БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ БАҒЫНДЫРҒАН БЕЛЕСІ
ХХІ ғасыр – білім мен ғылым ғасыры. Заман талабына сай бәсекеге қабілетті, ұлттық құндылықтың туын биік ұстайтын жас ұрпақты тәрбиелеу – маңызды міндет. Бүгінгі таңда мұғалімдерге тек қана сабақ беріп, лекция оқумен шектелуі шәкіртті қанағаттандыра алмайды.

Бір сөзбен айтқанда, білім – болашақ дамуының кілті. Білім арқылы бәсекеге түсу, білім арқылы озу – заман талабы. Өйткені, ғылым дамымай дүние дамымайтыны айқын. Сондықтанда төртінші өнеркәсіптік революция – осы кезге дейінгі адал еңбектің жемісін көретін кезең десек те болады. Алайда, жаңа технология алып келетін жаңа дәуірде оның барлығы адамзаттың қолынан шығатынын ұмытпағанымыз абзал. Яғни, адами капиталдың сапасын арттыру бүгінгі ұстаз борышы.
Осы тұста, өзімнің 44 жылдық еңбек өтілімнен жинақтаған тәжірибеммен бөліссем. Сунақ ата ауылдық округіндегі №194 орта мектепте жоғары санатты математика пәні мұғалімі болып жұмыс жасағанымда бірнеше ғылыми жобалармен айналыстым. «Сығанақ дөңгелегі», «Номометр», «Тангенсметр», тағы басқа математикалық ғылыми жобалардың авторымын. Мұндағы мақсат – 11 жыл бойы математикадан білім алған түлек ең болмағанда үлкен өмірге қадам басқанда осы пәннің игілігін көрсе деген ниет еді. Яғни, жай ғана оқып қоймай, күнделікті өмірде қажетіне жарататындай білім қалыптастыру. Адами капиталдың сапасын арттыру. Оған қоса, математика ғылымында тангенс, котангенс деген бар. Міне, осыны оқушыға жеңіл үйретудің тәсілін тауып, Үдеріс (Ү) терминін енгіздім. Модульдерді құрастырып, модель шығарудың әдісін үйреттім. Әрине, аталмыш ғылыми идеяларым облыс көлемінде қолдау тауып, бірқатар марапатқа ие болдым. Алайда негізгі мақсатым марапат алу емес еді. Тек алдыңа келген балаға керекті білім беру болатын. Егер «Сығанақ дөңгелегі», «Номометр», «Тангенсметр» әдістері математика пәнініне ғылыми айналымға енгенде, тоғызыншы сыныпты бітірген шәкірт бүгінгі заман талабына сай өзіне қажетті бизнес-жоспарды өзі жасап, бухгалтерлік есеп-қисапты да қиналмай атқара беретін еді.
Сондай-ақ тағы бір айта кетерлігі, бүгінгі білім бәсекесі жаңа бағытта дамып келеді. Аудандағы бірқатар мектептерде заман талабына сай робототехника, 3Д жобалау, бағдарламалау және тағы да басқа жаңашыл идеялар болашағымыздың жарқын болуына өзіндік ықпалын тигізері айқын. Сондықтан білу мен жасау ғана емес, оның қатарында зерттеу мен ойлап шығару маңыздылығын жоймады. Яғни, ғылым, математика, технологиялар және инженерия сынды басты академиялар салаларда бір мезгілде дамуы керек. Әрине, мұның артында адами капиталдың сапасын арттыру міндеті тұрады. Ал, осы адами капиталды бірден-бір қалыптастыратын тұлға – ұстаз. Мемлекет – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыруды басты назарда ұстап отыр. Десе де, адами капитал деген түсінікті әркім әрқалай түсінеді. Негізі адам капиталы – адами құндылықтар, асыл қасиеттердің топтасуы. Осы асыл құндылықтарды дарытатын бірден-бір орта ол – отбасы, балабақша мен мектеп. Міне, осы үштаған бірлесе отырып, адами капиталдың әлеуетін арттыруға қамданса, бұдан да биік белестерді бағындырарымыз сөзсіз.
Әмудилла ДӘУЛЕТОВ,
ардагер ұстаз.