Індетпен күрес ортақ міндет
Бүгінде жемқорлықпен күрес негізгі мәселелердің біріне айналды. Елдің экономикалық жағынан да, әлеуметтік жағынан да дамуына үлкен кедергі болып тұрған індетті жою шаралары қатаң бақылауда. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін таныс сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат, пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті індет десек артық айтқандық болмас. Ең сорақысы, осы келеңсіз құбылыстың ұрпақ тәрбиесіне зиян әкелетіні бәрімізді алаңдатады. Бұл мәселеге тереңірек үңілетін болсақ, сыбайлас жемқорлық ел болашағына, ұлттық қауіпсіздікке үлкен зиянын тигізеді. Яғни, бұл індетпен күресу барша халықтың алдында тұрған ортақ мәселе.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір халыққа Жолдауында бұл дертпен күресті күшейтуді тапсырып келеді. Оның ішінде құқықтық сауаттылықты арттыруды нысанаға ала отырып, әрбір азаматтың заңды жетік білуіне пәрмен берді. Бұл ретте, сыбайлас жемқорлықтың көріністерін азайту мақсатында басты бағдарламалық құжат болып табылатын Қазақстанның 2015-2025 жылдарға арналған стратегиялық бағдарламасы негіз деуге болады.
Мемлекет пен қоғамның бірлігі және өзара сенімділігі ғана сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға мүмкіндік береді. Өз елінің болашағына алаңдайтын, қоғам алдындағы жауапкершілігін түсінетін, Қазақстан Республикасының әрбір азаматы бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін сезінуі керек.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті көрсететін құндылықтар жүйесін сақтау және нығайту бойынша өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын қызметі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру білім беру, ақпараттық және ұйымдастырушылық сипаттағы шаралар кешені арқылы жүзеге асырылады. Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі таралмауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа қарсы тұруға болады.
Есіңізде болсын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жұрт болып жұмыла қарсы тұрсақ және оның қатерлігін кеңінен насихаттасақ, жемқорлықты жеңуге септігін тигізер еді. Әлбетте, бірлесіп жасалатын бұл қылмысқа тосқауыл болуымыз керек-ақ. Өркениетті алға жетелейтін бағытты ұстанып, артқа тартатын келеңсіздіктен сақтанып, жаман дертті төске шығармай, ауыздықтай алғанда болашаққа нық сеніммен қадам баса аламыз.
Ұлзира Мұхитдинқызы,
аудандық Қазынашылық басқармасы
бас маман-бас қазынашы