№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АУЫЗ АШТЫРУШЫҒА ПЕРІШТЕЛЕР ДҰҒА ЕТЕДІ

АУЫЗ АШТЫРУШЫҒА ПЕРІШТЕЛЕР ДҰҒА ЕТЕДІ


Қасиетті рамазан айы мұсылман үшін Алланың рақымы мен шапағатына бөленетін, сауабы мен берекесі мол ай. Рамазан айының рамазан айы болуының өзіндік себептері бар. Біріншіден, бұл айда Құран түсті. Екіншіден, исламның бес парызының бірі оразаны осы айда ұстауға әмір етілді. Үшіншіден, мың айға тең келетін Қадір түні осы айдың еншісінде. Рамазан айының шарапаты мен сауабы тек ораза ұстаумен ғана шектелмейді. Бұл айда жасалған нәпіл амалдарымыз үшін сауап жазылмақ. Сол сауабы мол амалдың бірі - аузы берік жанға ауыз аштыру.

Ауыз аштыру сауабы мол амал. Аузы берік жанға бір құрма немесе зәйтүн ұсынып, ауыз аштырса, ауыз ашар сауабын алады және күнәсі кешіріледі. Бұл жайында ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Бір адам осы айда аузы берік бір адамға ауыз аштырса, күнәлары кешіріледі. Ораза ұстағанның сауабындай сауап алады», - дегенде сахабалардың кейбіреулері ораза ұстаған жанға ауыз аштыратындай жағдайлары жоқтығын айтады. Сонда оларға: «Бір құрмамен ауыз аштырғанға да, тек сумен ауыз аштырғанға да, аз ғана сүтпен ауыз аштырғанға да осы сауап беріледі», - деді (Бәйһақи риуаяты).
Дініміз бойынша, өзгелерге ас-су беру сауапты амал екендігін  білеміз. Ал рамазан айында аузы бекіткен бауырларымызға тамақ беру одан да сауапты іс. Демек, мұсылман адам өзі ораза ұстап, шексіз сауапқа кенелгендей өзгелерге ауыз аштырып, солардың ұстаған оразаларындай тағы да сауапқа қол жеткізеді. Бұл қандай ғажап амал?! Мұндай сауабы мол амал ешбір дінде жоқ.
Хазреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай дейді: «Кім бір мұсылман бауырын ауыз ашар уақытында тамақтандырса, оның сауабындай сауап алады. Аузы берік жанның сауабынан ешнәрсе кемімейді» (Тирмизи риуаяты). Осыған ұқсас тағы бір хадисінде былай дейді: «Бір қажыны немесе мужаһидті (Алла жолында күресуші) қамтамасыз еткен және олардың отбасына  қарайласқан немесе ораза ұстаған бір кісіге ауыз аштырған, солардың сауабындай сауап алады. Олардың сауабынан ештеңе кемімейді» (Бәйһақи риуаяты).
Рамазан айы кірісімен мұсылмандар бір-бірлерін ауыз ашарға шақыра бастайды. Әсіресе, міскін мен жағдайы төмен жандарды қонақ етуге тырысады. Мұсылмандар негізінен ағайын-туыс, жора-жолдас, дос-жарандарын ауыз ашарға шақырып, рамазан айының сауапты да игілікті амалдарының бірін орындауға ниет білдіріп жатады. Қонаққа шақырумен адамдар арасындағы қарым-қатынастар жақсара түседі. Мұндай игілікті іс өзгелердің жомарттық сезімдерін оятары анық.
Алла Елшісі (с.ғ.с.) дастарқанымызда жетімдер, жағдайы төмендер мен ізгі жандар үшін орын дайындауымызды өсиет еткен. Өкінішке орай, бүгінгі  қоғамда ауыз ашар дегенде  көз алдыңа құстың сүтінен басқаның бәрі бар дастарқан елестейді. «Қонақтан ұят болмасын» деген ниетпен осындай  дастарқан жаюға тырысамыз. Ал, бұған жағдайы келмеген жандар ауыз ашар беруге ыңайсызданып, тіпті бере алмай қалатыны жасырын емес. Мұндай әрекеттер үкімі парыз болған ағайынмен  туыстық  қатынасымызды жақсартуға кедергі келтіреді. Әрине, бұлай дастарқан жасау Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.) сүннетіне қайшы әрекет. Сондықтан ауыз ашар бергенде шектен шықпай, ысырап етпеген жөн.
Ораза ұстаған жанның әрбір ісі сауабы мол амал болса, дұғасы да қабыл болады. Бұл жайында Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят бойынша: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Дұғалары кері қайтарылмайтын үш кісі бар: ораза ұстаған жанның ауыз ашарда жасаған дұғасы; әділдікпен ел басқарған патшаның дұғасы; зұлымдыққа ұшыраған жанның дұғасы (қарғысы). Аллаһ зұлымдыққа ұшыраған жанның дұғасын сол сәтте қабыл етеді. Оған аспанның есіктері ашылады», - деген (Тирмизи риуаяты).
Ауыз ашар кезінде үй иесіне астан соң дұға ету сүннет. Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с.) Сағд ибн Муаз есімді сахабасының үйінде ауыз ашады да оларға: «Қасыңызда үнемі аузы берік жандар ауыз ашсын. Асыңызды жақсы адамдар жесін. Періштелер де сендерге дұға мен истиғфар етсін», - деп дұға етеді (Ахмад ибн Ханбал, Муснад). Иә, олай болса, біздер қонаққа барғанда әуелі Аллаһқа шүкіршілігімізді айтып, дастарқан иесіне осылай дұға етейік.
Ауызашар берген жан үшін періштелер де дұға ететіндігін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мына бір хадисімен хабар беріп кеткен: «Рамазан айында кім адал табысынан аузы берік жанға ауыз аштырса, рамазанның барлық түнінде періштелер оған дұға етеді. Қадір түнінде Жәбірәйіл(ғ.с.) онымен амандасады. Жәбірәйіл (ғ.с.) кіммен амандасса, оның жүрегі жұмсарып, көздерінің жасы көбейеді». Сонда риуаят етуші сахаба: «Ей, Алланың Елшісі (с.ғ.с.)! Ораза ұстағанға ауыз аштыратын ештеңе болмаса не істейді? Маған айтыңызшы», - дегенде: «Бір уыс тағам да жеткілікті», - деді. Ол: «Бір үзім нан да таба алмаса ше?» - дегенде: «Аз суға араластырған сүт берсін», - деді. Ол: «Қасында ол да болмаса ше?» - дегенде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір жұтым су бер», - деді. Рамазан айы келгенде періштелер ораза ұстағандарға дұға ететіндігі жайында хазреті  Әли былай дейді: «Рамазан айы келгенде Аллаһ тағала Аршты көтеріп жүретін періштелерге былай деп бұйырады: «Енді өздеріңнің тәспихтарыңды тоқтатып, Мұхаммед (с.ғ.с.) үмметі үшін истиғфар етіңдер» (Рамузул-әхадис).
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде былай дейді: «Қонақ дастарқанға отырғанша періштелер үй иесіне дұға етеді» (Таборони риуаяты).
Ораза айында бір күнде бірнеше кісі конаққа шақырып, ауыз аштырып, сауап алуға ниет етері сөзсіз. Алайда мұндай жағдайда біз мына бір хадиске сай амал етейік: «Екі адам бірдей шақырса, есігі жақын болғанға барыңыз. Өйткені есігі жақын болғанның ақысы бірінші кезекте келеді» (Бұхари риуаяты).
qalam.kz
22 мамыр 2018 ж. 2 653 0