Сөздің салмағын оқырман талғамы таразылайды
Үш редактормен кездесу кеші осындай тақырыпта өтті.
Тұғырына туын қадаған, ертеңге сенім жалғаған, туған жер – жұмақ бесігін жерұйығына балаған әрбір жанға атажұрттан қадірлі, атажұрттан қымбат ешнәрсе жоқ. Қаратаудың қойнауына қоныс теуіп, қорғанын салған, тарыдай бытыраған қарындастың қамын жеп, қатарға қосып, қамалы болған, бүгінде өсіп өркендеген, болашаққа бет түзеген қасиетті мекеніміз – Жаңақорғанның жалауын желбіретіп, шежірелі тарихының айнасы болып келе жатқан үнжариямыз – «Жаңақорған тынысы» газетіне биыл 85 жыл толып отыр. Мерейтой аясында айшықты шараларды жоспарлаған «Сыр Медиа» ЖШС басшылығының тұсаукесер рәсімі бейсенбі күні орталықтағы «Ордакент» мәдениет сарайында, төл басылымды басқарған үш редакторды оқырмандармен қауыштыру талабымен өзгеше өрнек тапты.
Сонымен, қалың көрерменнің қолпаштаумен сахнадағы құрметті орындарына келіп жайғасқан аудан айнасын кеңестік кезеңде өз кемелінде ұстап, абыройлы басқарған газеттің 1985-1997 жылғы редакторы Айдархан Бибасаров, төл басылымды тоқырау кезеңдерінен аман-есен алып өтіп, ақпарат айдынында еркін құлаш сермеуіне тер төккен ұжымды 1998-2015 жылдары басқарған Алмас Бекжігітов, Тәуелсіз еліміздің өсіп-өрлеу кезеңінде жарияланымның бет-бейнесі мен мазмұнын тың арнаға бұрып, оқырман талғамына сай қалыптастыруға ерен еңбек сіңірген «Сыр Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Жаңақорған тынысы» газеті редакциясына 2015-2016 жылдары басшылық еткен Қаныбек Әбдуов сынды ағаларымыз емен-жарқын сыр тиегін ағытты.
Алғаш сөздің кезегін Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одағының мүшесі ауданның «Құрметті азаматы» Айдархан Бибасаров алды.
–Мен газет өміріне штаттан тыс тілші ретінде атсалысып жүретінмін. Аудандық газет редакторы Әзімхан Аманов: «Қаламыңның желі бар екен, бала» деп, 1958 жылы мені газетке корректор етіп қабылдады.
Ол кезде газетке аудандағы ең алдыңғы озат шаруашылықтың атын беру дәстүр болды. Оның «Қызылмақташы», «Екпінді» аталу сыры содан. 1962 жылы Жаңақорған және Шиелі ауданының біріктірілуіне байланысты «Өскен өңір» деген атпен шықты. Әбдірейім Рыскелдиев редакторы болатын. «Правда» газетінің үлгісімен баспасөзге айнымас атау қалыптастыру талабымен 1966 жылдан 1996 жылға дейін Жаңақорған аудандық партия комитеті саяси органы – «Коммунизм жолы» деген атпен шығарылды. Бұл кездері газетті Мырқы Исаев үш жыл, одан соң Адырбек Сопыбеков екі жарым жыл, Құдабай Ертаев 14 жыл, Айдархан Бибасаров 13 жыл, одан әрі Өлмесхан Болатбеков, Алмас Бекжігітов, Қаныбек Әбдуов, ал қазіргі күні Нұрлат Байгенже басқарып отыр,– деген ол одан әрі сол кезеңдегі газет өндірісінің қиыншылығына тоқталып, сондай ауыр шақтың өзінде семсер сөздің қадірін бірде-бір аласартпаған антына адал қалам иелері мен уақытпен санасуды білмеген баспагерлердің еңбегіне ел назарын бұрды.
85 жыл, аз уақыт емес, бір адамның кемел ғұмыры. Міне, осы мерзім ішінде аудандық басылым сан алуан соқпақты жолдардан өтті, шыңдалды, асуларды бағындырды, жаңарды, жасарды. Газеттің аты да, заты да өзгерді.
Газеттің тарихы, әр жылдардағы таралымы, тағдыры, сындарлы сипаты, уақыт өзі ойшықтап, айқындап отырған мәні мен мазмұны жөнінде сыр тарқатқан, абыз ата қаламгер келер буын әріптестеріне осынау қастерлі құндылығымызды көздің қарашығындай сақтауды аманаттады.
Нарықтың қатал заңы әр салаға өзіндік тәртібін орнатып, тығырыққа тірелген талай мекеме-ұжымның сын сәттерде сансырап қалғаны рас. Осындай қысылтаяң шақта аудандық газеттің тұралаған жағдайын түзеуге табандылықпен тер төгіп, озық ұйымдастырушылық қабілеті арқасында облыста алғаш болып жаңа жүйедегі офсеттік басылымға көшіп, өзге әріптестеріне бағыт-бағдар берген, аймақ журналистикасының ақсақалы Алмас Бекжігітов ағамыз сөз кезегін алды.
