ОТБАСЫ ҚҰҚЫҒЫ, АЖЫРАСУ АЛАҢДАТЫП ОТЫР
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары өңірімізде ажырасу деректерінің кең етек жайып жатқаны белгілі. Бұл мәселе қазіргі қазақ қоғамының тағы бір дертіне айналды. Онсызда асыраушысынан айрылып, жартылай жетімдіктің тауқыметін тартып келе жатқан ел ертеңінің қатарына тірі жетімдер де қосылуда.
Ал аудандық соттың өндірісінде кей кездері күніне ажырасуға қатысты екі-үш азаматтық іс қаралып жатады. Әрине, оларды судьялар, кәсіби медиаторлар барынша медиация жолымен татуластыруға тырысып келеді.
Айталық аудандық сот табалдырығын аттаған талап қоюшы Б.-ның талап арызы бойынша жауапкер С-мен арадағы некені бұзу туралы азаматтық ісі қаралды.
Іс құжаттарында анықталғандай, олар 2000 жылы заңды түрде некеге тіркелген. Ортақ некеден араларында үш перзент өмірге келген. Бірақ уақыт өте келе ерлі-зайыптылардың мінездері жараспай, шаңырағының шырқы бұзыла бастайды. Шыдамы таусылған талап қоюшы сотқа талап арызбен жүгінген және тараптар араларындағы некелік қатынас 2019 жылдан бастап үзілген.Сот барысында жауапкер С., талап қоюды мойындамай, некені бұзуға қарсылық танытқан.
Сотта тараптарға сот ұйғарымымен татуласу үшін үш ай мерзім белгіленген.
Осы аралықта тараптар сот ұйғарымымен белгіленген үш ай татуласу мерзімінде татуласа алмаған.
Аудандық соттың шешімімен талап қоюшы Б., жауапкер С-ның некені бұзу жайлы талап қоюы қанағаттандырылып, 2000 жылғы 5 шілдеде тіркелген некесі бұзылды және кәмелетке толмаған балалары анасы Б-ның тәрбиесінде қалдырылды.
Ақпарат: Жаңақорған аудандық сотының баспасөз қызметі.