№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бағланның бағдары

Бағланның бағдары


Бүгінгі таңда мұғалімдерге тек қана сабақ беріп, лекция оқумен шектелуі шәкіртті қанағаттандыра алмайды. Ұстаз өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен қоса сол ортада көшбасшы бола білуі керек. Қоғамды соңынан ертуге қауқарлы, ісіне берік әрі тиянақты болғаны құптарлық. Көштің басын бастау қиын, дегенмен бұл жаңа дамыған дәуірдің талабы. Міне, осы талап үдесінен шығып, көшбасшылық қабілетін ісімен көрсете білген ең жас директор бар Жаңақорғанда. Аты-жөні Бағлан Жамалұлы. Талап бекетіндегі №254 негізгі мектеп директорлығына 2016 жылы тағайындалды. Содан бері нәтижелі жұмыс жасап, ұйымшыл ұжымның ынтымағына ұйытқы. Және де жас буынның қоғамдық интелектуалдық ой өрісі мен спорттық әлеуетінің артуына бастамашыл жетекші.
Білімі озық Бағлан басшылық қызметке дейін мемлекеттік жастар саясатын мен әлеуметтік жобалардың жүзеге асуына белсенді араласты. Жастар арасында инновациялық идеялар мен ұлттық құндылықтарды ұлықтау мақсатындағы түрлі шараның басынан табылды. Әрі оның кеңінен насихатталып, жобаның жүзеге асуына ынталы екенін байқатты. Бұл жөнінде: «Жаңарықтағы білім ордасын аяқтап, 2009 жылы Шымкент шаһарындағы Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетін педагог-психолог мамандығы бойынша тәмамдадым. Университет қабырғасында жүргенде қоғамдық жұмыстар мен сан түрлі шараларға белсенді араластым. Еңбек жолын аудандық балалармен мәдени-тәрбиелік жұмыстар орталығында педагог-психолог ретінде бастадым» – деген, жас директор одан әрі қоғамдық ұйымдарда қызмет атқарғанын жеткізді. Яғни, аудандық «Жас ұлан» ұйымының төрағасы ретінде талай талантты оқушының талабын шыңдауға жұмыс жасады. Өскелең өрендердің өр рухты болып, патриот ретінде қалыптасуына өзіндік үлесін қосты. Оған қоса, облыстық «Самұрық инновациялық идеяларды дамыту» орталығының аудан бойынша үйлестірушісі қызметін қатар алып жүрді. Озық ойлы оқушылардың тың технологиялық туындыларын түрлі байқауларға қатысуына ұйытқы болды. Жас ғалымдардың ғылыми жобаларын жетілдіріп, өнертапқыштар додасында үздік атануына уақытын аямады. Осындай жастармен жұмыс барысындағы тиянақтылығы қызмет бабының өсуіне себеп болады. Аудандық білім бөліміне бас маман, кейіннен кадр жөніндегі бас маман қызметін абыройлы атқарды. Соданда болса керек, сенім үдесінен шыққан Бағланды Талап бекетіндегі білім ордасына ауыстырды.
Бүгінде бекеттегі жас буынның бос уақытын тиімді өткізу мақсатында жаңа жобаларын жасап, нәтижелі мақсатқа қол жеткізуде екен. Білім ордасынан арнайы күрес үйірмесін ашып, ауыл балаларының бозкілем төрінде шынығуына себепкер болған. Нәтижесі де жаман емес. Небәрі екі жыл ішінде бағындырған белесі бір төбе.
– Жалпы, жас ұрпақты спортқа баулып, ауыл жастарына салауатты өмір салтын насихаттауда дене тәрбиесі мұғалімдерінің еңбегі елеулі. Мектеп жанындағы күрес үйірмесіне Қамбар Шалабеков жетекшілік етеді. Аз уақытта біршама жетістікке қол жеткізді. Мәселен, республикалық, облыстық, аудандық турнирлерде Асылхан Ибадулла, Сәбит Досанұлы, Сағындық Қанағат, Сабыр Нұртас, Санжар Әбдіқадыр, Нұрбақ Жұмахан сынды жас балуандар топ жарып, жүлделі орыннан көрінуде. Одан өзге Манап Сырым жетекшілік ететін домбыра үйірмесі де ұлттық құндылықтардың ұлықталуына барын салуда – дейді Бағлан Жамалұлы.
Сондай-ақ тілдесу барысында Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік ревоюция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан туындаған басым бағыттарды ұжым арасында насихаттау мақсатында «Жаңартылған білім беру – болашаққа нық қадам» атты он күндік өткізгенін жеткізді. Оған барлық педагогтар қауымы айрықша атсалысып, білім бәсекесіне белсенділік танытқан.
«Білім – болашақ дамуының кілті. Білім арқылы бәсекеге түсу, білім арқылы озу – заман талабы. Өйткені, ғылым дамымай дүние дамымайтыны айқын. Сондықтанда төртінші өнеркәсіптік революция – осы кезге дейінгі адал еңбектің жемісін көретін кезең десек те болады. Алайда, жаңа технология алып келетін жаңа дәуірде оның барлығы адамзаттың қолынан шығатынын ұмытпағанымыз абзал. Яғни, адами капиталдың сапасын арттыру бүгінгі ұстаз борышы». Бұл Бағланның Жолдаудан түйген пайымы.
Иә, білім мен көшбасшылық қасиетті қатар ұстаған талантты жастың еңбегі де еленіп, аудан әкімінен бастап, қоғамдық ұйымдар мен жастар саясаты басқарамасынан алған «Алғыс хаты» жетерлік. Десе де, Бағланның өзіне жақын тұтатын, мерейін үстем еткен марапатты өткен жылдың соңында алды. Аудандық білім бөлімі мен білім қызметкерлері комитеті ұйымдастырған «Жаңа толқын» жастар қанатының «26 жаңа есім» байқауында жоба жеңімпазы атанып, жинақ кітапшаға есімі енді. Бұл да болса, ең жас директордың алдағы уақытта нәтижелі жұмыс жасауына жігер берері сөзсіз.

Әбдісамат ӘБДІШ.
30 қаңтар 2018 ж. 976 0