№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЕЛ ТІЛЕГІ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙ МА?

ЕЛ ТІЛЕГІ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙ МА?


«Уәде беру – бір абырой, уәдені орындау – мың абырой» деген сөз қалыпты бабадан. Ұрпағын мәрттікке, адалдыққа баулыған ұлт үшін осы сөз адамдықтың өлшемі болатыны ақиқат. Бірақ, уәденің салмағын сезіне алмай, сөздің қадірін қашырып алдық. Жергілікті билік жұртқа уәдесін беріп, ағынан жарылып жатса да сенбейтіндер көбейді. Оған ауылдағы қордаланған мәселелердің уақытылы шешілмеуі себеп болғаны анық. Ғалым Әміреев сөздің емес, істің әкімі екенін дәлелдеп, мәселелерге бей-жай қарамай, сергектік танытуда. Оны ауылдық округтерде есеп бергенде пайымдадық. Халықпен кездесулерде аудан басшысы әрбір ауылдық округтегі ең маңызды мәселелерді жыл бойында шешуді тапсырды. Не керек, есеп беру бітті. Ендігі кезекте, тұрғындар тарапынан қойылған өзекті жайттар ескерусіз қалмай ма? Бұқараны осы сауал мазалайды...
Хош. Аудан әкімі Ғалым Әміреев есепті кездесулерден кейін орынбасарлары мен сала басшыларын «ақ үйге» жинап, көтерілген мәселелерді ортаға салды. Шешімін табуға бюджеттің шамасы жетеді ме, әлде басқа да жолын қарастыру керек пе? Осыны басты назарға алды. Соңыра, елді мекендегі ең өзекті деген мәселелерді сараптап, кезең-кезеңімен іске асыруға уағдаласты. Мәселен, Сыр беткейдегі көп көтерілген сауалдар – электр бағаналарының тозуы, жол азабы, апаттық жағдайдағы көпір, ыза су.
Жалпы, тапсырмалардың уақытылы орындалуы жіті бақылауда. Бізге мұны аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру бақылау бөлімінің басшысы Бақтияр Ахметов мәлімдеді. Сонымен өзен жағалаған ауыл тұрғындары тарапынан қойылған сауалдарды сұрыптап, орындалу мерзімін сала басшыларының сөзімен сабақтастырсақ.
Ауданнан ең шалғай орналасқан елдімекеннің бірі – Көктөбе. Шағын ауыл дегені болмаса, жергілікті билікке айтар шағымы да бар. Елді-мекендегі электр бағаналарының тозығы жетіп, жарық жиі сөнеді. Ел болып сандық технологияға қадам басып жатқанда, көктөбеліктер жоғары жылдамдықты интернет емес, қарапайым ғана электр жарығының тұрақты жанып тұрғанын қалайды. Оған қоса, сол сөнген жарықты қайта қалыпқа келтіретін электрик маманына мұқтаж. Бұл – ауыл атынан сөйлеген Нұрлыхан Тұтқабаевтың тілегі.
Сабырды сенім еткен көктөбеліктер енді сәл шыдаса болғаны. Сәтін салса, жаз маусымында көтерілген мәселе оң шешімін табады. Бұл жөнінде бізге аудандық электр торабының басшысы Нұржан Ахметов мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2018 жылдың өндірістік жоспары бойынша мамыр, тамыз айында электр желілеріне және қосалқы стансаларға жөндеу жұмыстары жоспарланған. Ал, халық санының аздығына байланысты электромонтер маманы қарастырылмаған. Алайда көршілес Қандөз ауылындағы электромонтердің міндетіне Көктебе де кіреді. Сондықтан да қос ауыл көрші ақысына қырағылықпен қарап, жалғыз маманды қанағат етуден басқа амал жоқ.
