Апта ақпарат
БҰҰ бастамасымен тойланған халықаралық жастар күні елімізде елеулі мерекеге айналды. Ауданның тоқсан жылдық мерей тойымен ұштасқан шара орталық алаңда ерекше көңіл күй сыйлады. Ауданда тұңғыш рет өткізілген «Жаңақорған Fest» өнер фестивалі өнерлі жастардың басын қосты. Кеш барысында әуелете ән шырқаған караоке сайысы, домбырамен өрбіген халық жауһарлары, қолөнердің ерекше түрінен арнайы шеберлік сағаты мен қызықты ойындар бәсекесі кеш көркін одан әрі қыздыра түсті. Өнер додасында оқ бойы озғандарға номинациялар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Жас кәсіпкер Мұхтар Шаханов жетекшілік ететін «Нұрсәуле» триосы «Жаңақорған дауысы» номинациясымен, спорт бәсекелерінде асығы алшысынан түсіп жүрген Еркебұлан Еркінұлы «Танылмаған талант» номинациясымен, «Мәнерлі өнер» номинациясы бойынша «Сымбат өнер мектебі», қызықты ойындарға қатысып шаршы топта өзін дәлелдей білген Аружан Әбдіәшім «Топжарған» номинациясымен марапатталды. Қызыққа толы мерекелік шараның қорытындысы әсем әнге жалғасты.
Әліби Көшербаев.
Қызылорда облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Қуантқанұлы арнайы іс-сапармен Жаңақорған ауданында болып, аудан жастарының тыныс-тіршілігімен танысып, олардың ұсынысын тыңдады. Аудан жастары ерекше ықылас танытқан, облыс бойынша тапсырылуы мен тіркелуінен көш бастап тұрған Zhas project жобасы жайлы көкейде жүрген сауалдарға жауап алды.
Келелі басқосуда Жаңақорған ауданы мен Манап Көкеновтің 90 жылдығы және «Жаңақорған тынысы» газетінің 85 жылдығына орай Жаңақорған жастар ресурстық орталығының әлеуметтік тапсырысы аясында «Арман асуы» қоғамдық қоры ұйымдастырған жазба ақындар мүшәйрасының қорытынды марапаттау рәсімі өтті. Жеңімпаз атанған жас өрен №167 мектеп оқушысы Аружан Шаназар өзінің тамаша жыр жолдарын тарту етті. Шараға Жаңақорған жастар ресурстық орталығы мамандары, ауданның белсенді жастары, қоғамдық ұйым өкілдері, мәслихат депутаттары қатысқан болатын.
Әкімбек Әлібек.
ҚССР білім беру ісінің үздігі Өтегенов Қасым Өтегенұлының 70 жылдығына орай, Жалағаш ауданы, Жаңадария ауылдық клуб үйінде «Қалдырған ізің мәңгілік»- атты облыстық жас әншілер байқауы өтті. Шараға өнер майталмандары мен тәлімгердің қызметтес-әріптестері көптеп жиналды. Клуб үйінің директоры Рүстембек Көшеров Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында тұңғыш рет мәдени-рухани шара өткізіп отырғанын сөз ете келе, шараны жыл сайын өткізуді қолдайтынын айтты.
Тәлімгердің қызмет еткен қарашаңырағы №203 орта мектебінің алдында өрбіген байқауға облыстан 14 әнші бақ сынасты. Тартысты және жоғарғы деңгейде өткен байқауға Жаңақорған ауданы атынан Бесарық бекетінің дарынды өнер иесі Мадина Ералиева қатысты. «Шын талантқа тұсау жоқ» дегендей Мадина Ералиева аздап науқастанып қалғанымен өз әншілік қабілетін көрсете білді. Талай өнер оқу орындарында тәжірибе жинақтап, кәсіби әншілерден өнер сабағын алып жүрген жерлесіміз өз дәрежесін төмендетпей жүлделі үшінші орынға ие болды. Бас жүлде Қызылорда қаласының әншісің қанжығасында кетті.Байқауға дайындаған ұстазы Жәнібек Сыздықов: «Мәдина Ералиева – ауданның бетке ұстар талантты тұлғасы. Біз Мәдинамен мақтанамыз, оның өнерін қолдаймыз!» – деді. Шын таланттымен топ жаратын жалынды жастардың қатары көбейе бергей!
Талап Тотаев.
Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында №2 кенттік кітапхананың ұйымдастыруымен саябақта «СПИД - ХХІ ғасыр індеті тақырыбында ақпарат сағаты өткізілді. Аталған тақырыпта көпшілік оқырмандарға түсіндірме жұмысы жүргізіліп, АИТВ/ЖИТС туралы кең ақпарат айтылды. Шараға психоәлеуметтік кеңес беру кабинетінің маманы Ақлима Омарова қатысып, жұқпалы аурудың алдын алу шарасын түсіндірді. Ол: «Ғасыр індеті біздің ауданға да жетті. Ауданда осы дертке шалдыққан 8 науқас тіркелген. Бұл тізімдегі науқастар біздің тарапымыздан өте қатаң бақылауда болады. Ауруды емдейтін ешбір дәрі жоқ. Дегенмен адамдармен қарым-қатынас жасағанда өте сақ болған жөн. Егер адам өзінен күдіктенсе, тез арада анализ жасату қажет» – деді.
Жұқпалы дерт сөйлескенде, амандасқанда жұқпайды. Ол тек қан немесе сұйықтық арқылы жұғады. Бұрын нокомандар арасында жұғу қаупі жиілесе, бүгінде сау адамдар арасында өте көп кездесуде. Қоғам үшін қауіп тудырған вируске ел болып қарсы тұру қажет-ақ.
Ғалия Машрапова.