№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ойынхана бизнесі талай шаңырақтың ажырауына себеп болуда

Ойынхана бизнесі талай шаңырақтың ажырауына себеп болуда

    Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек. Бұл – мемлекет басшысының рухани жаңғыруында көтерген келелі мәселесі. Мәселе дегеннен шығады, алтын уақытын құмар ойынға арнайтындардың шаңырағы шайқалып, қайғылы оқиғалар орын ала бастады. Ендеше, рухани жаңғырумен құмар ойыншылардың санасын емдеп, бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажет-ақ...


   Құмар ойындарын Қапшағай мен Көкшеге қыр асырып жібердік десек те, жасырын ойынханалар көлеңкелі бизнестің көрігін қыздыруда. Иә, осыдан тура 10 жыл бұрын Қазақастан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» Заңы қолданысқа еніп, оның 11-бабына сәйкес козина мен ойын автоматтарының қызметіне Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасының жағалауы мен Ақмола обылысының Шортанды ауданында ғана рұқсат етілген болатын. Қабылданған шараларға қарамастан қалада да, ауылда да формасын өзгерткен құмар ойындарын кездестіруге болады. Бүгінгінің болмысы – букмекерлік кеңсе. Бәс тігіп, барыңнан һәм пұлыңнан айрыласың. Не жолың болып, бір шала байып қаласың. Мұндай орталықтарды жағалайтын жастар жағы да жетерлік. Әсіресе, футболдан әлем чемпионаты болатын кезде кеңселердің жұлдызы жанады. Қаланы қайдам, Жаңақорғанның өзінде 500 мың теңге тігіп, ұтылып қалған азаматтарды білеміз. Онысын отырыстарда мақтаныш етіп айтады. Ең өкініштісі – мұндай құмарлық құрдымға жетелейді. Яғни, қарызға ақша сұрайды не қылмысқа барады. Сөзіміз дәйекті болсын.
    Биыл аудандық мешітте ораза айында болған оқиғаны тарқатайын. Бір жігіт мешітке келді. Жасы отыз шамасында. Сырттай танимыз. Имамға анасының саулығы сыр беріп, қымбат дәрі керектігі жөнінде көз жасына ерік бере отырып, образға енді. Кешкілік апақ-сапақта келген жігіттің ойдан құрастырылған оқиғасына имандай сендік. Содан қасиетті Рамазан айы ғой деп, жамағаттан қаржы жинап, 20 мың теңгені қолына ұстаттық. Ол болса, бір жетіде қаржыны қайтарамын, Алланың үйінде ешкімді алдамаймын деп, уәдесін беріп жайына кетті. Содан тарапы уақытысында әлгі қарызға ақша сұраған жігіт жайлы әңгіме қозғалып кетті. Кенет, сыныптасы ол жайлы шындықты айтқанда сабыр сақтауға тура келді. Ақиқатында Алла үйіне келіп, имаммен қоса, жамағатты алдап кеткенін білдік. Әлгі айдың күннің аманында анасын ауыртып, қарызға ақша сұраған жігіт нағыз алаяқтың өзі болып шықты. Құмар ойынына әбден құмартқан алаяқ ағайын-туыс пен жора-жолдасты да әбден шаршатқан екен. Әрине, сыбағасын бермесекте, ізгілікке үндейік деген мақсатта үйіне сан мәрте бардық. Бірақ, еш нәтиже болмады. Ата-анасының да көңілін қалдырған құмар ойыншының оқиғасы осымен тәмам.
Осы тақілеттес тағы бір оқиғаны күні кеше Қызылордадан оқудан демалысқа келген студенттен естідім. Олда қалаға оқуға түскеннен кейін, достары арқылы букмекерлік кеңсеге әуес болған. Ата-анасының айы сайын жіберген жолақы, пәтерақыға беріп жіберген қаражатын букмекерлік кеңсеге құйған. «Дәніккеннен құныққан жаман» демекші, ақшасын еселеймін деп, талай мәрте есесі кеткен. Оған қоса, 200-300 мың теңге оқу ақысын, ойынханаға құртқан группаластары бар екенін жасырмады. Ақыр соңы, жалданып жұмыс жасап, оқулары жайына қалғанын білмей қалған.
   Әрине, мұндай құмар ойынына құмартқандар жайлы әңгіме таусылмайды. Тіпті, Сыр беткейдегі бір ауылда болған мал ұрлығының соңы осы букмекерлік кеңсеге ақша тігумен сабақтасқан. Яғни, құмарға құныққан ауыл азаматы ұрлықы малдан түскен қаражатын осындай бәс тігу кеңселеріне жұмсаған. Сондай-ақ мұндай заңсыз ойынхана бизнесі талай шаңырақтың ажырауына себеп болуда.
   Ойынның қызығына түскен талай жастың қалтасын қағып жатқан орталықтарды Заң аясында жапқанымен, атауымен өзгертіп, қайта жұмысын бастап жатқандар жетерлік. Десе де, тапқан-таянғанын «құмарханаға» ала жүгіретіндердің қатарында ауылдың қарадомалақ жастарының көбейіп бара жатқаны көңіл қынжылтады.
Тақырыпқа тұздық. Дін не дейді? Бұл жөнінде біз аудандық мешіттің найб имамы Мейрамбек Баймұратовты сөзге тарттық. Оның айтуынша, асыл дініміз Исламда құмар ойындары арам етіліп, лағнеттелген екен.
– Құмар ойындары дос-жаран мен туған-туыстың арасына іріткі салатын нәрсе. Ақшаның елесі оған еліткен жанды адастырып, жақын-жұрағаттан алыстатады. Букмекерлік кеңсеге барып, бәс тіккен ойыншының мақсаты – тек ұту. Ал, ұтыстың бір ғана адамға берілетіні айқын. Жеңіліс тапқан ашу-ызға ерік беріп, шайтанның арбауына түсетіні тағы бар. «Жығылған күреске тоймайды» демекші, алдамшы сеніммен ұтылған ақшасын қайтарып алу мақсатында тағы да ойнап, айналшықтап сол ортадан кете алмайды. Сондықтан, Ислам діні әр мұсылманды Алланың көрсеткен жолымен өз ризығын тауып, адал ас ішіп, иманның кәусар бұлағындай таза бұлағынан сусындағанын қалайды. Ал, құмар ойындары адамды еңбек етуден тыйып, бос арманға жетелейді. Ақиқатында Жаратқан Алла Құранда құмар ойындарына тыйым салып, одан тыйылуға шақырады, – дейді Мейрамбек Баймұратов.
Не десекте, жаңа заманға бейімделген құмар ойындары бизнес көзіне айналды. Ең бастысы – мұндай құмарханалар жастардың алтын уақыты мен саулығына зиян. Қаншама жас буынның оқу оқып, ізденудің орнына уақытын бос өктізіп жатқаны өкінішті.

Әбдісамат ӘБДІШ.

13 қаңтар 2019 ж. 789 0