Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТӨРТ АУЫЛДЫҢ ТЫНЫСЫ

ТӨРТ АУЫЛДЫҢ ТЫНЫСЫ


Ауылдың гүлденуі – елдің гүлденуі. Сондықтан, реформалар мен бағдарламалар ауыл халқының еңсе тіктеуіне бағытталып жатады. Осы тұста, атқарылып жатқан жұмыстардың игілігін ауыл халқы қаншалықты көріп отыр? Осыны білмекке аудан әкімі Ғалым Әміреев, облыстық мәслихат депутаты Мәдіхан Бекжанов, облыстық статистика департаментінің басшысы Мариям Баекеева, аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Ілиясов және сала басшылары Екпінді, Төменарық, Қожамберді, Сүттіқұдық ауылына арнайы барып, өткен жылы атқарған жұмыстарды пысықтап, 2018 жылдың жоспарын талқылады.
Екпіндіде 150-ден аса отбасының түтіні түтейді. Ауыл халқының негізгі айналысатын кәсібі мал және егін шаруашылығы.
Округ әкімі Қайрат Қожамжаровтың былтырғы атқарған жұмыстары жайында берген есебіне сүйенсек, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына сәйкес ауыл көркейіп, облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға Е.Жексенбиев көшесінің бойына егілген ағаштарды қоршау жұмыстары жүргізілген. Ал, жергілікті бюджеттен бөлінген ақшаға Бекжұман ата көшесіне жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, ауыл ішіне аяқ су жүретін арық тазаланған. Сонымен қатар, «Тасболат-А» ЖШС-нің инвестиция салуымен айналымнан шыққан жерлер қалпына келтіріліп, өнімділігі жоғары күріштің тұқымын аудандастырудың нәтижесінде мол өнім жинады. Жалпы, егіспен айналысатын «Екпінді», «Бастау» шаруа қожалығы мен жеке азаматтар 901 га жерге ауылшаруашылық дақылдарын екті. Бұл – соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткіш. Ал, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасымен «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша бір азамат, «Бизнес-Кеңесші» бағыты бойынша үш азамат білім алып, бес тұрғын қайта даярлау курсын оқып шыққан. «Қамқоршы» несие серіктестігі арқылы бір шаруа қожалық, облыстық «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы бір азамат, «РИЦ» арқылы бір тұрғын несие рәсімдеп, шаруаларын алға жылжытқан.
Дегенмен, шешімін таппай тұрған мәселе де баршылық. Оны ауылдың тұрғыны Боранбай Нағашбек айтты. Ол ауылға кіре берістегі көпірдің апаттық жағдайда тұрғанын айтып, су қашыртқының 30 жылдан бері қайта қазылмағанын жеткізді. Біріншісі, ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі үшін маңызды болса, екіншісі, күріштен мол өнім жинаудың тетігі екені даусыз. Тұрғынның сауалына аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Есдәулет Сейілов жауап берді. Яғни, аудандық маңыздағы көпірдің жөндеу жұмыстары жөніндегі жобасын аудандық бюджетке ұсынып отырғанын айтты.

***
Төменарық – бірлігі берік, ынтымағы жарасқан, тоғыз этностың басын біріктіріп, құт дарыған елді мекен. Ауылдың былтырғы басты көңіл қуантарлық жаңалығы – №223 орта мектебінің ғимараты пайдалануға берілді. Білім ошағы бүгінде өскелең ұрпақтың білім нәрімен сусындату жолында есігін айқара ашып, болашаққа даңғыл жол салуда. Елдімекен әкімі Найрахмен Фазылов өткен жылы жасаған жұмыстарын саралап, биылғы жылы атқаратын істері жайында ауыл тұрғындарына есеп берді. Былтырғы жылы жеке кәсіпкер Нұрболат Ашировтың қолдауымен ауылда Алланың үйі халық игілігіне берілді. Сонымен қатар, ауылдық округтің өзін-өзі басқарудың қолма-қол есепшотына түскен қаржы елді мекенді абаттандыру, көркейту көгалдандыру жұмыстарына жұмсалған.
Сондай-ақ, Елбасы тапсырмасына сәйкес, жергілікті жерлерде шағын және орта кәсіпті дамытып, тұрғындарды жұмыспен қамту бағытында біршама жұмыстар атқарылған. Нақтырақ тоқталсақ, кәсіп жасауға ынталы тұрғындарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы кәсіпкерлік саласы бойынша «Бастау-Бизнес» жобасымен бес азамат оқуға қатысып, оның үшеуі жобасын қорғап 11 млн. теңге несие алған. Бүгінде олар кәсібін айналдырып, еңбегінің жемісін көруде.
Десе де, ауылда шешімін таппай тұрған мәселе де жоқ емес. Тұрғындар ауылдағы 40 орындық аурухана ғимаратының ескіргенін айтып, жаңартуын сұраса, Әбубәкір Оспанов деген азамат өткен жылы егістікке берілген 30 га жерге тағы да жер қосып беруін өтінді. Ал, ақсақал Жасымбай Айтөреев бос жатқан егістік даласына шлюз салып, аяқ су жеткізуін сұрады. Соңында Төменарықтың байырғы тұрғыны, ел ағасы Серік Мұсабаев пен білікті ұстаз Балқия Бидебаева аудан әкімі мен ауыл әкімінің халық үшін аянбай жасаған еңбегіне алғысын білдіріп, ауылдан оқушыларға арнап спорт алаңын салып беруді өтінді.

