№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Өрт сөндіруші – мәртебелі мамандық

Өрт сөндіруші – мәртебелі мамандық


Оранған отқа, қарғын суға түсіп, бастарын бәйгеге тігіп адам өміріне араша болуда алғашқы көмек көрсететін құтқарушылардың әрбір еңбегі ерлікпен пара-пар. Өз кәсібін абыройлы да жауапты мамандық деп санайтын Асылжан Рахматуллаұлы осындай қауіпке толы мамандықты таңдағанына еш өкінбейді.


Жиырма бес жастағы жалынды жас аудан орталығындағы №110 мектепті бітірген соң Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Оқу орнын көлік және құрылыс факультеті бойынша қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздік негіздері мамандығы бойынша бітіріп шығады. 2017-2018 жыл аралығында Жамбыл облысы Қордай ауданындағы №2038 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтейді. Әскерден келгеннен кейін құтқарушы қызметкері болуды армандаған кейіпкеріміз осы салаға байланысты түрлі конкурстан өтеді. Осылайша жетпіс үміткердің ішінде елуден аса жігіттің арманы орындалады. Олардың қатарында Асылжан да болады. Арнайы жолдама бойынша Арал қаласындағы №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне жұмысқа қабылданады. Тәжірибе жинақтайды, мамандар кеңесіне құлақ түріп, өз ісінің шебері атанады. Осы уақыттан бастап қызыл жалынмен бетпе-бет келіп, талай жанның құтқарушысы атанады. Арада екі жылға жуық уақыт өткенде кіндік қаны тамған жері Жаңақорғанға жұмыс бабымен ауысып келеді.
Жиырма төрт сағат бойы кез келген апатты жағдайдың алдын алуға, төтенше жағдай орын алған жерге белгіленген межеде жетіп, қауіп деңгейіне қарамастан күресетін құтқарушылардың жұмысы қандай құрметке болсын лайық. Бұл мамандық ерік-жігері әлсіз адамды құп көрмейді. Керісінше, тез шешім қабылдап, батыл да батыр, жауапты да ұқыпты болуды талап етеді. Сондықтан жұмыс барысында қайсар мінезің мен мұқалмас қайратыңа сенімді болуың керек. Ал мұны адамзат баласына көмектесуді қызметтік міндет емес, жүрек қалауы деп білетін Асылжан жақсы түсінеді.
– Құтқару қызметінің әр күні қатерге толы. Соған қарамастан жұмысым өзіме қатты ұнайды. Кейде шақыртулар түскен кезде бойды үрей билейтіні рас. Алайда біздің салада қорқақтыққа орын жоқ. Әр күн сайын үйде ата-анам мен жұбайым амандығымды тілеп отырады. Солардың батасы да күш сыйлайтын болуы керек, өзіме сенімді түрде қызметіме кірісемін. Ең бастысы орын алған жағдайға қай уақыт, қандай жерде болмасын сақадай сай дайын тұру азаматтық борышымыз екенін ұмытпаймыз, – дейді жас құтқарушы.
Құтқару қызметінде жүріп өз өмірін өлімге тіккен арда азаматтарға осындайда таңданысыңды тіпті жасыра алмайсың. Әңгіме барысында әлемдегі ең күрделі кәсіптің тізгінін ұстаған кейіпкеріміз жылжымалы баспалдаққа өрмелеп, газтұтқышты қолданып, қою түтін арасында қозғалу, жүгіру, секіру, ауыр заттарды бір жерден екінші жерге көтеріп қоюды былай қойғанда салмағы 40-50 келі тартатын шланганың өзін ұстап жүру кейде қиынға соғып жататынын да жасырмады. Осы ретте өрт сөндіруші мамандығының жауапкершілігін толықтай түсінген Асылжанның өз ісінің майталманы болуды қалайтынын түсіндік. Тіпті адам қауіпсіздігі үшін атқаратын қызметін күнделікті жұмысы деп қабылдайтын оның бойынан ерік-жігері есіп тұрғанын байқау әсте қиын болмады.
– Асылжанның біздің ұжымға келгеніне 6-7 айдың көлемі болды. Соған қарамастан біліктілігімен, жауап­кершілігімен өзгелерден ерекше­ле­ніп тұрады. Жас болса да сындарлы сәтте сыр бермейтін Асылжан секілді қызметкерлермен әріптес болу мен үшін үлкен мақтаныш, – дейді №14 өрт сөндіру бөлімінің басшысы Берікбай Әбдімәжитұлы.
Сондай-ақ кейіпкерімізден есінде қалған оқыс оқиға туралы сұра­ғанымызда, жұмыс барысында ондай жағдай көптеп орын алатынын, есінде қала бермейтінін айтты. Дегенмен, дүйім Қазақстанды дүр сілкіндірген Мақтаралдағы су тасқыны кезінде тұрғындарды эвакуациялау барысында атқарған жұмысын есіне алды. Сол күннен бастап адам өміріне жауапты маман ретінде өмірін қатерге тігетін құтқарушылар қызметінің қызығынан қиындығы басымырақ екенін түсінгенін тілге тиек етті. Көрсеткен ерлігі үшін Түркістан облыстық департаменті бас­шысының «Алғыс хатымен» де марапатталыпты. Сондықтан осындай азаматтарымыздың ерлігі мен кәсібін өскелең ұрпаққа насихаттауды да ұмыт қалдырмауымыз керек. Бұл бірінші кезекте құтқарушыларымызға деген құрмет болса, екіншіден келешекте құтқарушы боламын деген азаматтың ниетін оятары анық.

Лаура БИБАСАРОВА
24 сәуір 2021 ж. 931 0