШ Ауылшаруашылығы департаменті ауылшаруашылығын зерттеу орталы­ғының өсімдік генетигі Генаро Фазио. – Бұлар – ХІХ ғасырда өскен бір түп ағаштың клоны».
Қазақстанның Сиверс алмасы мың­даған жыл бойы Іле Алатауының беткейлері мен Ақсу Жабағылы қоры­ғының теңіз деңгейінен екі мың метр биігінде өз бетімен қайта-қайта өсіп келеді.
Елбасы мақаласының артын ала ұлыбританиялық BBC арнасы осыған орайластырып, көлемді мақала жария­лады. «Саяхат» айдарында «Заманауи алманың отаны» деп жазды. Ресейлік ғалым Николай Вавилов 1929 жылы Malus sieversii-ді қазіргі алма – Malus domestica-ның арғы атасы екенін алғаш рет анықтағанда өңірдегі ормандар қалың, жемістері мәуелі болатын. Қазір жабайы алманың келешегіне қауіп төніп тұр. «Жабайы алма жоталардың бәріне созыла тарағаны қаланың айналасынан анық байқалады, – деп жазыпты Вавилов Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматыға барған тұңғыш сапарында. – Осы бір көркем мекеннің ауыл шаруашылығына бейімделген алманың отаны екенін өз көзіңізбен көре аласыз». Вавилов бұл сөзін түрлердің шығу тегі генетикалық әр алуан түрлер кездесетін мекенге тиесілі болатынын негізге алып айтқан еді. Алманың шығу тегі Алматыдан бастау алады деген бұл пайымды генетиктер әлдеқашан дәлелдеп үлгерді. «Күндердің күнінде адамдар Malus sieversii ормандарынан алманың дәні, ағашы не бұтағын алып, басқа жерде өсіре бастады», дейді Гэйл Волк. Ол АҚШ Ауыл шаруашылығы департаментінде өсім­дік­тер физиологиясын зерттейді. «Кей жағдайда алма ағаштары басқа өңір­дегі ағаштармен будандасуы мүмкін. Өзгеру процесі жалғаса береді», дейді ол. Алайда Malus domestica-ны қуана қабылдаған қазақ жерінде жабайы алманың түрі елеусіз қалды. Malus sieversii қазіргі уақытта ICUN Қызыл тізіміне енген (соңғы рет 2007 жылы жаңаланды), жойылып бара жатқан түр ретінде қарастырылады. Тұрғын үй және коммерциялық даму, мал шаруашылығы және ағаш дайындаудан аман қалған ормандарға қауіп төніп тұр. Соңғы уақытта Іле Алатауының тау бөктерін сақтау бойынша Италияның Slow Food foundation қоры шаралар қабылдады. Жобаны Cultures of Resistance Network қаржыландырады.
«Slow Food не жейтінімізге назар аударып, оны баяулату бай адам­дардың өмір салтын таңдау мәселесі емес екенін қайта-қайта айтып келеді», деді Cultures of Resistance Network ұйымының директоры Йара Ли. «Бұл жерде экологиялық қауіпті саналатын корпоративтік ауыл шаруашылығына балама ұсынып, пайда табуды көздейтін агроэкология модельдерін дамыту басты мәселе. Бізге қазір балама модельдер өте қажет», дейді ол. Вавилов алғаш рет Алматыға барғанда адамдардың әрекетінен туындайтын апатты болжау, тіпті елестету мүмкін еместігін айтқан-ды. Алайда ғалым жойылып кету қаупінің алдын алу үшін Malus sieversii дәнін жинау қажеттігін атап көрсетті. Вавилов оларды Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург) әлемнің ең алғашқы гендік банкіндегі 250 000 тұқымнан, жемістер мен тамырлардан тұратын өз коллекциясына қосты.
Ленинград құрсауы кезінде 1941 жылдан 1944 жылға дейін гендік банкте жұмыс істеген бірнеше ғалым онда сақтаулы тұқымдарды жегеннен гөрі, аштан өлуді дұрыс деп тапты.
Қорыта айтқанда, бүгінгі күні апорт тұқымына жоғалу қаупі төніп тұр. Кеңестік кезеңдегі алма бақтар экономикалық тоқыраудың құрбаны болды. Бұл дағдарыс Қазақ ауылшаруашылығының барлық саласын тұралатты. Апорт бақтары жойылды. Сонымен бірге Сиверстің генетикалық алуандығы да жоғалды. Алма бақтары жекешелендірілгеннен кейін жаңа қожайындар нарықта өтімді, тауар болатын сұрыптарды, мәселен, «Тәтті алтын» (Golden Delicious) және «Қызыл тәтті» (Red Delicious) сияқты сұрыптарды апорттың орнына қайта отырғызды.
Соңғы жылдар қазақтың қонақжай дастархан­дарынан көбіне алманың отаны бола тұра Қытайдың сырты жып-жылтыр балауызбен өңделген құрт-құмырсқа жоламайтын түрін көреміз. Бұл алманың дәмі де, татуы да жоқ. Оған қоса алғанда егер де сыртқы қабығын аршып жемесеңіз, онда сыртындағы балауыз ішегіңізге жинала-жинала келіп, соңынан «соқырішек» ауруына әкеліп соқтырады. Сондықтан, қазақ дастар­ханына отандық бау-бақшалардан алынған құрт-құмырсқа үйір алманы дастарханға қойғанымыз жөн. Бұл керекті дәрумендерге де бай.

Ескендір ЕРТАЙ.
16 сәуір 2019 ж. 2 222 0