№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ТАЛАПКЕР, ГРАНТҚА ТҮСЕ АЛМАДЫҢ БА? ӨКІНБЕ, ӨКПЕЛЕМЕ, ӨЙТКЕНІ, ДИПЛОМ ӨМІРДІҢ ӨЛШЕМІ ЕМЕС

ТАЛАПКЕР, ГРАНТҚА ТҮСЕ АЛМАДЫҢ БА? ӨКІНБЕ, ӨКПЕЛЕМЕ, ӨЙТКЕНІ, ДИПЛОМ ӨМІРДІҢ ӨЛШЕМІ ЕМЕС


Ұстаздар мен ата-аналар «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правданың» 10 тамызында шығатын нөмірін асыға күткені белгілі. Себебі, басылымның бұл нөмірінде мемлекеттік грантқа ілінгендердің тізімі шықты. Интернет ресурсты игілігіне икемдегендер алдын ала мән-жайды білгенімен, газеттен аты-жөнін көрмей көңілдері көншімейтіні хақ...
Өмір. Өмір-өткелінің іші жұмбаққа толы. Жеңістер мен жеңілістен тұрады. Олсыз өмір мәнсіз болар ма еді? Сондықтан бір сәтсіздікке бола салың суға кетпесін, талапкер! Қайта мақсат-мұратына жету үшін ерік-жігерін мен қажыр-қайратынды көрсете біл. Себебі, Алла Тағала сәтсіздіктен кейін биік белестерді бағындыруыңды нәсіп ететіні ақиқат.
Мемлекеттік гранттарды жеңіп алып, жоғары мектепті үздік бітіргенімен бүгінде жұмыссыз жүрген жандар аз емес. Тіпті, мамандығы бойынша жұмыс таппай, қолы іліккен кәсіпті қанағат тұтып жүргендері қаншама. Оны көріп, біліп, естіп жүрміз. Бұл – өмірдің өрісі дипломмен өлшенбейтінінің бір айғағы.
Гранты жоқ бауырым, дипломсыз-ақ дәулетті ғұмыр кешуге болады. Мәселен, миллиардер Билл Гейтстің жоғары білімі жоқ. Университетті бітіру бағы бұйырмаса да бағдарламалық қамсыздандыру саласының әлемдік көшбасшысы болып табылатын Microsoft Corporation компаниясының негізін қалады. Бүгінде Microsoft жүйелері әлемде пайдаланылатын компьютерлердің 93 пайызына орнатылған. Сарапшылар оның байлығын 120 млрд. долларға тең деп есептейді.
Осы тектес мысал көп. Анджелина Джоли, Мадонна университет қабырғасында білім алмай-ақ әлемдік деңгейде танылған өнерпаздар қатарынан. Цукербергке де Facebook-тың негізін қалау үшін диплом қажет болмады.
Мұндай мысал қазақстандықтардың да арасында жеткілікті. 2005 жылы Самғау Нәсіпхан деген азамат атажұртқа келеді. Жоғары білім алуға ниеттеніп, ҰБТ-ға қатысады. Алайда мемлекеттік гранттың иесі бола алмады. Сосын еңбек жолын әкесіне көмекшілік ретінде тері илеу мен етік тігуден бастайды. «Арлан» жеке кәсіпкерлік орталығын ашып, «Ұлы Дала» белгісімен ұлттық нақыштағы белдік, аяқ киімдер тігуді жолға қояды. Кәсібі дөңгеленіп Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап етік тігіп, сыйға тартады. Алдағы уақытта «Самғау» аяқ киім фабрикасын ашуды мұрат етіп жүр.
Арман Тосқанбаев деген отандасымызға да өмірден өз орнын табуда дипломның қажеті болмады. Ресейдегі Томск мемлекеттік университетінің физика-техникалық факультетіне оқуға түседі. Ол жақта оқи жүріп ағаш саудасымен айналысады. Келе-келе Арман уақытын босқа өткізіп жүргенін түсініп, екінші курстан университетті тастап кетеді. 2014 жылы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша «Гидропонды қондырғылардың өндірісі» жобасы үшін 3 млн. теңгелік грантты жеңіп алады да, «Жаңа жасыл технологиялар» компаниясының негізін салады. Бүгінде компания жануарларға жем-шөп өсірумен айналысады. Нарықтық қатынастарды терең зерттеп, зерделеген кәсіпкер жылыжай бизнесі, криптавалюта өндіру, «OTAN» бірінші қазақстандық сағаттарын шығарумен айналысады. Сонымен қатар ол бизнесін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге арналған «Идеядан бизнеске» оқыту бағдарламалық курсты әзірледі. Ол бағдарлама бойынша бір жылдың ішінде 600-ден астам жас оқып шығады.
2001 жылы мектепті бітіріп, Қызылорда қаласындағы университетке құжат тапсырдым. Жоғары балл жинағандықтан ұстаздарым грантты жеңіп алатыныма сенімді болды. Бірақ, бәрі керісінше өрбіді. Жан-жақтан қысым күшейді. Өз-өзіңді қоғамнан оқшаулау ұстайтын әдет пайда болды. Бұл уақытша ғана екен. Араға екі жыл салып Павлодардағы институтқа оқуға түстім. Әрі солтүстікте білім алмағанда өмірімде мұндай биікті бағындыра алмас едім. Айтайын дегенім, сәтсіздіктің артынан бір жақсылық келеді. Өмірдің заңдылығы осы.
P.S.: Қадірлі талапкерлер, айтпағым, грант та, диплом да өмірдің өлшемі бола алмайды. Соны қаперде ұстаңыз. Әрі әрдайым биікке ұмтылудан жалықпаңыз...
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
11 тамыз 2018 ж. 799 0