№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚҰЛДЫҚ САНА СИНДРОМЫ

ҚҰЛДЫҚ САНА СИНДРОМЫ


Тауратта Мұса пайғамбар 40 жыл бойы еврей ұлтын шөлде алып жүргені жайлы жазылған. Расында, 60 000 шаршы метр құрайтын Синай шөлінде адасып емес, «алып жүреді». Себебі, Мысырда құлдықта болған еврей ұлтының құлдық санасын өзгертпей мемлекеттік сананы қалыптастыру мүмкін еместігін білді. Мұса пайғамбар 40 жылдан кейін жаңа, жаңғырған бірнеше буын ұрпақты тәрбиелеп, шөлден шығады.
«Елу жылда ел жаңа» деген осындайда айтылса керек-ті. Бірақ, бізге елу жыл күтуге уақыт көтермейді. Құлдық сана қамытынан арылмасақ, көштің соңында қаламыз. Ал, заман ағымына ілесе алмасақ алдымызда «құлдың күні» күтіп тұр. Мемлекет басшысы айтқандай, «күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезім мен дүниетанымымызды әбден сіңген қағидалардан арылтпасақ, көш басындағы елдермен терезені теңеп, иық түйістіру мүмкін емес».
Ендеше, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы бастамаларға жай құжат ретінде қарамай, өмір сүрудің құндылығына айналдырмай, жаңару, жаңғыру мүмкін еместігін түсіну қажет-ақ.
Бүгінде екі қазақ жиналса өзгені жамандау, ғайбаттау үрдіс алды. Тіпті, ескі заманның есті әңгімесін айтуы тиіс ақсақалдардың ұсақталғанын көріп, естіп жүрміз. Дастархан басында балаға тәлімді сөз айта алмайтын әкелер қаншама? Ондай отбасыдан патриоттар қайдан шықсын? 
Осындайда белгілі журналист Бейсен Құранбектің әлеуметтік желіде: «Өткенде бір інішек: «Екі жапон қосылса бірігіп компания құрады. Екі қазақ қосылса үшіншісін жамандайды» деп қарап тұр. Қатты айтып, тиып тастадым. Өкпелеп қалды, білем...
Соның ертесіне ел алдында жүрген бір азаматтардың ортасына түсіп қалдым. Сонда ортамызда жоқ ел алдында жүрген басқа бір азаматтардың атына ауыр сөздер айтылды. Шыдай алмай бұл жолы да сөзге араластым:
– Кім қателеспейді? Кім адаспайды? Ағат басқандардың бәрін айыптай берсек, айналып үйірін тапқандарды сыртқа тепсек, олар амалсыздан қас болмай ма? Сөйтіп жауласып, бір-бірімізді дос көрмесек, ісіміздің бәрі бос болмай ма, жүрегіміз тас болмай ма? Ол азаматтар да көңіліне алып қалды, түсінем...», – дегені ойға оралады...
Қазір қазақ қоғамы жік-жікке, ру-руға бөлініп, өзгелерді билеп-төстей бер деген сыңай танытып жүргендей. Патшалық Ресей қазақты бөліп, билеп-төстегені тарихи ақиқат. Кеңестер Үкіметі де қазақтың осы осал тұсын ұтымды пайдаланды. Қазір де рулық сана сабасына түскен жоқ. Бізге ру бөліну үшін емес, бірігу үшін қажет. Өйткені, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы рулық қатынастарды әкімшілік-территориялық басқару тетігі ретінде сәтті пайдаланды. Мұны неге айтып отырмыз? Қазір екі адамның амандық-саулығынан кейінгі сұрақ-жауап: «пәленше рудың баласы», «түгенше рудың басшысы» төңірегінде өрбейді. Ашығын айтқанда, біздің ауданда рулық мүдде, рулық амбиция, рулық қарым-қатынас басымдыққа ие...   
Нарықтық қатынастарға бейімделеміз деп жүріп қоғамдық сананы сөндіріп алдық. Қазір мемлекетке тиесілі материалдық заттарды үйіне тасушылар көбейді. Әлеуметтік маңызды ғимараттардың сапасыз бой көтеруіне бұл да себеп.
Бір мысал айта кетейін. Бір ауылда әлеуметтік маңызды нысан бой көтереді. Құрылыс жұмысы кезінде түсініксіз жағдай орын алады. Қалай дейсіз ғой?!
Құрылысшылар тонналап түсірген цемент аздаған күнде ортайып, азая береді. Тапсырыс беріп, қайта түсіреді. Тағы да сондай жағдай қайталанады. Сосын құрылыс компаниясы жергілікті құқық қорғау саласына шағымданады. Із кесушілер іздестіре жүріп мынаны байқайды: нысанға жақын түтіннің иесі сарайының ішіне ор қазып, соған цементті толтырған екен. Мұндай мысалдар тым көп...      
Бұл – қазақы сананың көрінісі емес, деформацияға ұшыраған, отарлық езгіден сансыраған аурушаң, дімкәс сана. Бұл – өзін өзгеден кем санайтын, ұлттық таным-түсініктен, елдік мүдде-мұраттан кемтар сана. Бұл – жегі құрттай өз-өзін жеп, тынысы тарылып, санасы уланған қоғамның белгісі.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында елдіктің өрісін кеңейтіп, мемлекеттіліктің мерейін асыратын басымдықтар нақты айтылды. Яғни, ғасырға созылған құлдық тұсаудан арылудың жайы көрсетілді.
«Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», – деді Президент.
«Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деп ұлттың тамырынан нәр алудың маңызына тоқталды.
«Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруды да талап етеді», деп уақыт көшінде бәсекеге қабілетті болудың жолын көрсетті.
Бір сөзбен айтқанда, «мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс». Бұдан басқа жол қайтадан құлдық қамытты мойынға іледі. Олай болса, ойланайық. Өз-өзімізді тәрбиелейік. Өзгеге үлгі болайық. Елдік, мемлекеттік жолда ұйыса тірлік жасайық. Сонда ғана «Мәңгілік Ел» ретінде салтанат құра аламыз.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
19 тамыз 2018 ж. 1 772 0