***
Елбасы Жолдауынан туындаған тапсырмаларды тиянақты орындап, әр іске жауапты қарайтын қожамберділіктердің биылғы жеткен жетістіктері бір төбе. Жер анадан нәпақасын тауып, төрт түліктен еңбегін айырған ауыл тұрғындары үшін өткен жылдың басты жаңалығы егіс алқабын жаңа технологиямен қайта өңдеу болды. «Тасболат-А» ЖШС-нің қаржы салуымен тың жерлер игерілді. Элиталы күріштің тұқымы аудандастырылды. Әрі агротехникалық шарттарды уақытылы дұрыс орындауының арқасында ширек ғасырда қол жеткізбеген өнім алды.
Ауыл әлеуетінің артуы – елдің баянды болашағына балайтын ауылдық округ әкімі Молдахмет Нәлібаев ауыл халқы алдында өткен жылдың есебін беріп, алдағы жоспарымен бөлісті. Ауылшаруашылығы саласы бойынша «Қожамберді» шаруа қожалығы мен жеке азаматтар 202 га жерге ауылшаруашылық дақылдарын егіп, сапалы өнім алған. Сонымен қатар, «Қожамберді», «Бағлан-би» және «Нұрболат» шаруа қожалықтары мемлекеттен субсидия алып, кәсіптерін өркендетуде. Ал, ауылды абаттандыру жұмыстары бойынша Шаймен көшесінің бойына қоршау жүргізіліп, ауыл ішіндегі панолар, қоршаулар, аялдамалар сырланған.
Ауылда оң істер атқарылып, жұмыстар нәтиже бергенімен ауыл халқы көкейіндегі ойларын ортаға салып, сауалдарын қойды. Ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әлібек Бижанов ауыл әкімінің атқарған қызметіне көңілі толатынын жеткізіп, жаңа мектеп түскен 2-3 көшеге тас жол төсеп беруін сұрады. Сонымен қоса, ауыл тұрғындары атаулы әлеуметтік көмекті алудың жолдарын сұрап, елді-мекенге жаңа жедел жәрдем беруін өтінді.

***
Тауық жылы сүттіқұдықтықтар үшін табысты, берекелі жыл болды. Елді мекен тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту бағытында округте бірнеше тындырымды тірліктер орындалды. Осы орайда, ауыл әкімі Мақсат Абдуллаев өткен жылы атқарған жұмыстарының жайын халық алдында саралады. Атқарылған жұмыстардың ішінде ауылшаруашылығы бойынша агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасымен жалпы саны 19 қожалық мемлекеттен кәсібін өркендету бағытында субсидия алған. Атап айтсақ, «Нұр береке» шаруа қожалығы аграрлық несие корпорациясынан «Іскер» бағдарламасы аясында уақ мал өсіруге несие алса, «Ақсұңқар» қожалығы «KMF» микроқаржылық компаниясынан кәсібін дамыту үшін несие рәсімдеді. Ауылда бүгінгі таңда 75 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, қызмет етуде. Сонымен қатар, өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша Ә.Бектібайұлы, С.Қожанов көшелеріне тас төселіп, тегістеу жұмыстары жүргізілген. Ақтөбе каналы қазылып, ауылға санитарлық тазалық жасалып, шағын спорт алаңы қайта жөндеуден өткен.
Кездесу соңында ауыл тұрғыны Сандыбай Жұмабаев учаскелік полицияның және ауыл әкімінің жұмысына оң бағасын берді. Ал, ауыл ақсақалы Әлібай Айдарбеков аудан әкімінің бастамасына алғыс білдіріп, Тайпақкөл-Қандыарал көлдер жүйесінен аяқ су алу үшін көміліп қалған жерлерді қазу, қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуді сұрады. Сондай-ақ, ескі мектепті, спорт үйірмесін жандандыру, кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жөндеу жұмыстарын жүргізіп, әкімдіктің теңгеріміне берудің маңызына тоқталды. Серік Бәкірұлы болса ауыл көшелерінің жарықтануын сұрап, елді-мекеннің кіре берісіне ауылдың өркендеуіне үлес қосқан азаматтардың суреттерін қайта ілуді өтінді.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
Жаңақорған-Екпінді-Төменарық-Қожамберді-Сүттіқұдық-Жаңақорған.
22 қаңтар 2018 ж. 1 510 0