№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЕЛ ТІЛЕГІ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙ МА?

ЕЛ ТІЛЕГІ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙ МА?


(екінші бөлім)

Уәде еткендей, бүгін біз Төменарық аумағы мен Қыр беткейдегі қордаланған мәселені зерттеу нысанына аламыз. Жыл сайынғы есеп беру кездесуін бұл ауыл-аймақтағы ағайында асыға күткені рас. Әсіресе, екпіні ерек Екпінді елдімекенінің биылғы есепті кездесуден үміті мол еді. Себебі, жыл сайынғы елдің көтеретін әуелгі мәселесі – ауылға кіре-берістегі апаттық көпірдің ахуалы. Алаңдауға да негіз бар. Бірнеше жылдардан бері шешімін таппай жүрген көпірге тағы бір мәселе қосылды. Ол – осы өткелдің астынан өтетін «К-3» қашыртқысын қазу һәм тазалау жұмыстарын жүргізу. Бұл сауалды биыл ауыл атынан Нағашбек Боранбаев көтерді. Бізде бұл сауалдың жауабын іздеп, жауапты сала басшыларының пікірін тыңдадық. Жағымды жаңалықтың лебі бар. Көптен күткен апаттық көпірді жөндеудің алғы қадамдары жасалған. Яғни, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметіне сүйенсек, Екпінді елдімекеніндегі көпірге жоба-сметалық құжаты дайындалып, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне бюджеттік өтінім өткізілген. Сәтін салса, бюджеттің мүмкіндігіне қарай бұл көпірде шешімін табады.
Ал, төрт жарым мың түтіні бар, тоғыз этностың басын қосқан Төменарық ауылында да түйіні тарқатылмай тұрған мәселе жетерлік. Әрине, тұрғын саны көп болған сайын, әлеуметтік нысандарға деген сұраныс артады. Соның бірін сауал етіп С.Мұсабаев көтерді. Ауылға 40 төсектік аурухана мен учаскелік инспекторды қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету жайы. Бірінші кезекте айта кету керек, облыстық денсаулық басқармасы әріптестік меморандум аясында жыл сайын елдімекендерге медициналық бекеттер салуды жолға қойды. Аталмыш сауалға орай, сала басшысы бұл ұсыныс облыстық денсаулық сақтау басқармасының жоспарына қойылғанын жеткізді. Өзектілігіне қарай, кезең-кезеңімен жоспарға сай жүзеге асырылады. Оған қоса, ауылдан «Спорт кешенін» салу, балалар интернатының есік-терезесін ауыстыру сынды мәселе көтерілді. Бұл бойынша аудан әкімі сала басшыларына нақты тапсырма берді. Әуелгісі ҚР Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңының 35–бабына сәйкес ауыл әкімі спорт бөлімімен бірлесе тиісті жұмыстар жасап, облыс әкімінің 77 қаулысына сәйкес тізімге ендіруге тапсырма берілсе, аудандық білім бөліміне балалар интернатына жәй жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржы есебінен жөндеу жұмыстарын жүргізу жүктелген. Ендігі тек, ақырын тапсырманың орындалуын күту қалды.
Сондай-ақ бірлігі жарасқан Сүттіқұдық ауылындағы көтерілген мәселенің көпшілігі жергілікті қоғамдастық кеңес арқылы, ақылдаса отырып шешімін табуға болатыны белгілі болды. Өйткені, ауылдық бюджеттің мүмкіндігіне қарай ең өзекті деген мәселені ортаға салып, бірінші басымдықты соған бағыттауға кеңес берілді. Және де зейнеткер Ж.Ақтановтың дәрігерлік емхананың жедел жәрдем көлігін жаңасын алу жөніндегі ұсынысы биыл шешімін табатын болды. Яғни, 2018 жылы облыс орталығына 6 жедел жәрдем көлігі келеді екен. Соның бірі осы Сүттіқұдықтағы дәрігерлік емханаға беріледі. Бұл әкімдіктің бізге берген жауабы.
Сунақаталық ағайындарға сүйінші жаңалық бар. Есепті кездесуде ауыл тұрғыны О.Қыпшақбаева аудан орталығына қатынайтын қоғамдық көлік жүргізу жөнінде мәселе көтерген болатын. Сала басшысы, Е.Сейловтың айтуынша, алдағы уақытта Жаңақорған кентінде бес және ауылдық округтерге сегіз бағыт бойынша қоғамдық көлік қатынайтын болады.
– Бүгінгі таңда жолаушылар мен багажды автомобильмен ауданішілік және кентішілік тұрақты тасымалдау мартшруттарына қызмет көрсету құқығына конкурс ұйымдастыру үшін конкурстық комиссия құрылды. Конкурсқа ауылдық округтер арасында «Жаңақорған-М.Нәлібаев-Өзгент», «Жаңақорған-Бірлік», «Жаңақорған-Қожакент», «Жаңақорған-Сунақата-Екпінді», «Жаңақорған-Жайылма», «Жаңақорған-Талап-Кеңес», «Жаңақорған-Қыраш-Қосүйеңкі», «Жаңақорған-Кейден» бағытында түсуде. Сәтін салса, ағымдағы жылдың 23-ақпанындағы конкурстық комиссияның нәтижесімен жеңімпаздар анықталып, наурыз айынан бастап бағыттар бойынша қоғамдық көліктер қатынай бастайды, – деді бөлім басшысы.
