№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚОЛДА БАРДЫҢ ҚАДІРІН БІЛЕЙІК...

ҚОЛДА БАРДЫҢ ҚАДІРІН БІЛЕЙІК...

Жақында ғана, аудандық басылымда «Бейіт басындағы бәсекелестік» атты мақала жарық көрген болатын. Жасыратыны жоқ, біздер көбіне қолда бардың қадірін білмей, ата-анамыздың көзі тірісінде хал-қадірінше қызмет етпей, о-дүниелік болғаннан кейін қаржыны есепсіз жаратуға даяр тұрамыз. Асыл дініміз Исламда ысырапшылдыққа жол бермеу – Алланың разылығына бөленудің және байлықты орынды пайдаланудың тиімді жолы. Себебі қолда бар дүниені өспейтін, өнбейтін өлі мәйіттің үстіне зәулім үй салғанша сауабы өсетін, өнетін, тірі адамның панасына үй салып сауабын алайық. Әрі ақіретке жалғасын табатын пәленшенің салып берген үйі деп айтатын әрі ол басқаларға сабақ болады. Сондай-ақ бейіттің басына су қоюды үйреткенше тірі кезінде суы жоқ көршісіне су беруді үйретсек жақсы болар еді. Бір ғана мысал, менің бір танысым құдайы қоңсысынан ауыз су алу үшін қаншама қиындықта болатынын жиі айтады. Негізі қиналған жанға су берудің өзі үлкен сауап. Яғни, бұл дүниеде не ексең, ақіретте соны орасың. Бұл дегеніңіз, бүгін жантақтың дәнін егіп, ертең жоңышқаның үстінде отырамын деу еш қисынсыз. Сол үшін барымызды бағалап, ағайындық, туыстық, көршілік қарым-қатынасты арттырып, бауырларымыздың көзі тірісінде қадірін білейік. Осы тұста, қасапшы жігіттің анасына көрсеткен құрметі жайлы тәмсілді тарқатсақ.
ҚАСАПШЫНЫҢ АНАСЫНА ҚЫЗМЕТІ
Мұса пайғамбар (ғ.с.) Тұр тауында Жаратушымен тілдескеннен кейін: – Уа, раббым! Маған жұмақтағы көршімді көрсетші? – деп сұрайды. Алла Тағала оған: – Пәлен деген қалада бір қасапшы бар. Сенің жұмақтағы көршің сол, – дейді.
Мұса пайғамбар (ғ.с.) мәңгілік көршісінің қандай сауапты істерімен жәннаттық дәрежеге жеткенін білуге құмартып, іздеп жолға шығады. Көп сапар шегіп, көршісі мекен ететін шаһарға келіп қасапшыны тапқанда: – Әй, пәленше, мен саған құдайы қонақпын, – дейді. Қасапшы бейтанысты көріп, кім екенін білмесе де, құрақ ұшып: – О не дегеніңіз?! Алла разылығы үшін есігіміз қашан да ашық. Кешкісін үйге жүріңіз, – дейді.
Күн батып, ақшам түскенде, екеуі үйге бірге қайтады. Қасапшы жол-жөнекей қолындағы дорбасы толғанша жейтін оны-мұны сатып алады. Шаңырағына келгеннен кейін: «Менің тағы бір аса қадірлі қонағым бар еді, рұқсат етсеңіз, алдымен сол кісінің қалын сұрап, жағдайын реттейін, сіз сәл дем ала тұрыңыз», – дейді де, төсекке таңылған кәрі дімкәс кісіні еппен тұрғызып, жас балаша аялап күтімін жасап, киімін ауыстырады. Тамағын беріп, барлық қызметін атқарған соң оны бұрынғы орнына қайта жатқызады. Әлгі кейуана оған бірдеңе деп күбірлейді, бұл «Әмин» дейді де, Мұса пайғамбардың жанына келеді.
Оның іс-әрекетін бақылап отырған Мұса пайғамбар (ғ.с.) одан: «Асты-үстіне түсіп сонша бәйек болдың, бұл кісі кім еді?» – деп сұрайды. Қасапшы: – Бұл кісі – менің анам. Мені өмірге әкеліп кішкентайымнан бар ауыртпалығыма шыдап, мәпелеп өсірген қымбатты шешем. Қартайған шағында мен де қолымнан келгенше жақсы қарап, өзімнің парызымды өтеудемін, – дейді.
– Анаң саған бір нәрсе деп күбірледі ғой, не деді? – дейді пайғамбар.
– А, әлгі үнемі аузынан тастамайтын дұғасын айтасыз ба? Мен өзіне қызмет жасаған сайын разылық танытып «Алла Тағала сені жұмақта Мұса пайғамбарға қоңсы етсін» деуден жалықпайды. Ондай дәрежеге жете алмасымды білсем де, көңілі үшін «Әмин» деп қоямын... – дейді қасапшы күлімсіреп.
Осы кезде Мұса пайғамбар (а.с.):
– Саған үлкен сүйінші хабарым бар! Сол Мұса пайғамбар менмін. Дұғамда Алла Тағала менің жұмақтағы көршімнің өзің екенін білдірді. Қандай сауапты ісі барын көрейін деп іздеп келгенім де сондықтан еді. Айтар ақылым, дәл осы қалпыңнан таймай, анаңның ризашылығын ала бер, – деп, анасын құрметтеген, кең жүректі қарапайым қасапшыны шексіз қуанышқа бөледі.
Иә, дана қазақ «қолда бар алтынның қадірі жоқ» деп текке айтпаған. Барлығымызда көзі тірі ата-анамыздың қызметін жасап, жағдайына жәрдемдесіп, ізет-құрмет көрсетсек, ал өмірден қайтқаннан кейін артынан дұға бағыштап, Алладан жарылқау тілеуіміз Жаратқанға жағымды амал, Пайғамбар(с.а.с) сүннетіне сай құлшылық болып табылады. Сондықтанда тірі күнінде тілін алып, разылығына ие болсақ, дүниеден өткеннен кейін ата-анамыздың бауыр және достарына құрмет көрсетсек нұр үстіне нұр болар еді. Сол үшінде қолда бар байлығымызды бейіттің басында емес, бүгіннен бастап қадірлейік.
Жеңіс АШИМОВ,
«Хисамиддин Сығанақи» мешітінің бас имамы.
19 тамыз 2018 ж. 1 751 0