Биткоин дегеніміз не немесе "сары алтын" туралы бірер сөз
Қазіргі заманда әлеуметтік желілерде белсенді әрбір адам "биткойн" немесе биткоин (Bitcoin) деген атаумен міндетті түрде кездеседі. Алғаш оқығанда-ақ оның не екендігіне қызығуы табиғи жай. Себебі оңай түрде ақшаның астында қалуға кім қызықпайды дейсіз... Биткойн сатып алып байып жатқандар да көп. Қарап отырып қызығасың. Бастайын десең ол туралы түк білмейсің. Бастамайын десең түрлі жарнамалар түртпектеп оңай ақшаның жолы туралы айта береді. Бұл "сары алтын" туралы ізденіп, білгенімізді ортаға салуды жөн көріп отырмыз. Сіз де біле жүріңіз оқырман.
Қаржылық сауаттылық дамыған заманда бәрімізге де артық етпейді. Биткойн деген не? Биткойн – санды алтын. Өмірде алтын қандай болса, бұл соның баламасы, электронды нұсқасы. Өмірде алтынға ие болу қандай қиын болса, биткойн қазып (майнинг) алу да соншалықты ауыр. Алтын материалдық болып қолға ұсталатын зат болса, биткойн күрделі алгоритмдерден тұратын санды актив саналады. Оны басқаша криптовалюта (cryptocurrency) деп те атайды. Себебі ол криптографиялық (кодтау) өнім. Биткойнды Сатоши Накамото атты аноним бағдарламашы немесе ұйым жасап шығарған. Алғашқы биткойнды қазып алу 2009 жылы 3 қаңтарда жүзеге асырылған. Сатоши кейін бағдарламаның базалық кодын өзіне ұқсаған криптопанк бағдарламашыларға "open-source" (бағдарламаға өзгертірулер енгізу мүмкіндігін беру) есебінде электронды пошта арқылы таратып жіберген. Барлық жұмысты бастап алып Сатошидің өзі ізім-ғайым жоғалады. Әлі күнге дейін бұл лақап астында кім жұмыс істегенін ешкім білмейді. Биткойнның қағаз ақшадан қандай айырмашылығы бар? Биткойнның ақшадан айырмашылығы оның материалдық жағында. Кез келген ақша бұл – қарапайым ғана қағаз. Біз осы қағазға өз еңбегімізді, материалдық байлығымызды айырбастағанымыз үшін ғана ол қымбат саналады. Бұл біз үшін таңғаларлық жағдай емес. Ғасырлар бойы қалыптасқан үрдіс. Енді ойланып көріңіз болашақта әр бұрышта ЭЕМ (электр есептеу машинасы) қаптап тұратын заманда неге ақшаны да электрондық ақшаға немесе сандық нұсқаға айналдыруға болмайды?! Кітаптың электронды нұсқасын оқып жатырмыз. Ол ешкімге таңсық емес. Кітапқұмарлардың қолында бір-бір гаджет. Оның ішінде бір кітапханаға жүк болатын кітап бар. Қуаты 30 күнге жетеді. Қолайлы ма? Тек, кітап иісінен айрылып қалудан қорықпайтын болсаңыз, әрине, ыңғайлы. Осыдан 30 жыл бұрын бір адам әлемнің о шетінен бұ шетіне ақпараттарды жарық жылдамдығында жеткізе алуды миына сыйдыра алмағаны сияқты біз де 10 жылдан соң техника жетістіктері қандай болатынын білмейміз. Криптовалюта жасаушылардың алғашқы мотивтері осы сынды болған. Криптовалютаны банк есепшотындағы ақшамен шатастырмаңыз. Олардың айырмашылығы неде? Қазіргі күнде банк карточкалары арқылы көп сауда орындарында зат сатып алып, төлем жасай береміз. Бұлар да электронды ақша емес пе деген пікір тууы табиғи жайт. Бұл да бір жағынан электронды ақша деуге келеді. Ол банктік есепшотыңыздағы ақшалар ғана. Сіз үйден шықпай-ақ таңдаған адамыңызға 10 мың немесе 100 мың теңгені есепшотына аудара салдыңыз. Бұл қиын емес. Сіз тек, арақашықтықтан тұрып банкке осындай бұйрық берген боласыз. Есеп шотыңызда сіз аударуға жететін ақша болса ғана бұйрығыңыз орындалады. Ал, сіз біреуге 10 мың биткойн беретін болсаңыз құдды "ShareIT" немесе "Bluetooth" арқылы файл жіберегендей боласыз. Ортада банк сияқты ешқандай делдал болмайды. Бұл жерде өзара алмасу, "piring" тәсілінде алмасу жүзеге асырылады. Оны торрент пайдаланатындар жақсы түсінеді. Биткойн қалай кең таралып кетті? 