Өз кезегінде бренді дарбызымен танымал Жайылма ауылы суағар жүйесі әр жерден тесіліп, су өткізгіштік қабілеті нашарлағанын айта келе, жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұраған болатын. Ел атынан сауалды қойған Ы.Абдуалиевтің өтініші биыл шешімін табады. Әкімдіктің берген мәліметіне сүйенсек, 2018 жылға облыстық «Қазсушар» мекемесімен республикалық бюджет есебінен ауылдағы тоғанды жөндеу жұмыстарымен, аталмыш мәселеде қоса атқарылатыны белгілі болды.
Ал бір кездері шаруасы шалқыған Шалқия кенті бүгінде қайта жаңғырту кезеңін бастан өткеруде. Бұйыртса, «Шалқия Цинк» компаниясы толық іске қосылса, жұмыс көздері де артады. Десе де, есепті кездесу барысында кент тұрғыны Д.Тлеубеков аудан орталығынан ашылған агро-индустриялық аймақтан егін егуге жер беруін сұраған болатын. Мәселе оңынан шешілді. Ендігі тек еңбектеніп, мемлекет мүмкіндігін тиімді пайдалану ғана қалды. Айта кету керек, өткен жылы аудан әкімі Ғалым Әміреевтің инциативасымен халықты нәтижелі жұмыспен қамту және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту мақсатында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізінің бойынан агроиндустриялық аймақ ашылған болатын. Ақүйік, Шалқия, Жаңақорған кентінен шыққан диқандар агро-аймақтың игілігінде көріп үлгерді. Маңдай терін төккенге, жердің берер ризығы мол екенін сезінді.
Сондай-ақ ақүйіктік ағайын жел тұрып, жаңбыр жауса жарықсыз қалатынын мәселе еткен болатын есепті кездесуде. Әсіресе, ауылдағы Ш.Уалиханов пен М.Ауезов көшелері Қыраш, Қосүйеңкі ауылдарына кететін электр желісіне қосылғаны айтылған болатын. Әрине, бұл көп ауылға ортақ мәселе. Десе де, шешімін табатын уақытта жеткен секілді. Бұл жөнінде бізге сала басшысы Н.Ахметов: «2018-2019 жылғы жоспарға сай 10кВ әуе желілерін тарту енгізіледі. Бірлік ауылы жеке ажыратқышқа отырғызылады» деген сүйінші жаңалығымен бөлісті. Әзірге, ақүйіктік ағайынға сабырды серік етуге тура келеді.
Шағын ауыл болса да, Қыраш елдімекенінде қордаланған мәселе жетерлік екен. Ауыл тұрғыны Б.Қалменов қос бірдей сауалын қойған болатын. Яғни, біріншісі, ауыл маңындағы «Аққолтық» аталатын жайылымдық жерде ескі скважина бар екенін, бірақ суы аз және ащы болғандықтан ауылдың төрт түлік малы суға қанбағандықтан ауылдың шығыс жағында орналасқан «Қыраш» су қоймасына су ішу үшін келуге тура келетінін айта келе, жайылымдағы ескі скважинаны қайта қазуға ықпал етуді сұраған болатын. Ал, екіншісі, ауыл ішіндегі ыза су кететін канал саязданып кетуіне байланысты ауыл іші ызасы көтеріліп ауыз су құбырларына арналған кольцолер суға толып кеткендігін сауал етті. Әкімдіктің берген жауабына сай, аталмыш мәселеге орай теңгерімге алу жөнінде ауыл әкіміне тапсырма берілген. Ал, екінші жайт бойынша алдағы уақытта зерделеніп, қажетті деп табылса тиісті жұмыстар жасалынатыны белгілі болды.
Бесарық пен Қосүйеңкі, Манап, Талап ауылдық округінде де атқарылатын өзекті жұмыстар жетерлік. Алайда, ауданның тайқазаны барлық мәселені шешіп тастауға мүмкіндігі жетпейді. Сондықтан да көтерілген ұсыныстардың көпшілігі қаржыға келіп тірелетіндіктен уақыт қажет. Әрбір мәселе жіті бақылауда. Бұл әкімдіктегі атқа мінерлердің сөзі. Сараптаманың түйінін, Жаңақорған кентімен түйіндесек. Кенттегі қойылған сауалдың басым бөлігі кентішілік көшелердің жарықтандырылуы мен асфальттануы. Бұл мәселелер қоғамдастық кеңес арқылы қаралып, қолдау тапса бюджеттік өтінімі берілетіні белгілі болды.
Қорыта айтқанда, тақырыпты осы тұстан тәмамдайық. Себебі, сараптаманы сағызша соза бергеннен мәселе шешіліп кетпейді. Біздікі тек тұрғындардың талабын жергілікті биліктің қаперіне тағы бір салып қою. Қысқасы, «Уәде беру – бір абырой, уәдені орындау – мың абырой» екенін еске салу. Түптеп келгенде, есепті кездесу барысында айтылған уәделер уақытылы орындалса деген ел тілегі бар.

Әбдісамат ӘБДІШ.
13 ақпан 2018 ж. 1 153 0