Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БІЛІМГЕ ҚҰШТАРЛЫҚ

БІЛІМГЕ ҚҰШТАРЛЫҚ

Білім – Ұлы дала елінің асқақ арманын жүзеге асыруға қызмет етеді. Ол ұлттық құндылықтарды жаңғырту, адами капитал сапасын арттырудың нәтижесінде нағыз кемелді келешекті тәрбиелейді.
Тәуелсіз еліміздің толыққанды интеллектуалды ұрпағын тәрбиелеу үшін білім аз, жан-дүние тереңдігі, сананың ашықтығы, халықтық құндылықтармен қаруланған қайраткерлік қажет. Жеткіншектер бойына біліммен қатар ізгілікті, әлемдік озық ақыл-ойды сіңіру – бүгінгі күннің басты талабына айналып отыр. Оның бастау бұлағы- халықтық педагогикада жатыр.
«Сөз басы – сәлем». Адам баласының ізгі қасиеттері қоршаған ортамен қарым-қатынаста аңғарылып тұрады. Осы тұрғыдан келгенде, түрлі салада тиянақты табан іліктіріп, тірлік бастаған тырнақтай бозөкпелердің жасы үлкенге ізет көрсетіп, сәлемдесу мәдениетін меңгермеуі көңіліңді қынжылтады. Қол беріп амандасу міндет емес, сырттан енген кісіге, кім болсын бас изеп, ілтипат білдірудің өзі көргенділіктің, отбасында бала жастан қалыптасқан өнегенің белгісі. Өзінен басқаны көзіне ілмей, көкірек керіп жүрген осындайлар халық қызметіне жарытып не үлес қосар екен деп ойлайсың. Өркениетті елдерде тұлғаның білімі асып, дәреже лауазымы жоғарылаған сайын елге қайырымы артып, мәдениеттіліктің биік белгісі –кішіпейіл мінезімен көпке жағуды алдына мақсат етіп қояды. Халқымыз адамдықтың асқар үлгісіне айналған бұл заңдылықты атам заманнан тамаша тәмсілмен тәпсірлеп «Ұлық болсаң кішік бол» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеп қойған. Егемен елдің алдында жүремін деген ақкөз заматтарымыз осыны естен шығармағаны жөн.
Жапонияда дәстүрлі білімге қарағанда тәрбиелеуге баса мән беріледі. Жас өркен ана тілін толық бойына сіңіріп, уызына жарып, қадір-қасиетіне қаныққан соң ғана оның өзге тілді меңгеруіне мән беріледі. Рухы мықты, өз ұстанымы бар ұлан келешекте де өз елінің мүддесін басты орынға қояды.
Хадисте «Білімді Қытайда болсын меңгеруге тырыс» деген тәлім адамзат үшін білімнің маңызын айқындап тұр.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамдық рухани сананы сауықтыруды ел алдына ортақ міндет етіп қойды.
Ел тәуелсіздігін алған сәттен бастап жас мемлекетіміздің келешегі ұлағатқа құштар ұрпақты озық біліммен қаруландыруға мемлекеттік деңгейде қамқорлық жасалып келеді. «Болашақ» стипендиясы тағайындалып, білімгерлер алғашқы кезеңдері АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Франция мемлекетінде оқуға мүмкіндік алса, қазір олар Қытай, Жапония, Сингапур, Малайзия сынды алдыңғы қатарлы елдерде мұнай ісі, энергетика, және басқа да экономиканың басым бағыттарына оқып, мамандануда.
Елбасы бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсінетін білікті гуманитарлық сала мамандары да ауадай қажет екенін айтты. Тарих пен саясат, әлеуметтану мен философия, психология, педагогика, экономика, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге заманға лайық білім беруге қажетті жағдай жасауды тапсырды.
Осы бағытта әлемнің «100 үздік оқулығы» қазақ тіліне аударыла бастады. Біздің талапкерлеріміз жаңа оқу жылынан бастап дүние жүзінің таңдаулы үлгілерінің негізінде білім алатын болады. Бұл оқу процесіне теңдессіз жаңалық әкеледі.