–Мен газет басшылығына 1998 жылы келдім, – деді Қазақстанның Құрметті журналисі Алмас Бекжігітов, – Ол кезде барлық салада оңтайландыру саясаты жүргізіліп, газеттің де басына қара бұлт үйіріліп тұрған кез еді. Мекеменің айлық жалақының өзіне бес миллиондай қарызы қалыптасыпты. Жағдайды оңалтудың экономикалық бағыт-бағдарын түзу қажет болды. Редакцияның жеке ғимараты мәселесін шешу үшін көптің көмегімен 7 млн 600 мың теңгеге қызмет үйін салып алдық. Газет таралымын 5 мыңға жеткіздік. Облыста бірінші болып линотиптен қол үзіп, офсеттік басылымға көштік. А-3, одан соң А-2 форматты «Ромоер» машинасын сатып алдық. Газет түрлі-түсті болып шыға бастады. Мазмұндық деңгейінде үлкен бетбұрысқа бағыт алдық. Осының барлығы ұжымның бір мақсатқа жұдырықтай жұмылған ауызбіршілігінің арқасы еді,– деп ағынан жарылды.
Келесі кезекте сөз алған «Жаңақорған тынысына» 2015 жылдың ақпанынан 2016 жылдың желтоқсанына дейін басшылық еткен тұлға, бүгінде «Сыр Медиа» ЖШС бас директорының орынбасары Қаныбек Абдуовтың оқырмандарға арнаған ой орамы төмендегіше өрілді:
Адам биік мақсатқа, асыл мұратқа шын мәніндегі шабытты еңбек арқылы ғана жетпек. Суреткердің бүкіл шығармашылық қуаты жалаң сезімге емес, кең көлемдегі халық мүддесіне негізделуге, ақиқат өмірге тамыр тартуға тиіс. Белинскийдің «Ақын-бәрінен бұрын адам, содан соң өз жерінің азаматы, өз дәуірінің перзенті» деген қағидасы бүгінгі қаламгерлерге де қаранарға тән жауапкершілік жүктейтінін мойындауға тиіспіз. Сондықтан да болар қоғам әрбір шығармашыл тұлғаның творчестволық бітімін оның адамдық, азаматтық келбетінен бөлек бағалай алмайды. Сондықтан да әрбір өнер адамынан, бәрінен бұрын жан сұлулығын, адамгершілік мінез, мол білім және биік мәдениетті талап етеміз,– деген ол одан әрі дәстүрлі журналистикадан бөлек нарықтық талаптар жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды. Бүгінде тұрақты аудиториясы қалыптасқан медиатехнологияның қарқыны, интернет газеттер мен сайттардағы ақпараттық-сараптамалық материалдар, шоу-бизнес жаңалықтардың оперативтілігі өз алдына, сапасын жоғарылату, сайттар дизайны бағытындағы ізденісті жұмыс жасау талаптарына тоқталды. Ол өзінің аймақ тынысын жаңа жанрлармен байытып, бет-беделін байсалды қалыптастыруда төккен тер, қажырлы қызметі жөнінде тіс жармады. Көзі қырағы қалың оқырман мұны айтпаса да біледі. Соңғы кезде саяси сипаттан гөрі сана жаңғыруына негізделген шығармашылық әлеуетімен жүректерден жылы орын алған төл басылымға берілер баға жоғары. Бұған қатарынан үш жыл облыста «Үздік газет» атануымыз дәлел.
Кеш барысында көрермен назарына төл басылымды үш түрлі кезеңде басқарып, өзіндік қолтаңбаларын қалдырған қаламгерлер жөнінде әріптестердің ізгі тілегі көрініс тапқан бейнеролик ұсынылды.
Кештің келесі бөлімі оқырмандардың сауалдарына жалғасты.
Сунақата ауылы тұрғыны Роза Қамырбаеваның «Жас журналистердің жазғандарына көңіліңіз тола ма?» деген сауалына байырғы редактор, сақа журналист Айдархан Бибасаров: Жастарда батылдық, жігерлілік бар. Бірақ маман ретінде ізденісті тоқтатуға болмайды. Ұжымның жетістікке жетуі ауызбіршілікке байланысты. Сонымен қатар бір қазан сүтті бір қасық қатық ұйытады, барлығы басшының біліктілігіне байланысты. Журналистердің қай жанрға бейімділігін танып, соған сай тапсырма беріп, ширатып отыру да тұлғаны кәсіби тұрғыдан кемелдендіреді,– десе екінші сұрақ: «Тарихи тұлға – Қожамбердінің ерекшелігі туралы не айтасыз?» деген сауалға жазушы 2014 жылы Қожамберді батыр туралы өзінің 300 беттік кітабы шыққанын айтып, соны тауып, оқуға кеңес берді.
Аудан әкімі орынбасары Бақытжан Әйтпенбет қаламгерлерге аудан басшысы атынан сый-сияпат ретінде иықтарына шапан жапты.
Аудандық «Қазақ тілі» қоғамы төрағасы Ізатулла Нәрзілдаев қаламгерлерге ықыласты лебізін өлең жолдарымен жеткізді.
Рухани кешке ән шашуларымен келген өнерпаз Мұхтар Дәрібаев «Біздің ауыл жігіттері», Кенже Әкімбаева «Сырдарья», Ғалымжан Омаров «Әке», Әбсұлтан Байкенжеев «Гүлденген Жаңақорғанды» тарту етті.
Кешті қорытындылаған «Жаңақорған тынысы» газеті бас редакторы Нұрлат Байкенже уақыт озады, қоғам ауысады, тозбайтын сөз құдыретінің жүгін арқалау бәрінен де жауапты. Осы тұста баспасөздің қоғам өміріндегі тағы бір тамаша маңызы шығады. Сол жолда шынайы еңбектің қаһармандары – қаламгерлерге тілегін арнап, әсерлі басқосу ақ батаға жалғасты.
Мерейтойлық шара «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасына түсіріліп, алтын қорға жазылып алынды.
Кешті аудан мәдениет саңлағы Жәнібек Сыздықов жүргізді.
Баян ҮСЕЙІНОВА.