«Ауласы бірдің ауасы бір» демекші, Қандөздің де күн тәртібіндегі мәселесі белгілі. Ол – трансформаторлардың тозығы жеткен. Электр желісі бірқатар үйлерге жетпейді. Қайтпек керек? Қаржы көздіктері бар ма? Қандөздік Қасқабаевтың сауалы еді бұл есепті кездесуде көтерген. Мекеме басшысы Нұржан Ахметовтың мәліметіне сүйенсек, 2018 жылға 1 дана КТПН 10/0,4кВ 160 кВа қаржы бөлінген. Ол ауылдың тығыз орналасқан жеріне орналастырылады. Ал, 2018 жылғы жоспарында электр бағаналарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу енгізілген.
Сондай-ақ, айрықша атап өтерлік бір жайт бар. Қандөздік ағайындар аудан әкімінен егін егіп, еңбектенуге ауылдан агро-аймақ ашуға ұсыныс тастады. Халық белін буып, бейнет еткісі келеді. Бұл ұсыныс аудан әкімі тарапынан қолдау тапты. Бұқараны басын бір аймаққа жинап, бірлесіп егін салу үшін агро-аймақ ашу жолдары қарастырылуда екен. Жобаның сметалық құжаты жасалынып, соған қарай қаржы бөлуде басты назарда. Бұл әкімдіктің бізге берген жауабы.
Мұнан кейінгі Қаратөбе мен Келінтөбе ауылы тұрғындары қашыртқы каналдарын тазалауды сұраған болатын. Халық сұранысына сай, Қаратөбедегі Сумағар каналының соңы Р-3, Р-4 каналын тазалауға көмек беріледі, бірақ құжаттары дайын болуы қажет екен. Ал, Мұсаханов пен Сумағар каналына жаңадан көпір салынбайды. Десе де, облыстық «Қазсушар» мекемесінің көмегімен жөндеу жұмыстары жасалынатыны белгілі болды. Сондай-ақ, Келінтөбедегі «К-1» коллекторы 21 млн теңгеге 5,5 шақырым тазаланған, «К-2» коллекторына 8,2 шақырым қаралған қаржы 27 млн. Ал, егістік ішіндегі су жүйелерін шаруашылық құрылымдарын өздері тазалау керек екен. Ендігі әне-міне дегенше, көктемгі дала жұмыстарына дайындықты бастау алады. Сол үшін бұл бағыттағы шаруалар уақыт күттірмейді.
Келесі кезекте Аққорған, Қожакент, Өзгент, М.Нәлібаев, Жаңарық, Қыркеңсе, Байкенже ауылына ортақ мәселе бар. Ол – әлеуметтік нысан. Бұл ауылдың тұрғындары балаларымыз заман талабына сай білім ордасында оқыса деген талабын жеткізді. Әуелі аққорғандық ағайын ауылдық клуб үйін күрделі жөндеуден өткізуді сұрады. «Баяғы жартас, сол жартастың» кейпіне енген клубқа жасатқан жоба сметалық-құжаттың да мерзімі өтіп кеткен. Бұл дегеніміз, миллиондаған қаржы құмға сіңген судай күйіп кетті.
Ал, Қожакент, Жаңарық, Байкенже ауылы тұрғындары жаңадан мектеп салып беруді сауал еткен болатын. Әрине, Жаңақорған ауданы өзге өңірлерге қарағанда ең көп мектеп салып жатқан аудан екені айқын. Десе де, сыйымдылығы аз білім ордалары аталмыш ауылдарда да бар. Жауапты сала басшыларының сөзіне сүйенсек, Қожакенттегі №168 орта мектеп пен Байкенжедегі білім ордасын жаңадан соғу үшін, әуелі ҚР Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңының 35-бабына сәйкес ауыл әкімі білім бөлімімен бірлесе тиісті жұмыстар жасап, облыс әкімінің №77 қаулысына сәйкес тізімге ендіруге керек екен. Бұл бойынша жұмыс жасалатынын жеткізді әкімдіктегі мамандар. Оған қоса, қазіргі таңда Жаңарықтағы 300 орындық мектептің құжаттары сараптамадан өтіп дайын, құрылысына қаржы сұралып жатқаны белгілі болды.