1. Бойкот. Американың зиялы өкілдері өз мемлекетінің бірқатар елдерге соғыс ашып, көптеген адамдардың өліміне себепкер болып жатқандығына қынжылады. АҚШ мұндай соғысты сол америкалықтардың салығының арқасында қаржыландырып отыр. Мұны америкалық зиялы қауым жақсы біледі. Осы себепті оларға биткойнның орталықтанбағандығы ұнайды. Биткойн арқылы қаржы аудармаларын бақылау әзірге мүмкін емес. Бұл болса ауқатты адамдардың салықтан қашуының өте жақсы тәсілі болып отыр. 2. Орталықтанбау. 2008 жылы әлемдегі қаржылық дағдарыс өте көп адамның үйсіз, жұмыссыз қалуына себепкер болды. Ипотека арқылы бір-біріне шынжырдай байланған банктердегі қаржылық ойындары бүкіл банктердегі глобал ойынға айналды. Бұл биткойнды жасаушыларға өз тауарларын ауқымдастырудың өте қолайлы уақыты еді. Банктерсіз төлеу! Керемет пе? Қала берді дағдарыстан құтылудың жолы есебінен АҚШ тонналап доллар басып шығарды. Белгілі бір адамдар ойынының арқасында көптеген мемлекеттер зардап шекті. Міне, осындай адамдар қайырсыз банктерден шаршаған кезде "супермен" сынды биткойн халық арасына кең таралды. 3. Еркіндік. Адамзат жаралғалы адамдар еркіндікті сүйеді. Өзін біреу бақылап отырғанын қаламайды. Биткойн, міне, осындай құпиялықты ұсынады. Криптовалюта "blockchain"-де жазылғанымен оны кім өткізіп жатқаны сырлы күйінде қала береді. Бұл жағдай 2011 жылы Америкада "Silk Road" (Жібек жолы) атты сайттың дамып кетуіне себепкер болған. Сайт арқылы кез келген адам есірткі заттарын биткойн төлеп ала берген. Сайт клиенттерін құпия ұстағаны себепті ол жерде түрлі сауда-саттық қураған шөпке тиген оттай қаулап кеткен. 4. Пайда көру. Биткойн бағасының тұрақсыздығы, пайда табу мақсатымен оған ақша салушы инвесторлардың көбеюі оның нарқын аспандатып жіберді. Бұрын биткойн ойыны Германиядағы "хипстерлер" сияқты жиналатын барларда өтетін болса, кейін көп сауда орындары мен компаниялар бұл электрон алтындарды мойындай бастады. Биткойн саудасына түрлі компаниялар, банктер, биржалар араласа бастады. Ақша салып оны көбейтемін деушілер әр бұрыштан табылып жатыр. Биткойн қаржы пирамидасы ма? Биткойнды қаржы пирамидасы деушілер қателеседі. Бұл қарапайым талап пен ұсыныс заңымен жұмыс істейтін биржа ойыны. Бүгін биткойнға талап жоғары ма, демек ол қымбаттайды. Ертең ол туралы түрлі өсек таралып биткойншылардың сенімі азайса, қорыққанынан жаппай сата бастайды, демек арзандайды. Мысалы сіз 10 миллион теңгеге биткойн сатып алдыңыз дейік, бірер күннен соң баға түсіп ол 1 миллион теңгеге айналып қалуы мүмкін. Сіз алдандыңыз ба? Әлбетте, жоқ!!! Күтіңіз. Сабыр түбі – сары биткойн! Басыңызды істетсеңіз 1 миллионды қайтадан 100 миллионға айналдыра аласыз. Нарық түссе тағы дымсыз қаласыз. Жалпы, айтқанда бұл биржалық ойынға қадам бассаңыз ар жағы – тәуекел, тәуекел және тәуекел.
Дереккөз: мassaget.kz