№78 (8789) 1

01 қазан 2024 ж.

№77 (8788) 28

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (8787) 24

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » АДАМ ЖАНЫНЫҢ ЖАНАШЫРЫ

АДАМ ЖАНЫНЫҢ ЖАНАШЫРЫ


Жаңадан бой көтерген аудандық емханада кісі қарасы көп екен. Анықтамадан діттеген жеріміздің қайда орналасқанын біліп, солай қарай бет алдық. Тіс дәрігерінің алдында кезекте тұрғандардан рұқсат сұрап, ішке ендік. Бибігүл Амантайқызы жылап тұрған алты жас шамасындағы балғынға ауыртпай емдейтінін айтып, психологиялық тұрғыда дайындап жатты. Осыдан-ақ, дәрігердің өз ісінің нақ маманы екенін аңғардық. Бастысы, жылап кірген бала күлімдеп шықты...
Иә, адам баласының ең асыл құндылығы денінің саулығы, жанының амандығы екені рас. Алайда, адам жанын уақытылы қадағалап, оның ауруға шалдығуының алдын алу дәрігерлердің міндетіне жүктелген үлкен жауапкершілік екені тағы бар. Осы тұста, аудан тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын дәрігердің өмір жолына тоқтала кетсек.
Бибігүл Матешова Алматы облысының тумасы. 1992 жылы С.Асфендияров атындағы медициналық институтты «стоматология» саласы бойынша бітірген. Алғашқы еңбек жолын Қызылорда облыстық стоматологиясында бастап, білікті мамандардың ортасында тәжірибе алмасып, шыңдалады. Одан кейін Жаңақорған аудандық емханасына ауысып, содан бері жиырма алты жыл медицина саласында абыройлы қызмет етіп келеді.
– Дәрігерлік үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында айтқандай, медицинаны аурудың алдын алуға бағыттап, халыққа әр алты ай сайын уақытылы тексерістен өтудің маңыздылығын түсіндіріп жатырмыз. Әсіресе, ана мен бала денсаулығы басты назарда. Күніне міндетті түрде 10-15 минут жүкті әйелдерге кеңес беріп, ағзаға керекті дәрумендер тізімін ұсынып отырамыз, – дейді тіс дәрігері.
Бір күнде кемінде 50-60 науқасқа дейін қабылдап, сапалы қызметін ұсынатын дәрігер біліктілігін арттыру мақсатында әрдайым ізденіс үстінде жүреді. Ол жыл сайын бірнеше оқуға барып, стоматология саласына келген жаңалықтар мен жаңа аппараттардың тілін меңгеріп отырады. Мәселен, осыған дейін жалпы стоматологияны, балалар стоматологиясын, хирургиялық стоматологияны оқып, әр елдің мамандарымен тәжірибе алмасқан.
– Біз бес жыл сайын міндетті түрде деңгей көтеру мақсатында оқуға барып отырамыз. Әр оқу 286 сағаттан тұрады. Оқу барысында медицина саласында болып жатқан жаңа өзгерістерді игереміз. Тәжірибе алмасу дәрігерлер үшін өте маңызды. Өткен жылы Алматыда Германия, Корея мен Қытайдың білікті мамандарымен тәжірибе алмастым. Сондай-ақ, Қытайда екі апта болып, ол жақтың медицинасындағы артықшылықтарды көріп, өзіме қажеттіні алып қайттым. Жалпы, дәрігерлерге қанша ізденсе де артықтық етпейді. Өйткені, адам жанына араша түсу білімділік пен біліктілікті талап етеді, – дейді ол.
Дәрігердің айтуынша, бүгінгі денсаулық сақтау саласы аурудың алдын алу бағытында жұмыстар атқарып жатыр. Әсіресе, ауданның бас дәрігері Сәулебек Ысқақов осы мақсатта тапсырмалар беріп, орталық емханаға білікті дәрігерлердің басын қосып, арнайы жиындар өткізіп отырады екен.
Стоматологтың сөзінше, ақпарат заманындағы жаңа технологияның арқасында тіс емдеу барысындағы бұрынғы ауырсынулар жойылған. Соның нәтижесінде тұрғындар дәрігер алдындағы үрейден арылып, сапалы ем алып, уақытылы тексерілуден өтіп жүр.

P.S.: Бибігүл Амантайқызымен дидарласу барысында дәрігердің үнемі білімін жетілдіріп, уақыт ағымына сай біліктілікті арттырып отырса кәсіби маман ретінде сыйлы болатынын көрдік...

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
03 ақпан 2018 ж. 1 972 0