КӨПІР САЛУ – САУАПТЫ ІС

Жалпы, көпір салу – сауапты іс. Ол бәсенеден белгілі. Тақырыпқа тұздық болсын. Қаныбек Әбдуов аудандық басылымда бас редакторлық қызмет атқарған уағында адамгершілікке негізделген үш сауап жайлы мақала жазып еді. Кейінірек қажеті болар деп газет қиындысын сақтап қойғанмын. Соны жазудың орайы келіп тұрған секілді. Яғни, шөлге құдық қазған бір сауап, өзенге көпір салған бір сауап, жолға ағаш еккен бір сауап. Тарқата айтқанда, жолаушының шөлін қандыратын құдық қазғанда жүргіншінің демалып, сая болар ағаш еккенде алғысқа бөленерің хақ. Ал, жол үстінде өзек немесе ағында су кездескенде көпір болмаса, қиындыққа тап боларың белгілі. Осындай сауапты істің үлкенін жасау – адамгершілік қасиеттің ең биік сатысы. Аталмыш үш сауаптың бізге керегі – көпір салу. Бүгінгі таңда ауылдық округтердегі апаттық жағдайдағы көпір мәселесі күн тәртібінде. Бір ғана, Байкенже ауылында 3 көпір апаттық деп танылса, М.Нәлібаев ауылына кіре-берістегі көпірде сын көтермейді. Жаңауылдылықтар мен екпінділіктер де көпір мәселесін көтергені қашан? Оған қоса, Қаратөбе мен Өзгент ауылы тұрғындары да Мұсаханов каналына өткел салу жайын көтергелі көп болды. Осы тұста, «Әкімдік не қарап отыр?» деген қағидадан алшақтап, ағайын болып не сырттағы дәулеті асқан жерлестерді тарта отырып, көпір салудың да мешіт салғандай сауапты іс екенін насихаттайтын кез келді-ау шамасы. Себебі, дана қазақ, «Бар болсаң, халыққа пайдаң тисін, батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін» деп бекер айтпаса керек-ті. Әрине, өткел салу о бастан өзен-көлі мен сай салалы ауылдың өзекті мәселесі. Орайы келгенде, айта кету керек бұл бастамаға үлгі боларлық ауылда бар. Ол – құт дарыған Қожакент. Қайбір жылы ағайынды Исматуллаевтар әулеті елдімекен ішінен өтетін «К-1» қашыртқысы үстінен жеке қаржысы есебінен көпір салып, көптің батасын алды. Әрі ауылдағы №184 орта мектепке баратын Ж.Жабаев, Ы.Алтынсарин, Қ.Дүтбайұлы көшелерінде тұратын оқушылардың мектепке дейінгі жол қатынасы қысқарып, төтесінен баруға мүмкіндік алған болатын. Міне, осындай «ауылына қарап азаматын таны» дейтін арда азаматтардың қатары көбейсе, жергілікті билікке де жеңіл болар сөзсіз. «Бірлескен істе береке» болатыны айтпасада түсінікті. Сондықтан да ауылдық округ әкімдері Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасынан туындаған «Туған жерге тағзым» жобасы аясында дәулетті кәсіпкерлер мен қалталы азаматтарды елге шақырып, инвестиция тартса игі. Жалпы, Тәуелсіздік алғалы жомарт жандардың туған жерге деген тартуын сараптап шықтық. Басым бөлігі, ауылға мешіт салып берген. Шүкір, бүгінде мешіті жоқ ауыл қалмады. Ендігі кезекте, қалталы азаматтар жоғары да аталған үш сауаптың бірін жүзеге асыру жолында жарысса деген халық тілегі бар. Осы тұстан мақалада тәмам. Келесі де қыр беткейдегі ауылдардың ахуалын тақырыпқа арқау ететін боламыз.

СӨЗ СОҢЫ. «Уәде – Құдай сөзі» дейді халық даналығында. Ескі сөздің салмағын сезінгендер халықтың сенімін арттырудың амалы – халыққа берген серттерін уақытылы орындау қажеттігін түсінеді. Біз де ара-тұра қамшы басып, жергілікті биліктің сөзі қаншалықты тұщымды екенін таразылап тұратын боламыз. Бәрінен бұрын, жылдың аяғында осы тақырыпты қайта қозғап, көтерілген мәселелердің қаншалықты орындалғанын саралайтын боламыз...

Әбдісамат ӘБДІШ.
10 ақпан 2018 ж. 1 534 0