» » Құжаттандыру – маңызды мемлекеттік қызмет

Құжаттандыру – маңызды мемлекеттік қызмет

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында мемлекетті тиімді басқарудың тетігін айта келіп, азаматтарды құжаттандырудың қызметін жетілдіруді тасырған еді.Осы тұста ауданда жеке басты куәландыратын құжат берудің мемлекеттік қызмет стандарты қалай жүзеге асуда? Кәмелетке толмаған балалар ата-анасымен шетелге шыққанда қандай құжат талап етіледі? Осы сауалдарға Жаңақорған аудандық Ішкі істер бөлімінің көші-қон қызметі тобының аға инспекторы, полиция капитаны Ғани Төлешов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте жауап берді.
Құжат адамның жеке басын куәландырады. Сол себепті жеке куәлік адамның өміріндегі ең маңызды құжат. Бүгінде осы құжатсыз ешқандай қызмет атқару мүмкін емес. Осы тұрғыда Ғани Төлешов «Қазақстан Республикасының азаматтарына паспорттар, жеке куәліктер беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын түсіндіріп берді.
– Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі әзірлеген стандартты «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырыла бастады. Қажетті құжаттар тапсырған күннен бастап,  15 жұмыс күнінің ішінде ала алады. Ал, шұғыл жағдайына байланысты 7 жұмыс күні ішінде құжат қолына тиеді, – деді көші-қон қызметі тобының инспекторы.
«Электронды үкімет» порталы арқылы құжат әзірлеушілер де Халыққа қызмет көрсету орталығындағыдай екінші деңгейлі банк­тер арқылы төлем жасайды. Жеделдетілген тәртіппен жеке куәлік немесе паспорт берген жағдайда мемлекеттік монополия саласындағы заңнамаға сәйкес белгіленген қосымша төлем алынады. Белгіленген тарифтердің мөлшері осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 13-тармағында көрсетілген Министрліктің интернет-ресурсында орналастырылған.
– Куәліктегі суретке байланысты қандай ереже мен талаптар бар?
Бірден айта кету керек, талабы қатаңдатылған, жарық жерде анық түсірілген, бет-жүзі толық, әрі ауызы жабық түсуі, беті фотосуреттің 75 пайызын құрауы тиіс, – деді.
Қызмет көрсету кезінде сканерлеу, модельдеу немесе көшірме әдісімен дайындалған сурет қабылданбайды. Сондай-ақ, медициналық себептері болмаса, ешқандай бас киім киіп түсуге жол берілмейді. Суретте адам бет-жүзі маңдайынан бастап иектің төменгі бөлігі түгел көрініп тұруы қажет. Көзілдірік тағып түсуге және бірегей нысандағы суретпен түсуге болмайды. Сондай-ақ, шаш көз бен бетті жаппай, жинақы тұруы да ескеріледі.
Қызмет көрсету кезінде құжат қабылдаушының дөрекі сөйлеуі немесе оғаш қылығын байқасаңыз шағымдануға болады. Шағымды көші-қон полициясы немесе министрліктің кабинетіне арыздана аласыз. Бірыңғай байланыс телефоны 1414 арқылы шағым түсіруге болады.
– Тұрғылықты мекен-жайы анықтамасын 30 минут ішінде алуға мүмкіндік туды. Бұл қызметті «Электронды үкімет» порталы арқылы үйде немесе қызмет орнындағы интернетке қосылған компьютер арқылы алуға көпшілік дағдыланды. Сондай-ақ, «жеке кәбинет» арқылы мемлекеттік қызметтің кейбір түрін қашықтықтан қол жеткізуге болады. Мұны, кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар жиі пайдалануда. Бұл біріншіден, уақыт тиімділігін арттырса, екіншіден кезекке тұруды азайтуда, – деді.
 Тіркеуге тұру, тіркеуден шығу қызметін де халық электронды қызметке жүгінуді үйренді. Бұл ауыл азаматтарына жол шығынын шығарып, уақыт оздыруын тыйды. Әр ауылдың әкімдігінде «Электронды үкімет» бұрышын ашып, халыққа тиімді мемлекеттік қызмет алуына жағдай жасады.
Жасы кәмелетке толмаған жасөспіріммен шетелге жолға шығуға арнайы стандарт бекітілген. «Қазақстан Республикасы азаматының паспортына ата-аналарымен бірге шетелге шыққан жағдайлардан алты жасқа дейінгі балалар туралы фотосуреттері жапсырылған жазба» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес тиісті құжат қабылданғаннан кейін 2 жұмыс күнінде дайындалады. Қызмет 15 минутта, қағаз жүзінде жүргізіледі. Оған ата-анасының ағылшын тіліндегі аты-жөні мен еркін нысандағы жазбаша өтініші, ата-анасының паспорты, баланың туу туралы куәлігі, баланың 3,5-4,5 көлемдегі суреті, мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек табысталады.
Түйін. Брифингте көші-қон қызмет тобының аға инспекторы Ғани Төлешов құжаттандыру қызметі уақыт жаңарған сайын оңтайландырылып жатқанын тілге тиек етті. Қорыта айтқанда, заман ағымына қарай бейімделіп, заманауи мемлекеттік қызметті игеру маңызды. Мемлекеттік қызметті «Электронды үкімет» сайты арқылы алу өркениеттіліктің бір парасы.
Мақпал Марқабай.
01 тамыз 2018 ж. 854 0