Әлем мойындаған құнды еңбектер арқылы интеллектуалды орта қалыптасады деп қуанулымыз. Шыны керек, соңғы кезде жең ұшынан жалғасқан сыбайластық, бармақ басты, көз қысты тамыр- таныстық көріністері білім кеңістігінің де тынысын тарылтып, қадір-қасиетін төмендетіп жібергені шындық. Ешкім атын білмейтін ғылым докторлары, академиктер көбейді. Бұл оқу орнының да беделін төмендетіп жіберді. Бүгінгі талап – адам бірнеше мамандықты меңгеруі тиіс, көп тіл білуі және өмір бойы білім алуы керек.
«100 жаңа оқулық» осы мақсатқа жол ашады. Біздің оқу орындарындағы мазмұн мен академиялық талдау деңгейі әлемнің озық ғылыми орталықтарының қатарына қосылады.
«100 жаңа оқулық» тізбесіне енген Дональд Куратканың «Кәсіпкерлік: Теория, процесс, практика» деп аталатын оқулығының құны 185 АҚШ доллары, Эллиот Арононның «Көпке ұмтылған жалғыз» атты әлеуметтік психологиялық төл тумасының құны да осыған шамалас. Ел басшылығы қамқорлығы нәтижесінде осындай қаншама құнды оқулықтар ұрпақ игілігіне өз ана тіліне аударылып, тегін жол тартты. Арзан бағаға – қымбат білім. Білімге құштар жанға бұдан зор қандай жақсылық болуы тиіс.
Жаһандық жаңғыруға жол ашатын 5 мегатрендті атап көрсеткен Елбасы оны іске асыруда ең алдымен зияткерлік және ғылыми әлеуетті дамыту талабын қойды. Ең маңызды 5 мегатренд: 1) өркениеттің жаңа жаһандық транформациясы – цифрландыру, 2) энергетикалық революция 3) жер шары халқының өсуі, 4) урбанизацияның қарқыны мен сипаты, 5) жаһандық еңбек нарығының өзгеруі, еңбек күшін роботтандыру кезеңі күтіп тұр. Түлектерміз алдағы уақытта бәсекеге сай білім алып, қаржы қызметтерін көрсетуге, робот техникалары секторларында, ірі консалтингтік компанияларда қызмет ететін жоғары деңгейлі білімді меңгеруі тиіс. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы жастарға арнаған сөзінде: Жаңа Қазақстанның келбеті жаңа формация ұрпағының қолында. Сіздердің күш-қуаттарыңыз, бастамашылдықтарыңыз, креативті ұстанымдарыңыз кез-келген тосқауылға төтеп бере алар биік білімді игеруге жарқын жол ашары сөзсіз. Болашақ – білімді ұрпақтың қолында, – деп жарқын сенімін білдірді. Яғни, біздің мемлекетімізде де озық елдер санатында білім үстемдігіне жол ашылды.  Осы бағытта түрлі деңгейдегі оқу орындарында оқытудың тың әдістері өмірге келді. Соның бірі – дуальды оқыту. Шәкірт алған теориялық білімін практикамен ұштастыра отырып ұлағатты білімге қол жеткізеді. Бұған дейін техникалық оқу орындарында оқитын балаларымыздың төл мамандығының иісі мұрнына бармай, өмірлік кәсібінің мән-жайына жұмысқа орналасқан соң барып іс жүзінде көз жеткізіп, көңіл қоятынын тәжірибе көрсетіп жүр. Дуальды оқытуда білім ошақтары өндіріс ортасымен тығыз байланыста жұмыс атқарады. Оқытушылар компания, консаптинг мамандарынан тағайындалады. Сонымен қатар қашықтықтан оқыту, оқу бағдарламасын жаңғырту, шетел тәлімгерлерін тарту міндеті өзекті болып тұр. Сайып келгенде, білім мазмұнының барлық шарттары адами капитал сапасын арттыруды көздейді. Тек білімділік аз, ұлттық құндылықтарды бойға сіңіру, табиғатты сүю, тарихи тұлғаларды терең біліп, өткенге құрмет қалыптастыру ұрпақ ұлағатының өміршеңдігіне жол ашады. Ұлт өміршеңдігі – «Мәңгілік елдің» өзегін қалыптастырады.
Баян ҮСЕЙІНОВА.
11 тамыз 2018 ж. 1 340 0