Жастар мерекесі - Жаңақорған төрінде
12 шілде - Халықаралық жастар күні. Тарихқа көз жүгіртсек, бұл күнді БҰҰ Бас Ассамблеясы жастар ісі бойынша министрлердің 1998 жылы 8-12 тамызда Лиссабон қаласында өткен Бүкіл әлемдік конференциясының ұсынысы бойынша бекіткен болатын.
Ал жаңақорғандық жастар да бұл мерейтойды ерекше көңіл-күймен қарсы алды. Орталық алаңда алғаш рет өткен "Жаңақорған Fest" өнер фестивалі өнерлі жастардың басын қосты. Кеш барысында аудан жастары өз өнерлерін ортаға салып, аудан тұрғындары мен қонақтарына паш етті. Сонымен бірге әуелете ән шырқаған караоке сайысы, домбырамен өрбіген халық жауһарлары, қолөнердің ерекше түрінен арнайы шеберлік сағаты және қызықты ойындар бәсекесі кеш көркін одан әрі қыздыра түсті. Өнер додасында көрсетілген өнерлердің бағасы ретінде арнайы номинациялар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жаңақорғандық жас кәсіпкер Мұхтар Шаханов жетекшілік ететін "Нұрсәуле" триосы "Жаңақорған дауысы" номинациясымен, спорт бәсекелерінде асығы алшысынан түсіп жүрген Еркебұлан Еркінұлы "Танылмаған талант" номинациясымен, "Мәнерлі өнер" номинациясы бойынша "Сымбат өнер мектебі", қызықты ойындарға қатысып шаршы топта өзін дәлелдей білген Аружан Әбдіәшім "Топжарған" номинациясымен марапатталды. Қызыққа толы мерекелік шараның қорытындысы әсем әнге жалғасты.
Пікір 2